Екі жыл бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді тұрғындарға қайтарып беруді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Бұл өте күрделі мәселе болып тұр. Негізгі себеп – әкімдіктер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы. Қазір мал жаю үшін 29 миллион гектар жер қажет. Соған қарамастан шаруа қожалықтары 33 миллион жерді пайдаланбай отыр. Ауылдық округтердің 80 пайызында жайылымдық жер тапшы», – деген.
Бұл жұмыстардың Жамбыл ауданында қалай жүргізіліп жатқандығын аудан әкімінің орынбасары Ақниет Туматаевтан сұраған едік.
– Жайылымдық жер тапшылығы бүгінгі күнде елімізде өте өзекті болып тұрғаны белгілі. Бұл Жамбыл ауданына да тән. Пайдаланылмай, бос жатқан және заңсыз берілген жерлерді қайтарып алу жұмыстары Президент тапсырмасынан кейін белсенді түрде жүргізілуде. Ортақ жайылым мәселесі ұдайы күн тәртібінде, тұрақты қадағалауда тұр. Жері шұрайлы бұл аудан мал өсіруде Алматы облысы екіге бөлінбей тұрғанның өзінде алдыңғы орында еді, қазір де солай. Атап айтқанда, қой-ешкі мен ірі қара, жылқы санынан бірінші орында болса, түйе өсіруде ғана төртінші орынға табан тіреген. Бізде мал санағы жылына екі рет, 1-15 қаңтарда және 1-15 шілде аралығында өтеді. Жазғы санақ жас төлмен қоса есептеледі. Мал басы жылдан-жылға көбейіп келеді. Былтыр ұсақ мал саны 1 миллион 200 мыңнан асқан. Жалпы қой-ешкі саны бойынша ауданымыз республикада үшінші орынға тұрақтайды, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Алайда мал санының тым көбейіп кетуі табиғатқа, флора мен фаунаға да кері әсерін тигізбей қоймайтынын айтты. Бұрынғы ұжымшар кезінде шаруашылық орталықтандырылып, ауыспалы жайылым белгіленетін. Ал қазір жыл он екі ай бойы бір жерде отырып, мал жаятын шаруа қожалықтары көбейген. Оған жердің жетіспеушілігі мен ары-бері көшудің қиындықтары қолбайлау. Салдарынан ауыл төңірегі тозып, топырақтың құнарсыздануына соқтыруда. Сондықтан бұл мәселе аудан әкімі Нұрлан Ертастың халықпен есептік кездесулерінде жиі көтеріліп келеді. Мал өсіру қолдан келгенімен, жер тиісінше күтіп-бапталмайды. Аудан әкімдігінің болжамы бойынша егер мал басын көбейту осы қарқынмен жүре беретін болса, онда алдағы бес жылда ауданда қой басы 2 миллионға дейін жетуі әбден мүмкін.
Мұндай жағдайда Ақниет Тұрысбекұлы интенсивті түрден экстенсивті түрге ауысу керектігін айтады Ақниет Тұрысбекұлы. Ол дегеніміз, мәселен шағын бордақылау алаңын іске қосып, саннан сапаға көшу. Әрине, атқамінерлер шаруа қожалықтарына барып «малың көбейіп кетті, азайт» деп айта алмайды. Біреудің дәулетіне шектеу қоюға болмайды. Алайда істің тиімді жағына қарай бағыт-бағдар ұсына алады. Бұл туралы қазірдің өзінде халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аудан бойынша үлкенді-кішілі 61 елді мекен бар. Соның 54-іне 42559 гектар ортақ жайылымдық жер белгіленіпті. Оған аудан әкімдігінің тиісті қаулысы шығып, жерге мемлекеттік акт алынған. Ендігі басты мәселе, Қызыләскер, Еспе, Жаңақұрылыс, Ынтымақ, Шолаққарғалы сияқты он шақты елді мекенге жайылымдық жер белгіленбей тұр. Жалпы ауданның ауыл шаруашылық жерлерінің көлемі 1 477 484 гектар, ауыл тұрғындарының ортақ жайылымына қажет жер көлемі 159 105 гектарды құрайды. Бүгінгі күнге осы қажеттіліктің 30 пайызы шешім тапқан. Жерді қайтарып алуда шаруа қожалықтарының да зардап шегетінін әңгімеге арқау еткен әкім орынбасары тығырықтан шығудың бірқатар мәселесі барын, соның бірі – ауыл тұрғындарына малын шектеп ұстау, яғни, жайылымдарда бағылатын малдың 1 гектарға шаққандағы үлесі белгіленген нормативтен аспау қажеттігін түсіндіру екенін айтты.
Оған себеп те жоқ емес. Мысалы Жайсаң ауылының іші кәдімгі мал қора сияқты болып кеткен. Төселген асфальттың беті – малдың қиы. Онда бір ауладан бір отар қой өріп шығатын үйлер бар. Бұл ауылдың тазалық-эпидемиологиялық жағдайына да кері әсер етеді. Тұрғындардың таза ауамен тыныстауына, жайлы өмір сүруіне де залалын тигізетіндігі айтылып жүр. Осындай себеппен елді мекендерде мал ұстаудың шекті нормасын белгілеу қажеттігі аудандық мәслихат депутаттарының назарына ұсынылып отыр.
Аудан әкімінің бастамасымен қолға алынған бұл қанатқақты жоба Ақсеңгір ауылдық округінен бастау алмақ. Жайсаң ауылы осы округке қарайды. Бұл мақсатта ауыл тұрғындарымен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ортақ жайылымның ең көбі де осы Ақсеңгір ауылдық округінің еншісінде, онда 7400 гектар жері бар, соның өзі жеткіліксіз көрінеді. Айта кетсек, Жамбыл ауданында 24 ауылдық округ бар.
