Ұзынағаш ауылында ерекше қажеттіліктегі балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы жұмыс істейді. Құрылғанына екі жылдан асқан мекемеде әртүрлі сырқаты бар жүздеген бала қажетті ем-дом алып, денсаулығын жақсартады. Онда инклюзивті қоғамды дамыту жөніндегі әлеуметтік бағытта қызмет көрсететін оннан астам бөлме жабдықталған.
Мекеме аудандық орталық аурухана ғимаратының бір бөлігінде орналасқан. Аумағы – 800 шаршы метр. Мұнда церебралды паралич, аутизм, эпилепсия, ақыл-ойы кем, сөйлеу тілі дамымаған, бронхөкпе мен жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары бар балалар келеді. Олардың инновациялық технологияларға негізделген сапалы әрі тиімді, кешенді оңалтудан өтуіне барынша жағдай жасалған. Медициналық емдеу шараларымен қатар түзету сабақтары, ойын-сауық, сауықтыруға арналған бөлмелер бар.
Орталыққа Жамбыл ауданымен қатар, өзге аймақтардан да ата-аналар балаларын әкеліп, оңалту курстарынан өткізеді. Нәтижесінде көптеген бала селқос жатуды қойып, төсектен өздігінен түсіп, аяғын жерге тіреуге, еңбектеуге тырысады. Арнайы мамандардың жүргізген күнделікті еңбегінің нәтижесінде басын қалыпты ұстауды, қолмен тіренуді, сүйенуді, отыруды, еңбектеуді, тіреуішпен немесе өздігінен тұрып-жүруді үйренгендер көп. Оңалту қызметінің сапасын арттырып, орталық жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз ететін мамандар даярлауға баса мән берілген.
Жоба «Қамқорлық» Корпоративтік қорының ұйымдастыруымен, Тұңғыш Президент қоры мен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының бірлесе атсалысуымен, Үкіметтің және жергілікті әкімдіктердің қолдауымен іске асырылған. Ерекше күтімге зәру балаларды қолдауға арналған мұндай орталықтар еліміздің бірнеше аймағында ашылған. Өкінішке орай, мұндай қызметке мұқтаж бала қазір көп. Осындай мекемелердің аудандық аурухана аумағында орналасуы қадамдық қолжетімдікті қамтамасыз етеді.
Екі қабатты ғимаратта орналасқан орталықта бальнеотерапия, логопед, физиотерапия, массаж, эрготерапия, дефектолог, емдік денешынықтыру, жаттығу және механотерапия, тұз, яғни галоионотерапия, биокерібайланыс, қалпына келтіру терапиясы, бос терапия, шунгит, сенсорлық бөлмелер жабдықталған. Бүгінде ауданда сал ауруларымен 152 бала тіркелген болса, олардың дені осындағы емдеу курстарынан бірнеше қайтара өтті. Нәтижесінде аяққа тұрып, өз бетінше қимыл-қозғалыс жасай алатын жағдайға келіп, ата-аналарын қуантуда. Мұның сыртында жүрек-қан тамырлары жүйесінде ақауы бар, отадан кейінгі кезеңдегі, сондай-ақ өкпесі дімкәс және хромосомды ақаушылығы бар балаларға да қызмет көрсетіледі.
Орталық меңгерушісі Әсел Саурықованың айтуынша, мекеме ашылғанға дейін аудандағы ерекше күтімге зәру балалар Алматыдан, Астанадан ем алу үшін айлап-жылдап портал күтетін. Бүгінде олар үшін осындай қызмет тұрақты түрде қолжетімді. Орталық жаңа үлгідегі отандық және шетелдік үздік қондырғылармен жабдықталып, ең озық цифрлық және проекциялық технологиялар қолданылған. 29 маманнан тұратын топ арнайы дайындықтан өтіп, 30 қызметкер еңбек етуде. Мамандар әр баламен жеке жұмыс жүргізеді, 30-дан астам қызмет тегін көрсетіледі. Мұнда жылына 600 баланы оңалту шараларынан өткізуге мүмкіндік бар.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.