«Ұстаз мамандығы – барлық маман-дықтың анасы» демекші, мұғалім барлық сала иелерін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жан. Ұстаз болу – екінің бірінің қолынан келмес, әрі аса үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Ол ата-анамен бірге баланың өмірі дұрыс бағытта дамып, көркеюіне себепші болып, олардың тағдырына шапағатты із ұялататын өмір тәжірибесі мол әрі дана адам болып табылады. Бүгінде біздің ауданымызда осы бір ауыртпашылығы мен жауапкершілігі мол маңызды саланы таңдап, ұстаздық пен ұлылықты тең ұстанған жандар жетерлік. Солардың бірі аудан орталығы Қаскелең қаласындағы біраз жылдық тарихы бар С.Керімбеков атындағы орта мектептің мұғалімі – Жанар Айтбаева.
23 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз бүгінде аталмыш білім ордасында «педагог-зерттеуші» санаттағы география пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Білім нәрімен сусындатып, бар білгенін үйретуден талмаған ұстаздың шәкірттері түрлі бәйгелерден оза шауып, биік белестерден көрініп жүр. Жетекшілік еткен оқушылары жылда ҰБТ-дан 100% жақсы деген нәтиже көрсетіп, жоғарғы оқу орнына грантқа түсуде. Сондай-ақ шәкірттері халықаралық, республикалық, облыстық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып, көптеген жетістіктерге жеткен. Білімді маман, сыйлы әріптес ретінде танылған, сан түрлі сындарлы, келелі жұмыстардың ұйытқысы болып жүрген Жанар Есімханқызының еңбек жолы жемісті болуда.
Бар күшін болашақ білімді ұрпақты тәрбиелеуге жұмсап жүрген ұстаздың білім саласына қосқан елеулі еңбегі ескеріліп, таяуда министрдің Алғыс хатына ие болды.
Нақтырақ айтқанда, аптаның дүйсенбісі күні аудандық мәслихаттың хатшысы Бауыржан Айнабеков пен Ардагерлер кеңесі төрағасының міндетін атқарушы Сағат Мәсімақынов аталмыш білім ордасына барып, ұлағатты ұстазбен кездесті. Арнайы келген қонақтар Жанар Айтбаеваның білімді ұрпақ тәрбиелеуде және білім саласының жан-жақты дамуына қосқан үлесі мол екендігін айтып, жылы лебіздерін білдіріп, салтанатты түрде ұлағатты ұстазға еліміздің оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың Алғыс хатын табыстады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.