Осы аптаның дүйсенбі мен жұма күндерінің аралығында, ауданымыздың орталығында орналасқан Сулейман Демирель университетінің ғимаратында, «Webex» онлайн платформасы арқылы «Сандық білім берудегі ІТ-Мұғалім» тақырыбында мектеп, колледж, лицей, гимназия мұғалімдеріне арналған семинар-тренинг болды. Еліміздің білім беру жүйесін дамыту үшін мұғалімдерге жаңа заманның талабына сай жаңашыл болу жолдарын үйрету мақсатында өткен семинарды аталмыш жоғарғы оқу орны мен «Өрлеу «БАҰО» АҚ бірлесе ұйымдастырды.
Оқу-әдістемелік орталығының мамандары, Алматы қаласы бойынша Педагогика қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының тренері және Сулейман Демирель университетінің білікті оқытушылары жүргізген жиынға Ақмола,Ақтөбе сияқты және т.б. бес облыстан жалпы саны 70 мұғалім қатысты. Олар мұнда заманауи бағдарламалар мен қосымшалар арқылы жұмыс жасауды үйренді. Семинар-тренинг кибер педагогика, педагогикалық дизайн, мұғалімдердің эмоционалды интеллектісі деген үш бағыт бойынша өтті. Бес күн бойы жалғасқан басқосуда жоғарыда аталған бағыттарды әртүрлі ақпарат құралдары арқылы толыққанды түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Нақтырақ айтқанда, семинарда мұғалімдер қашықтан оқытуға қажетті платформаларды (Wordwall, Padlet, Answergarden, Screencast-O-Matic) үйреніп, тапсырма орындау арқылы ақпараттық сауаттылықтарын арттырды. Оған қоса, олар көптеген ыңғайлы, әрі пайдалы сандық әлем үрдістерімен танысып, өмірлерін жеңілдететін платформаларды қолдануды үйренді. Мысалы, WhatsApp-ты тиімді пайдаланудың жолдары көрсетіліп, презентацияны дұрыс әзірлеу, сондай-ақ, қажетті басқа да сандық дағдылармен танысты. Сонымен қатар, семинар-тренингте мұғалімдер оқушылардың мінез-құлқын дамыту үшін қолданылатын теориялар мен стратегияларға ден қойды. Жалпы айтқанда, аталған жиында мұғалімдер қазіргі заманда, әсіресе, пандемия кезінде барлық мекемелер қолданатын онлайн қосымшалармен тез әрі оңай жұмыс жасауды үйреніп, өз біліктіліктерін арттырды.
Айта кету керек, бұл бес күнге жалғасқан семинар үш кезеңнен тұратын 80 сағаттық семинар-тренинг сериясының алғашқы бөлімі болып табылады. Екінші алдағы жылдың бөлім қаңтар айында ал, соңғы бөлім наурыз айында өтетін болды. Әрбір бөлім аяқталған кезде қатысушыларға тиісті сертификаттар табыс етіледі, сондай-ақ, үш бөлімге толыққанды қатысып, оны сәтті аяқтаған мұғалімдерге «Өрлеу «БАҰО» АҚ мен Сулейман Демирель университетінің атынан жоғарыда аталған бағыттар бойынша қажетті білім алғаны туралы сертификат берілетін болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.