Өнегелі өнер – өресі биік, өрісі кең кеңістік болса, сол ғажайып әлемге қадам басқан әрбір өрен – ел болашағының айқын бейнесі, ертеңгі ұлт мақтанышы. Бұл ретте тал бойында дарыны бар жастың ашылуына көмектесіп, бабын тауып, өнер жолына қадам басқандардың шабытына қанат бітірер рухани мекеннің орны қашан да бөлек. Бүгінде осындай биік мұратты ту еткен мекемелердің бірі ретінде Қарасай ауданының орталығы – Қаскелең қаласында орналасқан Өнер мектебін айтуға болады.
Аталған өнер ошағы өткен жылдың наурыз айында салтанатты түрде есігін айқара ашып, аз ғана уақыт ішінде аудандағы дарынды жастардың шоғырланған нағыз шығармашылық ордасына айналды. Ресми жұмысын бастағанына енді бір жыл толса да, бұл мәдени шаңырақ қысқа мерзім ішінде өзіндік өнер дәстүрі мен қайталанбас қолтаңбасын қалыптастырып, мазмұнды жұмыстардың ұйытқысы болып отыр.
Бүгінгі таңда бұл білім ошағында 700-ден астам дарынды ұл-қыз білікті де кәсіби ұстаздардан тәлім алып, өнердің қия жолында талмай талаптанып келеді. Шаңырақтың басты мұраты мен мақсаты – әр оқушының бойында буырқанып бұғып жатқан табиғи дарынды дер кезінде байқап, оны дұрыс арнаға бағыттау, жас өрендердің үлкен сахналарда сенімді қадам басуына кең жол ашып, толыққанды рухани дамуына жан-жақты жағдай жасау.
Жалпы осы заманауи өнер мектебінің ашылу тарихы мен оның артында жатқан күрес жолы да ерекше маңызға ие, тағылымды шежіре.
Қарасай ауданының тұрғындары бұл мәдени ошақтың бой көтеруін талай жылдар бойы тағатсыздана күткен еді. Анығырақ айтқанда, Кеңес өкіметі тұсынан бері иесіз қалып, бос тұрған ескі ДОСААФ ғимаратын қайта жаңғыртып, балалардың игілігіне беру туралы бастамалар бұрыннан бері айтылып келгенімен, оның шешімі ұзақ жылдарға созылып кетті. Себебі 2013 жылы аталған нысан «Отан» республикалық қоғамдық бірлестігінің теңгерімінен жекеменшік «Түлек AKG» ЖШС-нің иелігіне өтіп кеткен болатын. Соның салдарынан ғимаратты мемлекет меншігіне қайтару бағытында жылдарға созылған бірнеше күрделі сот процестері жүргізілді.
Тек 2024 жылы Алматы облыстық ауданаралық экономикалық сотының әділ шешімімен Қарасай аудандық білім бөлімінің талап-арызы толық қанағаттандырылып, ДОСААФ-тың ескі ғимараты мемлекет қарамағына заңды түрде қайтарылды. Осыдан кейін жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, бұрын тоқтап қалған құрылыс-жөндеу жұмыстары жаңа қарқынмен жанданды. Ал 2025 жылдың басында құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, заманауи талаптарға сай жабдықталған еңселі ғимарат пайдалануға берілді. Осылайша, ел тілегі орындалып, Қарасай ауданында екінші мемлекеттік Өнер мектебі өз жұмысын ресми түрде бастады.
Аумағы 1255,6 шаршы метрді алып жатқан үш қабатты еңселі де жарық ғимаратта өнерлі өрендердің алаңсыз білім алып, жан-жақты дамуы үшін барлық заманауи жағдайлар жасалған. Мұнда ұлттық және классикалық аспаптарда ойнауды үйрететін, қолөнер мен шеберлікке баулитын, сондай-ақ вокал сабақтарына арналған арнайы дыбыс оқшаулағыш жүйесі бар бөлмелер қарастырылған. Сонымен бірге мың бұралған бишілерге арналған кең әрі жарық хореография залдары, шығармашылық кештер мен салтанатты жиындарды, концерттерді жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретін шағын залы да балалар игілігіне қызмет етуде.
