Туған ел мен жерді сүю, соның барын асырып, жоғын бүтіндеу, қолдан келсе, жақсылық жасау – құшағында жүрген перзенттерінің қымбатты борышы, өміршең ұлағатына толы ісі. Сондай жандар жоқ емес, бар. Әр ауылда кездеседі. Оған шын жүрегіңмен қуанасың. Шүкір, қазір қарағайларымыз, орман-тоғайларымыз есепсіз оталудан, тоналудан аман. Аң мен құстар туралы да солай деуге болады. Алайда, тау өзендеріне балықтың азайып кеткені жасырын емес. Адамнан айла артылған ба? Түрлі әдіс-тәсілдермен балық аулайтындардың кесірінен тау өзендерінен бауырлары жарқ етіп көріне қалар ақ балықтардың қарасы азайып кетті. Міне, осының орнын толтыру, қайтадан балық өсіру үшін еңбектеніп жүрген азаматтар баршылық. Олар біз балық өсіреміз деп мемлекеттен ақша сұрап жүрген жоқ. Қолдау көрсеткен жандар бірлесіп қаражат жинастырып, шаруаларын жүргізуде. Бұған алғыстан басқа айтарың да жоқ. Осы орайда бұдан екі жыл бұрын Мойнақ көліне 13 мың балық жіберген Кеген ауылындағы ағайынды Марат, Бақыт, Нұрлан, Ұлан Базарқұловтардың, Байкен Талдыбаев, Ерғали Дарубаев секілді көптеген азаматтардың есімдерін құрметпен атауға болады. Кегендік жігіттер жіберген Мойнақтағы балықтар жап-жақсы деңгейге жетіп, өсіп қалды.
Биылдан бастап Жалаңаш ауылындағы Нұркен Жақашбаев, Тәліп Жақанбаев, Дәуір, Дәурен Қоқымбаев, Қайсар Қыдыржанов, Талғат Ақжігітов, Ербол Абузов, Қали, Мұрат Табитов, Нұрбапа Қаптағаев, Жеңіс Шарғынов, Дауыт Насыров, Бақыт Мамыров, Мұрат Рамазанов, Арман Абиыров, Асхат Аубакиров секілді бірсыпыра азаматтары, сыртта жүрген түлектері туған жерлеріндегі өзен, көлдерге балық жіберуді қолдарына алды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!»,-демекші, аталған азаматтар биылғы жылғы 27 наурызда Мойнақ көліне 5,5 мың хан балық жіберді. Жақында «Кеген орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Екіаша орманшылығына қарасты 9–10–11 айналымдағы әйгілі ән мен жырға арқау болған Орта Меркі өзеніне 3360 хан балық жіберілді. Оған өзіміз куә болдық. Қырқаларын қарағай, қайың көмкерген, тұп-тұнық тау өзені ажарын ашқан бұл өңірді көрген де арманда, көрмеген де арманда?! Өсімдік әлемі жаңадан гүлденіп, түрленіп келеді. Көк көтеріле түсуде. Көк кілем жамылып, қырмызы гүлдері самал желмен тербетіле түсер тамаша дер шағы алда. Осынау сұлу, көркем өңірге адамдар демалатын қазақ үйлер тігіліп, қоныстана бастапты. «Газель» жүк көлігімен арнайы ыдыспен әкелінген балықтарды өзенге жіберер алдында Орта Меркі өзенінің суынан ыдысқа арнайы су құйылды. Сосын осынау игілікті шаруаны ұйымдастырушылардың бірі Нұркен Жақашбаев сөз сөйледі.
– Рас, бұл бізді көптен бері толғантып жүрген мәселе болатын. Тау өзендерінде балық шынымен азайып кетті. Орман-тоғайымыздың, тауларымыздың сәні аң-құстар болса, өзендеріміздің сәні ақ балықтар емес пе еді?! Бұл жұмысты екі жыл бұрын бастаған Кеген ауылының азаматтарына алғысымызды айтамыз. Олар өсірген балықтардың алды бүгінде білектей болып қалды. Демек, балық өсіру ісі нәтижесіз емес. Біздің қолға алып жатқан шаруамызды Жалаңаш ауылынан алыс-жақын шетелге дейін барып, өмір сүріп жүрген түлектеріміздің бәрі қолдау көрсетіп жатыр. Мәскеу, Новосибирск, Екатеринбургте тұратын түлектеріміз қаражаттарын жіберуде. Оның ішінде Алматы қаласында тұратын Олег Чугай деген азаматымыз бар. «Туған жеріміздің ертеңі үшін, болашақ ұрпақ үшін жасалып отырған игі істеріңіз қуантып отыр. Қолдарыңыз қуатты болсын!»,-деген жандар біздің бір жағымызға шығысуда. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деді Нұркен Жақашбаев.
– Туып-өскен өлкеміздегі өзен-көлдерімізде тамаша балық өсіру жөніндегі істеріңізді «Кеген орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшылығы, ұжымы қуана қолдап отыр. Біздің орманшылыққа қарайтын өңір болғандықтан өзенге жіберген балықтарыңыздың алаңсыз өсіп-өнуіне қамқор боламыз. Игілікті істеріңіз үшін сіздерге «Кеген орман шаруашылығы» мекемесінің атынан үлкен алғысымды айтамын, – деді Екіаша орманшылығының орманшысы Ернат Еңсебаев.
Мұндай жылы лебізді балық өсіру ісіне қаржылай қолдау көрсетіп келе жатқан, осынау игі шараға сонау Алматы қаласынан ат арылтып келген ішкі істер саласының ардагері Талғат Ақжігітов, прокуратура саласының ардагері Ербол Абузов одан әрі жалғап, басымыз аман, бауырымыз бүтін, заманымыз тыныш болып жақсылықта ғана жүздесейік деген ниеттерін айтты. «Кеген орман шаруашылығы» мекемесінің орманды пайдалану инженері Ермек Нақасов та өз ойын ортаға салды. Ауылдың қадірменді қариясы Нұрбапа Әділханов ақ батасын берді. Содан кейін барып хан балықтар өзенге жіберілді.
Туған жерлерінің жайын, ертеңін ойлаған, соны қамдаған Жалаңаш ауылы азаматтарының бір күнгі тірлігі осылай өрнектелді. Ән мен жырдың өзегіне айналған Орта Меркі өзенінің жағасында өткен игілік көз алдымызда қалып қалғандай. «Ел – ерсіз, жер – иесіз болмайды», – деген қанатты қағида осы. Жарайсыздар!
Қанат БІРЖАНСАЛ.
Кеген ауданы.