«Малы көп дегеннен шығады, былтыр Мыңбаев ауылындағы Қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында асыл тұқымды қошқарлар көрмесін өткізгенбіз. Сонда Балтық елдерінен келген делегация мүшелерінен естігенім, территориясы кішкене ғана Эстонияда 30 мың ғана қой өсіріліп, етін экспортқа шығарады екен. Ал біздегі бір ғана Мәтібұлақ ауылдық округіндегі қой саны 70 мыңға таяп қалды. Осыған қарап біздегі бір округтің малының саны шағын бір мемлекеттің малынан екі есе көп деуге болады», – деген Ақниет Туматаев Айдарлы округіндегі қой саны 55 мыңға жуықтайтынын, ал ондағы тұрғындар саны 1200 адамның төңірегінде ғана екендігін мысалға келтірді. Ортақ жайылымға ауылдың тәбіні бағылады. Алайда, бір қорадан мың бас мал өріп шықса оған ортақ жайылымның тарлық ететіні айтпаса да түсінікті.
Жайылымдық жерді тиімді пайдалану бір жүйеге келтіріліп, проблема түйіні тарқатылған ауылдар жоқ емес. Оған Жамбыл ауылын айтуға болады. Осы ауылдың тұрғындарына былтыр 280, биыл 270 гектар жер ортақ жайылым ретінде белгіленіп берілді. Бүгінде ауылдың тәжірибелі бақташысы Айтжан есімді азамат ортақ жайылым жерін өзі қорып, оған ауыл тәбінін жаяды. Бұл басқа да ауылдарға үлгі боларлық нәтиже. Пайдаланбай жатқан жерді қайтару мәселесі 42 мың гектармен тоқтап қалмайтындығын сөз еткен әкім орынбасары, аудан орталығына жақын орналасқан ауылдардың ортақ жайылымдарын реттеуде қиындық барын жасырмады. Мысалы, Қарасу округінде 4 елді мекен бар болса, әр ауылдың ортақ жайылымының көлемі бар-жоғы 90-100 гектардан аспайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын тыңғылықты орындауда Қарақыстақ ауылдық округінің тұрғындары белсенділік танытуда. Аталған округ әкімінің орынбасары Әлібек Жекеннің айтуынша, биылғы ақпан-наурыз айларында осы округке қарасты Үшбұлақ ауылында шаруа қожалықтарынан 93 гектар жер қайтарылып, заңдастырылды. Сондай-ақ, Бұрған ауылындағы «Шынжырбай» өндірістік кооперативінен 420 гектар, Қарақыстақ ауылындағы «Сүйінбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігінен 2000 гектар жер алынып, әкімшілік теңгеріміне заңдастырылуда. Мұның барлығы үлескер азаматтардың келісімімен шешімін тапқан. Сөйтіп, ауыл тұрғындары өз малдарын жаюға мүмкіндік алды. Ортақ жайылымдық жерлер сонымен қатар округтегі «Болай», «Бұрған», «Қарақыстақ» сияқты ірі шаруа қожалықтарынан қайтарылған. Қарақыстақ округінің әкімдік қызметкерлері тұрғындарға қолдағы малын бақташы, жылқышы, шопандармен келісіп, жайлауға қосып жіберуді ұсынады. Себебі, ауыл маңында қараусыз бос жүрген мал егінге немесе біреудің бау-бақшасына кіріп кету жағдайлары жиілеп, шағымданатындар көбейген. Әрі жайлауға шығарылған малдың қоңды болары түсінікті. Бұл істе ауыл тұрғыны Айгүл Ордабаева белсенді. Ол жерді жалға алып, мал бағуды кәсіпке айналдырған. Қой мен ірі қара басына төленетін ақының мөлшері әкімшілікпен келісіліп бекітіледі. Қарақыстақ ауылдық округіндегі мал басына шаққанда 15 мың гектар жайылым жер қажет болса, бүгінде 2500 гектар жер шешімін тапқан.
– Жайылымдық жерді өз мақсатында игеру дегеніміз – соған сәйкес малы болуы керек. Бүгінгі күнге жері бар, иесі жоқ шамамен 5 мың гектарға дейін жерлер қайтарылған. Нақтыласақ, пайдаланылмайтын жайылым жерлер учаскесінің саны 89, ал жалпы көлемі 55635 гектарды құрайды. Оның ішінде жер пайдаланушылармен келіссөздер жүргізу арқылы 2 жер учаскесі бойынша 446 гектар жер ортақ жайылымға қайтарылды. Сондай-ақ, сотқа талап арыз жолданған жерлер көлеміне келсек, жер учаскелер саны 16, көлемі 8536 гектарды құрайды. Сот шешімі шықса бұл жерлер де халыққа қайтарылмақ. Десе де, мың бас малдың орнына сапалы жүз бас өсіріп, мал азығының берік қорын жасаудың тиімділігі насихаттала бермек. Ауыспалы жайылым болмаған жерде мал арасында жұқпалы аурудың таралуы, жайылымның құнарсыздануы сияқты проблемалардың ушыға түсетіні анық. Оның алдын алуда жайылымдық жерді белгіленген нормативтерге сай ұқыпты әрі тиімді пайдаланудың маңызы зор. Жоғарыда айтқан пилоттық жобаның мақсаты осы, – деді аудан әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев.
Суретте: Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев, жайылым жер.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.