Бүгінгі таңда тәжірибелі әрі білікті басшы Гүлнәз Жұмашова тізгінін ұстаған ұжымда 41 кәсіби маман еңбек етеді. Олардың барлығы арнайы өткізілген конкурстық іріктеудің нәтижесінде жұмысқа қабылданған. Әрбірі – өз ісінің нағыз шеберлері мен өнердің жанкешті жанашырлары.
Қазіргі уақытта бұл білім ордасында оқитын балалар саны 714-ке жетті. Ауданның жас таланттары мұнда домбыра, қобыз, қылқобыз, жетіген, баян, фортепиано, гитара, саксофон сияқты саз аспаптарымен қатар, дәстүрлі ән, эстрадалық вокал, театр өнері, бейнелеу, сәндік-қолданбалы секілді қолөнерді қосқанда жалпы 14 түрлі бағыт бойынша өз қабілеттерін шыңдауда. Бұл өз кезегінде балалардың тек орындаушылық шеберлігін арттырып қана қоймай, олардың эстетикалық талғамын, дүниетанымын қалыптастыруға зор үлес қосуда.
Өнер ошағының жұмыс бастағанына көп уақыт өте қоймаса да, мектеп талапкерлері мен ұжымы ауыз толтырып айтарлықтай жемісті жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді. Ең басты жетістік балалардың музыкалық, көркемдік және сахналық бағыттағы дарынын ашуға қолайлы шығармашылық ортаның қалыптасуы болып табылады. Оқушылардың өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында күнделікті сабақ үдерісімен қатар түрлі мәдени-шығармашылық іс-шаралар, концерттік бағдарламалар, танымдық кездесулер мен мерекелік кештер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Солардың ішіндегі ең шоқтығы биік жобалардың бірі – «Бір жыл – бір белес» деген атаумен өткен жылдық есеп беру концерті. Шаттыққа толы шығармашылық кеште оқушылар бір жыл ішінде үйренген білімдері мен ізденістерін көрермен назарына паш етіп, сахнада еркін өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама аясында күрделі музыкалық туындылар, сахналық қойылымдар мен әсерлі нөмірлер ұсынылып, мектептің бір жылдық табанды еңбегінің айқын нәтижесін көрсетті. Мектептің басым бағыттарының бірі – ұлттық өнер мен мәдени мұраны кеңінен насихаттау. Домбыра, дәстүрлі ән және көркем-эстетикалық бағыттар арқылы оқушылардың бойында туған халқының бай мәдениетіне, салты мен өнеріне деген теңдессіз құрмет қалыптасып келеді.
Сонымен қатар 2026 жыл бұл ұжым үшін қоғамдық-мәдени іс-шараларға толы берекелі белес болды. Атап айтқанда, қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына орай «Есіңе мені алғайсың» аталған әдеби-музыкалық кеш, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Арулар – асыл жандар» мерекелік бағдарламасы және «Арманға бастар өнер жолы» атты шығармашылық жобалар жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Осындай ауқымды шаралар балғындардың сахналық мәдениетін қалыптастырып, өзіне деген сенімділігін арттыруға зор ықпал етуде.
Қаскелеңдік өнерлі балалар тек мектеп ішінде шектеліп қалмай, қалалық, аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерде де топ жарып жүр. Түрлі деңгейдегі өнер сайыстарына қатысу оқушылардың кәсіби шеберлігін шыңдап, сахналық еркіндікке үйретіп, шығармашылық ізденістеріне даңғыл жол ашуда. Осындай жауапты сындарда өнер мектебінің оқушылары гран-при мен жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарды иеленіп, мектептің шығармашылық әлеуетінің қаншалықты жоғары екендігін дәлелдеп келеді.
