«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» 2018 жылы жаңа мемлекеттік қызмет енгізуді жоспарлап отыр. Мемлекеттік қызметтің бұл түрі Қазақстан халқының міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына аударылған төлемдері туралы тексеру мүмкіндіктерін ұлғайтуға бағытталған. Бұл жұмыс Елбасының 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында Қорға берілген «ақпараттық жүйелер мен мобильді қосымшаларды дамыту арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін қамтамасыз ету» тапсырмасы аясында атқарылуда. Қызмет азаматтарға өз атына аударылған МӘМС төлемдері туралы мәліметтерді ХҚКО арқылы алуға мүмкіндік береді. Бірінші жартыжылдық соңында азаматтар МӘМС жүйесіне қатысу барысы мен төленген жарналар туралы мәліметті Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алу мүмкіндігіне ие болмақ. Мысалы, қазір бұл мәліметті «электронды үкіметтің» egov.kz порталы арқылы алуға болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Цифрлық қолтаңбасы бар кез-келген азамат «жеке кабинетке» кіріп, МӘМС төлемдерінің соңғы рет қашан жасалғанын анықтап біле алады. Мұның аса ыңғайлы еместігін азаматтарымыз жиі айтып жүр. Ал, бұл қызмет ХҚКО арқылы көрсетіле бастағаннан кейін тұрғындар өз атына аударылған жарналар мен аударымдар туралы мәліметті, сондай-ақ, МӘМС жүйесінің қатысушысы деген анықтама қағазын да сол жерден ала алады.
Медициналық сақтандыру қорының шотына 2017 жылдың бірінші шілдесі мен 2018 жылдың 28 ақпаны аралығында түскен соманың жалпы көлемі 47 млрд. теңгені құрап отыр. Оның 39 млрд. теңгесі немесе 83 пайызға жуығы жұмыс берушілердің өз қарамағындағы жұмыскерлері үшін жасаған аударымдары болса, қалған 8 млрд. теңге (17 пайызға жуық) жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісім шарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.
Барлық қаражат төлемдері Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлттық банктегі есеп-шотына, ал төлемдерге қатысты мәліметтер салық органдарына жіберіледі.
М.КЛЯН,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының Халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімінің сарапшысы.