Осыдан бір апта бұрын Қарасай ауданында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Қарасай ауданы әкімі аппаратының басшысы Данияр Мантаев қатысты.
2014 жылдан бастап елімізде дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы – шаңырақтың шаттығын асырып, отбасылық құндылықтарды жаңғыртатын тағылымы мол шара. Байқаудың басты мақсаты – ерлі-зайыптылардың өнегелі өмірін қалың көпшілікке насихаттау, ұрпақ тәрбиесіндегі аға буынның орнын айшықтау және отбасы мүшелерінің шығармашылық әлеуетін шыңдау. Адамгершілік пен ынтымақты ту еткен бұл ауқымды жоба ағымдағы жылы да өзінің заңды жалғасын тауып, еліміздің түкпір-түкпірінде аудандық, қалалық және облыстық кезеңдері жоғары деңгейде ұйымдастырылуда.
Осы орайда Қарасай ауданында өткен іріктеу байқауы жергілікті жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Шілде айында жалауын желбіреткен бұл өнер сайысына ауданға қарасты ауылдық округтерден іріктелген өнерлі де өнегелі 10 отбасы қатысып, бақ сынасты. Үміткерлер байқау ережесіне сай жан-жақты дайындалып, қазылар алқасының алдында өздерінің отбасылық ынтымақтастығын, салт-дәстүрге беріктігін және бойларындағы алуан түрлі өнерлерін ортаға салды. Талабы таудай, ынтымағы жарасқан жанұялардың арасындағы тартысты сайыс өте тартысты өтті.
Қазылар алқасының шешімі бойынша ІІІ орынның жүлдесін Бірінші Май ауылдық округінен келген Әлменбетовтер отбасы қанжығасына байласа, ІІ орынды жамбылдық Қуанышевтар әулеті иеленді. Ал барша қарсыластарынан озық шығып, байқаудың бас жүлдесін қаскелеңдік Туютовтар отбасы жеңіп алды.
Аудандық іріктеу қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты марапаттау рәсімі аудандық орталық кітапхана ғимаратында өтті. Мерекелік шараға Қарасай ауданы әкімі аппаратының басшысы Данияр Мантаев арнайы қатысып, жеңімпаздарға құттықтау лебізін білдірді. Өз сөзінде ол ұлттық конкурсқа белсене қатысқан барша отбасыларға шынайы алғысын айтып, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуде үлгі-өнеге болып жүрген жанұялардың еңбегі қоғам үшін өте маңызды екенін атап өтті. Рәсім барысында жүлдегерлерге аудан әкімінің Алғыс хаттары, арнайы бағалы сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар салтанатты түрде табыс етілді.
Айта кетейік, аудандық кезеңде бас жүлдені иеленіп, үздік деп танылған Туютовтар отбасы енді облыстық кезеңде Қарасай ауданының намысын қорғайтын болады. Жерлестерімізге алдағы сында да жеңіс пен сәттілік тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

