Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына бүгін Жолдау жариялағаны белгілі. Жұрт күткен Мемлекет басшысының мәлімдемесі саяси реформалардың бағдарламасы мен «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы басты бағыттармен байланысты болды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы талай мәселенің басын қайырып, қаңтар оқиғасының негізгі салдарына да тоқталды. Елді елең еткізген ұсыныстарды да айтты. Мәселен, әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға тиым салу керектігін түсіндірді. Бұл бастаманы мен де қолдаймын. Бәлкім, осылайша өңір басшыларының халыққа жақындығы артады деген ойдамын.
Президент өз Жолдауында Алматы агломерациясына қатысты түйіткелдердің көптігіне де тоқталды. Оларды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды. Яғни, алдағы уақытта Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Сәйкесінше олардың орталықтары – Талдықорған мен Қапшағай қалалары болады. Өте ауқымды өңірдің бұлай бөлінгені талай мәселенің аз уақытта шешілуіне ықпал етеді деп ойлаймын.
Сайып келгенде, Президенттің айтқан барлық бастамалары «Жаңа Қазақстанды» құрып, оны өркендету жолындағы басты міндеттер деп білемін. Сондықтан Мемлекет басшысының барлық ісіне ел болып, қолдау білдіруіміз қажет.
Рүстембек БАКИРОВ,
С.Жандосов атындағы кәсіптік-техникалық колледжінің директоры