Барлығымыз асыға күткен күн де таяды. Таң бозымен таласа Алакөл жұрты ертеңге деген сенімнің арқасында сайлау учаскелеріне көптеп жиналуда. Халықтың қалауы біреу. Ол – өзгеріс пен жаңа Қазақстанды құру.
Шекаралы аймақта барлығы 54 сайлау учаскесі бар. Аудан халқының 44 879 тұрғыны дауыс беру құқына ие.
Барлық жерде дайындық жоғары екендігі байқалады. Таңғы жетіде басталған науқан ойдағыдай жалғасып, әзірге ешқандай заң бұзушылықтар мен олқылықтар орын алмады. Бұл бақылаушылар мен сайлау комиссиясы мүшелерінің ыждағатты қызметінің арқасында деп білеміз.
Бір айта кетерлігі айдынды ауданда сайлауға алғашқы болып келген және жасы 18-ге толып, өмірінде бірінші мәрте дауыс берген азаматтарға арнайы сый-сияпаттар да берілуде. Сыйлыққа ие болғандардың бірі Достық ауылының тұрғыны Аида Аманова болды. 18 жастың шыңына енді ғана аяқ басқан бойжеткен еліміздің кемел келешегі үшін өзінің дауысын берді.
«Мені жастардың ертеңге деген сенімі жетелейді. Бүгін мемлекетіміздің болашағы үшін өзімнің таңдауымды жасауға келдім. Біз жастар бұндай аса маңызды науқанда шет қалмауымыз керек. Елдің келешегі біздің қолымызда болғандықтан, өзіміздің әр қадамымызды бүгіннен қалау қажетпіз»,- дейді Аида.
Үшарал қаласында өзінің әулет мүшелерін толықтай ертіп келген Тезекбай Садиев ақсақал да дауыс берді. Садиевтер жанұясының үлкені, сексен жастың сеңгір биігіне шыққан қария бұл ісімен көпке үлгі деп білеміз. Иегіндегі сақалы мен иығындағы шапанының салмағына қарамастан, соңынан ерген ұрпақтарына жол көрсеткен ақсақал: «Мен референдумге екінші мәрте қатысудамын. Дүйім бұқараның ойын зерделеп, пікірін таразылаған бұндай науқан сонау 1995 жылдары өтіп еді. Содан бері көптеген дүние өзгерді. Ол кезде елуден енді асқан кезім еді. Еліміз үшін маңызды шешім қабылдауға барып, өз таңдауымды жасаған едім. Енді міне, бала-шағамды ертіп араға 27 жыл салып, кезекті референдумға да келдім. Алда бізді көптеген өзгерістер мен тың жаңалықтар күтіп тұр деген сенімдемін», – дейді Тезекбай ақсақал.
Айта кетейік, аудандағы №46 учаскеде екі сағатта 600-ден астам адам дауыс берген. Жалпылай алғанда Алакөл ауданындағы жағдай көңілге қонымды. Сайлау учаскілерінде азаннан ән қойылып, халықтың көңілін аулауға тырысуда.