Әрине, әрбір айтулы жеңіс пен биік белестің артында оқушының табиғи талантымен бірге ұстаздың ерен еңбегі, төзімі мен кәсіби шеберлігі тұрғаны анық. Соған дәлел ретінде жыл қорытындысы бойынша қол жеткізген жарқын жетістіктерді айтуға болады. Мазмұнды жыл ішінде «Өрлеу» көпжанрлы республикалық байқауында мектептің «Серпін», «Атамұра» домбыра ансамбльдері мен «Ару-кербез» би ансамблі қарсыластарынан үздік шығып, бас жүлдені қанжығаларына байлады. Білікті педагог Раушан Байтикованың домбыра сыныбында білім алатын оқушы Кәусар Курмах «Күй – құдіретті әуез. Ортақ әуен – жарқын әуен» атты республикалық байқауда І орынды жеңіп алды. Ал жетекшісі Гүлім Қожанованың шәкірті Жазира Жолдас «Абыз» домбырашылар байқауында ІІ орынға ие болды. Сонымен қатар жас суретші Айсұлу Арсақбаева «Бояулар құпиясы» облыстық байқауында жүлделі ІІІ орыннан көрінді (жетекшісі – Қилаш Аукенов). Қазақ музыка өнерінің заңғар тұлғаларының мерейтойларына арналған республикалық байқауларда да мектеп оқушылары жоғары деңгейде өнер көрсетті. Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған республикалық орындаушылар байқауында фортепиано сыныбының оқушысы Айзере Сәкенова (жетекшісі – Гүльнара Байтулакова) І орынды иеленсе, Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған байқауда өзге де қарсыластарынан озық шыққан Ерболат Інжу (жетекшісі – Дина Бұранқұлова) І орын иегері атанды.
Ең таңғаларлығы да, қуантарлығы да осы жүлделі орындарды бағындырған оқушылардың барлығы – Өнер мектебінің 1 сыныбында оқитын жас өрендер. Бұл көрсеткіштер оқу ордасында білім беру жүйесінің дұрыс жолға қойылғанын және ұстаздар ұжымының өз ісіне деген жоғары жауапкершілігін айқын аңғартады.
Бүгінгі таңда мектеп ұжымы үшін әрбір оқушының шағын жеңісі де – ортақ қуаныш, ал үлкен жетістіктері – жаңа асуларға бастайтын баспалдақ. Алдағы уақытта да мектеп басшылығы дарынды балаларды жан-жақты қолдап, олардың халықаралық және республикалық ареналарда өнер көрсетуіне кеңінен жол ашуды мақсат етіп отыр.
Мұнда оқушылардың шеберлігімен қатар педагогтердің де кәсіби дамуына баса назар аударылады. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру, аттестацияға дайындық, шығармашылық портфолиоларды байыту, оқу жетістіктерінің мониторингін жүргізетін бағалау жүйесі мен тәжірибе алмасу жұмыстары жүйелі түрде іске асырылуда. Жаңа оқу жылында мектептің шығармашылық ұжымы жас әрі білікті жаңа мамандармен толықты. Кәсіби дайындығы жоғары ұстаздардың қатарға қосылуы білім алушыларға ұсынылатын өнер бағыттарын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге мектепте сабақ сапасын бақылау, оқушылардың қатысымын қадағалау және дарынды балалармен жеке мақсатты жұмыстар жүргізу ісі берік бекітілген.
– Мектептің бүгінгі жетістігін тек сахнадағы жарқын өнермен немесе жеңіп алған кубоктармен ғана өлшеуге болмайды. Ең басты нәтиже – өнерді сүйетін, өз бойындағы қабілетіне сенімді, сахна мәдениетін терең түсінетін, ұлттық мұраны бағалай білетін және шығармашылық тұрғыда еркін ойлай алатын жеке тұлғаны қалыптастыру. Қаскелең қаласындағы балалар Өнер мектебі алдағы уақытта да білім сапасын арттырып, жас таланттардың бағын ашуға және өнер саласындағы жаңа белестерді бағындыруға аянбай еңбек ете береді. Өйткені өнер – бала бойындағы тылсым қабілетті оятатын құдіретті күш болса, ал соны шыңдап, үлкен өмір сахнасына жетелейтін алтын көпір – біздің өнер мектебі, – деді мектеп директоры Гүлнәз Айтуғанқызы.
Жаңадан шаңырақ көтерсе де, өнер ошағының қарашаңырағына айналып үлгерген бұл өнер мекеменің алар асуы мен бағындырар белесі әлі алда екені сөзсіз. Өнер сапарын енді бастаған жас таланттардың қанаттары талмай, талабы ұштала берсін дейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

