Өткен аптада облысымыздың орталығы арнайы жұмыс сапарымен ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев келіп, өңірдегі білім саласының өкілдерімен, мәслихат депутаттарымен және белсенді оқушылармен кездесті.
Білім саласына қатысты өзекті мәселелер қозғалған басқосуды облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым ашып, өңірде білім жүйесінің дамуына жан-жақты қолдау көрсетіліп келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ «Алматы облысының білім Ұрпақ тәрбиесі – ұлағатты іс сапасын арттырудың 2023-2029 жылдарға арналған аймақтық жол картасы» бекітілгенін, оған сәйкес мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық, қосымша білім беру бағыттарын дамыту жолдары айқындалып, жұмыстар жүріп жатқанын да айтып өтті.
Жиында депутаттар тарапынан білім саласындағы бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Мәселен, халық қалауларының айтуынша, бүгінде оқушыларды тасымалдайтын көлік жүргізушілерінің жалақысы 72000-82000 теңге аралығын құрайды. Осы ретте бұл жұмысқа жүргізуші куәлігін енді алған жастар немесе белгілі бір себептермен жұмыстан шығып қалған адамдар ғана келетінін жеткізді. Сонымен қатар білім ордаларындағы техникалық қызметкерлер 60-70 мың теңге айлық алатынын, ал кейде, тіпті одан да аз екенін, білім ошақтарының жөндеу жұмысына ақша бөлінгенімен ол жұмысты істейтін адамдарға қаражат қарастырылмайтынын, бұл өз кезегінде ата-аналардан ақша жинауға әкеліп тірейтінін айтты.
Бұдан бөлек депутаттар бірқатар мектептерде асханалар мен спорт залдар талапқа сай келмейтінін, қосымша білім беру мекемелеріне арналған ғимараттың жоқтығын, ауылдық жерлерде балалар медбикесінің жеткіліксіз екенін де алға тартты.
Өзекті мәселелерді көтерген депутаттарды тыңдаған министр спортзал мәселесін Мәдениет және спорт министрлігімен келісе отырып, мектепке жақын маңнан спорт нысандарын салу арқылы шешуге болатынын айтты. Ал ыстық тамақпен қамтуға қатысты бүгінде Мемлекет басшысы тарапынан бірқатар тапсырмалар берілгендігін жеткізді.
– Бұрын еліміз бойынша 7 өңірде бастауыш сынып балалары тегін ыстық тамақпен қамтылатын. Қазіргі таңда Президент тапсырмасымен барлық өңір жеткіншектері, демек, 600 000 бала мектепте тегін тамақтанады. Ол үшін қажетті қаражат бөлінді. Алайда ел көлемінде 500 білім ошағында асхана жоқ. Мұның көбі – 10-20 ғана бала оқитын шалғай ауылдардағы шағын мектептер. Ондай мектептерге буфет ұйымдастыру бойынша тапсырма берілген, – деді Ғани Бектайұлы.
Бұл мәселе бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева балаларды тасымалдау ісімен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы айналысатынын, соған сай жүргізушілердің де жалақысы жоғарылайтынын мәлімдеді.
Жиыннан кейін Оқу-ағарту министрі мектеп парламенті өкілдерімен кездесті. Оның барысында белсенді оқушылар министрге қызықтырған сауалдарын қойып, өздерінің қызығушылықтары, алға қойған мақсаттарымен бөлісті. Емін-еркін әңгімелесу форматында өткен жиында Ғани Бейсембаев оқушыларды жақсы оқып, білім алуға, қойған мақсаттарына жете білуді, қателік жасаудан қорықпауға, сол қателіктерден сабақ алуға және оны қайталамауға шақырды. Облысқа арнайы келген қонақтың алдында біздің Қарасай ауданының жас өнерпазы, «Славян базары-2023» байқауының Гран-при иегері Шерхан Арыстан өнер көрсетіп, «Молдабайдың әнін» әуелетті. Министр де жастардан қалыс қалмай домбыра шертіп, оқушылармен қосыла ән шырқады.
Мұнан кейін Ғани Бектайұлы ұстаздар қауымымен кездесіп, облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаеваның баяндамасын тыңдады. Оның айтуынша, бүгінде облыстағы білім саласына үлкен ден қойылып, жан-жақты қолдау көрсетілуде.
– Биыл білім саласының бюджеті 323,1 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 42,5 млрд теңгеге артып отыр. Қазіргі өзекті мәселелердің бірі – үшауысымды мектеп. Тұрғындардың тығыз орналасуымен ерекшеленетін облысымызда демографиялық өсім мен ішкі миграцияға байланысты жыл сайын оқушылар саны 13-15 мыңға артып отырады. Жыл басында үш ауысымда 51 мектеп жұмыс істеді. Облыс әкімдігімен үшауысымды оқыту мен оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында қадамдық жоспар жасалған. Соның негізінде 16 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 14 мектеп үш ауысымда оқыту мәселесін шешеді.
Бүгінгі күні 9 мектептің құрылысы аяқталып, 1 қыркүйекте қолданысқа берілді. Қалған 5 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде, 2 мектептің құрылысы 2024 жылға өтпелі. Нәтижесінде үш ауысымда оқитын мектептердің саны 44 бірлікке дейін азайды.
Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 53 мектеп салу жоспарланған. Биыл 26 мектептің құрылысы басталды. Алдағы жылы 27 мектеп салынады. Осылайша, үш ауысымда оқыту мен оқушы орнының тапшылығын толық шешу көзделіп отыр, – деді басқарма басшысы.
Бұған қоса ол бүгінде пән мұғалімдерінің пәндік құзыреттілігінің төмен екенін және де осы мәселені шешу мақсатында облыс әкімінің қолдауымен «Алматы облысының білім сапасын арттырудың жол картасы» жасалғанын айтып өтті. Аталмыш жобаның аясында «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесіп, ауқымды «50 табысты мектеп» жобасын қолға алған. «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорының тәжірибелері негізінде педагогтерді кәсіби оқытудан өткізу көзделіп, «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорымен 50 мектептің 200 кабинетін жаңа заманауи үлгіде жабдықтау бойынша келісімдер жүргізілген.
Жалпы облыстағы білім саласының мән жайымен танысқан Ғани Бектайұлы жиында ұрпақ тәрбиесі – ең маңызды іс екенін алға тартып, осы орайда «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» енгізіліп жатқанын айта кетті. Облыс қарияларынан жастарға қолдау көрсетіп, оларға дұрыс бағыт бағдар беріп отыруды сұрады. Сондай-ақ балалармен қатар ата-аналармен де тығыз жұмыс жасау керектігін де тілге тиек етті. Басқосу соңында жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне жауапты облыс ұстаздарына зор сенім артып, үлкен жауапкершілік жүктеді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Қонаев қаласы.