Талдықорған облыстық перзентханасындағы №10-11 учаскеде 40 ана дауыс беруге тіркелген.
Жергілікті уақытпен сағат 11:30-да мекемеге жылжымалы сайлау учаскесі келді. Бірінші болып Назира Рашитова дауыс берді. Ол осы перзентханада бесінші сәбиін дүниеге алып келмекші. Сондай-ақ, осы күні перзентханада сәби сүйген аналар да бар.
«Мен бүгін дәрігерлердің көмегімен екінші баламды дүниеге алып келдім. Елімізде отандастарым тарихи таңдауын жасайтын ең елеулі күні өмірге келген баламның болашағы жарқын боларына сенемін», – дейді Талшын Шаймолданова.
Ал, перзентхана дәрігері Жадыра Есбосинова Референдум қарсанында дүние есігін ашқан сәбилердің денсаулығы жақсы екенін айтты.
«Бүгін, 5 маусымда сағат 00.00-ден 11:00-ге дейін Талдықорған перинитарлық орталықта 13 нәресте дүниеге келді. Өмірге келген сәбидің үшеуі – қыз. Олардың саулығы назарымызда», – деді дәрігер акушер-гинеколог.
Айта кетейік, облыста1053 референдум учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр. Ал, ауруханалар, уақытша қамау орындары мен әскери бөлімшелерде 50 жабық учаске ашылған.