Ауыз судың жайы шешімін табады
Ауданымыздағы бірқатар округтерге тән ауыз су тапшылығы Ұмтыл округін де айналып өтпеген еді. Осы мәселені шешу мақсатында «Қаскелең су топтамасы» жобасы іске асырылып жатыр. Екі жыл бұрын жұмысын бастаған су топтамасының арқасында бүгінде бірқатар округтерде бұл мәселе шешілген еді. Енді, міне, жоспарға сай аталған су топтамасына Ұмтыл округінің Алмалыбақ, Жалпақсай, Көлді және Мерей ауылдары да қосылып, 2023 жылға дейін толықтай сумен қамтамасыз етілетін болады.
Мектеп мәселесі
Ұмтылдықтарды мазалаған тағы бір жай – ол мектептің жетіспеушілігі. Бұл мәселе де биыл өз шешімін таппақ. Округ әкімінің айтуынша, осы мақсатта округте осы уақыта дейін бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы Макаренко атындағы орта мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл Алмалыбақ ауылындағы мектепке жапсаржай тұрғызылады. Мұнан бөлек тағы бір жаңа мектеп салу үшін бүгінде жер іздестірілуде.
Жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда
Жолдардың жөндеу жұмыстарына келетін болсақ, округ әкімінің айтуынша, барлық көшелер жоспарға сай кезен кезеңімен ретке келтірілуде. Мәселен, биыл Жалпақсай ауылындағы Т.Тегіс, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Тілеміс және Алмалыбақтағы Бәсібеков көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Бұған қоса жиында кейбір көшелерде жарықтандыру жүйелерін заманауи LED шамдарына ауыстыру мен жаяу жүргіншілер жолағының қажеттілігі сияқты тағы да басқа мәселелер көтерілген болатын. Оларды шешу үшін аудан әкімі өзінің орынбасары Айдын Әуесбайұлына аудандық бюджеттен ақша бөлінуін қадағалап, оның дұрыс игерілуін бақылауда ұстауды тапсырды.
Төрт «Work Out» алаңы ашылады
2020 жылы өткен есептік кездесуде тұрғындар тарапынан округте демалыс орындарының жетіспеушілігі жайында да шағымдар айтылған болатын. Тұрғындардың бұл тілегін ескерген округ әкімі биыл Алмалыбақ, Көлді, Мерей және Жалпақсай ауылдарында «Work Out» орталықтары ашылатындығын мәлімдеді. Сонымен қатар, Алмалыбақ ауылындағы саябақтың мемлекеттік актісі дайындалып, инвесторлар тарту арқылы биыл ол заман талаптарына сай жаңартылатын болады.
Мұнан бөлек, аудан әкімі Ришат Сергейұлына Жалпақсай ауылындағы жекеменшікке өтіп, біраз уақыт жұмыс істемей тұрған Мәдениет үйінің ғимаратын оның қазіргі иесімен келіссөз жүргізіп, нысанды мемлекет қорына қайтаруды тапсырды.
Басқа да істер
Жоғарыда айтылғандардан бөлек жиында балаларды қорқытып, көшелерде жүрген көптеген қаңғыбас иттер мен қоқыс мәселесі жайлы да сөз қозғалды. Ришат Сергейұлының айтуынша, қаңғыбас иттерді ұстайтын мекеме біраз жұмыс жүргізіп жатқандығын, ал, қоқыс мәселесін жөнге келтіру бойынша тазарту мекемелерімен бүгінде келісім жасалып жатқандығын жеткізді.
Есептік кездесудің қорытындысын шығарған Жандарбек Ермекұлы жоғарыда айтылған және тағы да басқа көтерілген мәселенің бәрі бақылауға алынып, өз уақытында шешілетіндігін айтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.