15 мамыр Халықаралық отбасы күні деп белгіленген болатын. Үстіміздегі аптаның сәрсенбі күні Іргелі ауылдық округінің Мәдениет үйінде, аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен, «Махаббатымыз берік пе?» атты жас отбасылардың конкурс-фестивалі өтті. Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған «90 жылдыққа – 90 шара» іс-шаралар жоспары мен Жастар жылының аясында өткен байқауға 10 округтен берекелі әрі өнегелі жас отбасылар қатысып, өнер көрсетті. Сайыстың басты мақсаты – қоғамның ең басты құндылығы отбасы екенін насихаттау, өскелең ұрпақ арасында ұлттық салт-дәстүрлердің кеңірек таралуына ықпал ету, жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беру. Оған аудан әкімінің орынбасары Күлжан Әділханқызы, Алматы облыстық білім мекемелері қызметкерлері кәсіподағының Қарасай аудандық филиалының төрайымы Сара Байбосынова, аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Айдар Айтмұхамбетов, Шамалған округі Мәдениет үйінің директоры Бағлан Қалманов пен мектеп оқушылары қатысты. Сайыс барысында әр отбасы өмірден көрген тәжірбилерін ортаға сала отырып, 4 шарт бойынша сынға түсті. «Бұл біздің жанұя» атты байқаудың алғашқы айналымында бейнероликтер мен слайдтар арқылы әр жұп өз отбасының құрылу тарихын, қызығушылықтарын, жанұясында қалыптасқан жөн-жоралғыларымен таныстырды. «Ата көрген оқ жонар, Ана көрген тон пішер» – деп аталатын екінші кезенде ерлі-зайыптылардың бірі кір тасын көтеруден бәсекелессе, аналар жағы сәбиге арналаған ит көйлек тігуден жарысты. Ал, үшінші кезеңде қатысушылар отбасылық құндылықтар мен бала тәрбиесіне байланысты көрермендер мен қазылар алқасы қойған сұрақтарға жауап берді. «Өнерліге – өріс кең» атты соңғы кезенде әр отбасы ән айтып, би билеп, сахналық көрініс қою немесе өлен шумақтарын оқу арқылы өнерлерін көрсетті. Отбасылардың орындауында ән мен би, ата-аналары және олардың талантты әрі тәрбиелі балаларының бірігіп оқыған өлеңдері, барлығы кештің көңілді, мәнді де мағыналы өтуіне негіз болды.
«Махаббатымыз берік пе?» жас отбасылардың конкурс-фестивалінде қазылар алқасының шешімі бойынша, төрт кезеннен сүрінбей өткен, Қаскелең қаласының атынан шыққан Сәбиевтар байқаудың жеңімпазы атанып, грамота мен 50 мың теңгелік сертификатты иеленсе, Іргелі ауылдық округінің атынан шыққан Меншібаевтар отбасы ІІ орын мен 30 мың теңгелік сертификатты алды. Ал, ІІІ орын мен 20 мың теңгелік сертификат Бірінші Май ауылдық округінің келген Үмбетовтар әулетінің қанжығасына бұйырды. Бас жүлде иегері Сәтбиевтер отбасының отағасы ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп: «Отан – отбасынан басталады. Үлгілі отбасы кейінгі ұрпаққа қолжетімді көрнекі құрал іспетті. Сондықтан ұйымдастырушыларға алғысым шексіз!», – деді. Мұнан бөлек Сара Қузурқызы байқауға қатысып, атсалысқан ұстаздарға үлкен алғысын білдіріп, әрқайсысына кәсіподақ атынан 20 мың теңге берілетінін айтты.
Жарыс соңында бірде-бір отбасы назардан тыс қалмай, барлығына микротолқынды пеш, тостер, шәугім сияқты бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.