Алла тағала адамды жаратқанда тұла бойына неше түрлі қасиетті дарытатыны шындық. Соны орнымен пайдаланып, кәдеге жаратқандардың ісі ілгері, жүзі жарық. Сол қасиеттерді орнымен пайдалана алмай жүргендер де бар. Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылынан Нұркен Жақашовтай азаматты жолықтырдық. Шалғай ауылда тұратын тамаша өнер тапқыш. Алпыстан жаңа асқан Нұрекең –осы ауылдың бір перзенті. Әкесі Бейсенбай Жақашев соғыс ардагері, анасы Гүлдархан Мәмекқызы тыл ардагері, Жақаштай атасы ұста болған. Әкесі мен анасының тәлімі мен тәрбиесін, өмірлік өнегесін көріп өскен Нұркен де ақылды, ойлы, зейінді, еңбекқор болып өсті. Өз тұсында Жалаңаш ауылындағы қазіргі С. Бейсенбетов атындағы орта мектепті, Алматы қаласындағы политехникалық институтты бітірген. Мамандығы – инженер-гидрогеолог. Сол институтта бірге оқыған Роза Жақашевамен көңіл жарастырып, үйленген екен. Мамандығын жетілдірген Роза – бүгінгі таңда Ж. Ермегияев атындағы орта мектептің үлгілі ұстазы.
Нұрекеңнің еңселі үйінің алды, ауласы толы өзінің өнер тапқыштығымен, ойлап, қолдан жасаған дүниелеріне толы. Түрлі шаруағы қажетті станоктар бар. Қолдан жасалған ағаш тілетін, жонатын, өңдейтін дүниелерді көрдік. Риза болдық. Жарық көзімен істейтін қайрақ, картоп турағыш, егеуқұйрық ұстауға арналған, қолдан арқан есетін құралдар бар. Тас көмірдің уағы мен қиды қосып отқа жағатын кішкентай кірпіштер (брикет) дайындайды екен. «Бұл кірпіштер пеште 12-15 сағатқа дейін жанады. Қызуы да жақсы», – дейді Нұрекең күлімсіреп. Айналып тұрып кәдімгі құмыра жасайтын құралын орнатып қойыпты. Нұркеннің отбасында кәдімгі картоптың барлық жұмысы қолмен атқарылмайды екен. Жапониядан шыққан шағын тракторлары бар. Соған арнап картоп тұқымын отырғызатын, қопсытатын, қазатын құралдарын жасап қойған. Оның игілігін ел-жұртта көруде. Нұрекеңнің балықты кептіріп, ыстайтын, құрт пен қазыны ыстайтын қолдан жасап қойған дүниесіне қызыға қарадық.
«Шын мәнінде ысталған құрттың бағасы жоғары болады екен. Бір базардан ысталған кішкентай құрттың әр талын 250 теңгеден сатып тұрғанын көрдім. Неге десем, ысталған құрт дейді. Расында дәмді екен. Соны көріп осыны жасап қойдым», – дейді Нұрекең. Ысталған балық, қазының өзі неге тұрады десеңізші?! Бұл шаңырақтағы жаздық үйдегі қазан-ошақты көрген де арманда, көрмеген де арманда. Жақсылап орыс пешін жасап тастапты. Оған түрлі нандарды, тәтті тоқаштарды пісіре беруге болады. Тек ақ қайыңнан жасаған жаздық демалыс орнын көрдік. Өнер тапқыш азаматымыз шаңырағындағы ас үйдің қабырғасына қаңылтыр темірден тамаша жасалған тауыстың бейнесін іліп қойыпты. Жап-жақсы жерді алып тұрған тауыстың бейнесіне қызыға қарадық. Ал қазіргі шаруасы қонақ үй үшін кәдімгі салбырап, мөлдіреп тұрған жүзімнің бейнесін жасауда екен. Жап-жақсы орынды алып тұратын жүзімнің кескіні де көрген жанды тамсандырары анық. Біз тұла бойы өнеріне, тамаша тың идеяларына, өнер тапқыштық қасиетіне толы Нұркенге дән риза болдық. Игілікті шаруасы үшін бұзылып, жарамсыз болып қалған кір жуғыштың тағы басқалардың маторларын пайдаланады екен. Рас, бір дүние, құрал жасауды ойластырған, қамдастырған, соны жүзеге асырғанға бар ниеті ауған адам жасайтынын жасайды, жүзеге асырып отырады. Нұрекеңнің жақсы қасиеті де сондай. Адам қызығарлық.
Розадай жары екеуі –ауылдағы өсіп-өнген, өнегелі отбасының иелері. 2 ұл, 2 қыз өсіріп, қанаттандырған. 12 немерелері бар. Дастандай үлкен ұлдары Алматы қаласында тұрады. Жүк тасымалдаумен айналысатын құрылымы бар. Тимурдай ұлы кезінде каратэ додан халықаралық жарыстарға қатысып, 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медалдың иесі болған. Өзінің фирмасы бар. Білікті архитектор. Динарадай қызы Жалаңаш ауылындағы Ж. Ермегияев атындағы орта мектептің үлгілі ұстаздарының бірі. Тараз қаласында тұратын Балжандай қызы да мұғалім.
– Бізге келсең жаз маусымында келгін. Неше түрлі тамашаларға тап боласың. Бау-бақшалықпен де айналысамын. Жанға керектіні алыстан іздеудің қажеті шамалы. Жалпы, ерінбей еңбектенсең, бәрін жасауға болады, – дейді еңбекқор өнер тапқыш Нұркен қонақжай пейілімен.
Рас, өзі айтқандай, жанға керектіні алыстан іздемейтін, қолымен жасап алатын Нұркенді қалай мақтаса да, дәріптесе де жарасып тұр. Жаныңыз жамандық көрмей, бала-шағаның бақытын қызықтап, ұзақ ғұмыр кешіңіз дедік шын көңілімізбен.
Бұрым ОРЫНБАСАР.