Ағымдағы жылдың төртінші шілдесінде Алматы облысында «G4 City» жобасының тұсаукесері өткен еді. Аталмыш жоба бойынша Алматы-Қонаев республикалық тас жолы бойында «Gate District», «Golden Distriсt», «Growing District» және «Green Distriсt» (уақытша атаулар) деген төрт қала салу жоспарланған. Мұның бәрі бірінші кезекте бизнестің қарқынды дамуына және халықтың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Осыған байланысты 31 қазан күні қалалық мәслихаттың кезектен тыс ХІІІ сессиясы өтіп, Қонаев қаласы мен Алматы облысындағы елді мекендердің шекарасын белгілеу туралы мәселе қаралып, Арна мен Заречный ауылдарының 9757 гектар жерін «G4 city» жобасының құрамына енгізу жайлы шешім қабылданған еді.
Бұл ретте аталмыш ауылдардың адамдары арасында жаңа жобаның аясында орын алатын өзгерістер өңірдің, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне кері әсерін тигізуі мүмкін деген пікір пайда болды.
Осы ретте таяуда Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев Заречный округінің тұрғындарымен кездесіп, оларға жобаның артықшылықтарын айтып, ауылдың қандай өзгерістерге ұшырайтыны жайлы кеңінен ақпарат берді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда ауыл статусы бар Заречный мен Арна елді мекендері өзгерістерге сәйкес, қала құрамына енетін болады. Алайда жобаның іске асуы халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне ешқандай қолайсыз жағдайлар әкелмейді. Қазіргі әкімшілік және әлеуметтік инфрақұрылымдар әдеттегідей тұрғындарға қажет қызметті көрсете береді. Балаларды балабақшаға кезекке қою, мектепке оқуға беру – барлығы да электронды формада реттеледі.
Мұнан бөлек жиында тұрғындар тарапынан денсаулық сақтау, автомобиль жолдары секілді салалардағы мәселелер де көтерілді. Анығын айтқанда 1000-нан астам тұрғыны бар Арна ауылында жұмыс істеп тұрған дәрігерлік амбулаторияда бір ғана фельдшер қызмет көрсетеді. Олар медициналық көмек алу үшін Қонаев қаласына баруға мәжбүр. Бұған қаладағы көпсалалы ауруханасының директоры Айман Ракишева жауап беріп, арнайы кесте дайындалып, амбулаторияда терапевт, педиатр, акушерлер кезекпен халықты қабылдайтынын атап өтті.
Сондай-ақ, тұрғындар автобус қатынасы туралы мәселені де көтерді. Өз кезегінде Нұрлан Құматаев мамандарға аталған түйткілдер жазылған Жол картасын әзірлеуді тапсырды.
– Осы айда автобус паркіне жаңа көліктер сатып алынады. Сәйкесінше, қоғамдық көліктердің жүру кестесі мен қызмет сапасы артады. Республикалық маңызы бар жол туралы айтсақ, осы жиынға жауапты басқарма мамандары келді, жиналысқа қатысып отыр, солармен бірлесе шешім қабылдайтын боламыз, – деді қала басшысы.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Қонаев қаласы.