Еліміздің болашағы жастар екендігі баршамызға аян. Ал Мемлекет басшысы жастарымызға жан-жақты қолдау көрсетуді мемлекеттің басты міндетінің бірі етіп қойды. Өзінің қыркүйек айында жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты соңғы Жолдауында да Президент еліміздің жастарының әл-ауқаты мен тұрмыс-табысын өсіру мақсатында біршама ұсыныстар білдірді. Бұл өзгерістерді жастар қалай қабылдады және олар бұл туралы не ойлайды? Аптаның бейсенбісі күні Шамалған ауылдық округінде орналасқан Атамекен музейінде ауданымыздың ақпараттық-түсіндіру тобы өткізген жиында қарасайлық жастар аталған мәселелерді кеңінен талқылап, пікір алмасты.
Кездесу барысында ауданымыздың мәслихат депутаттары жиналған Көпсалалы кәсіптік оқыту колледжінің студенттеріне Мемлекет басшысы жастарға көп үміт артып отырғанын, әділетті қоғам құруда жас буынның рөлі үлкен екенін жеткізді.
– Қазір жоғары оқу орнын аяқтаған жас түлектерді жұмысқа орналасу мәселесі алаңдататыны рас. Жастарға жан-жақты қолдау мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі екенін айтқан Президентіміз, келесі жылы 100 мың жастың жұмыспен қамтылатынын жеткізді. Сондай-ақ, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында оларға жеңілдетілген тәртіппен 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетінін мәлімдеді. Осы және өзгеде алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың арқасында еліміздегі шағын бизнесте жастардың тың бастамалары жаңа деңгейге көтерілетініне нық сенімдімін, – деді ақпараттық топтың мүшесі, аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова.
Жалпы жиын барысында, халық қалаулары жастарды қолдаудың негізгі бағыттары, балаларға қолдау көрсету, кәсіпкерлікті жүйелі қолдауды түсіндіру, медициналық қызметтердің сапасын дамыту, студенттер үшін әлеуметтік жағдайларды дамыту сияқты Мемлекет басшысының сөз еткен көптеген мәселелерін талқылады.