Қарасай ауданының төрінде орналасқан іргелі мәдени ошақтың бірі – Қаскелең мәдениет колледжі. Бұл алтын ұя – жай ғана диплом беретін мекеме емес, талай бозбала мен бойжеткеннің арманына қанат бітіретін киелі мекен. Шығармашыл жастарды қанаттандырып, талай өнерпаздың жолын ашқан білім ордасы 70 жылдан астам уақыт бойы мәдениет пен өнердің үздік дәстүрлерін үзбей жалғастырып келеді. Бүгінде ол тек білім беру мекемесі ғана емес, бүкіл Қарасай ауданының рухани орталығы әрі өнердің киелі бесігі болып табылады. Аудан көлемінде өтетін кез келген ауқымды мәдени іс-шаралар, рухани кештер мен салтанатты жиындарда осы колледж өнерпаздарын жиі көруге болады.
Мамыр айының 21-і күні елімізде Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні кең көлемде аталып өтеді. Осыған орай, жас дарынды өнерпаздардың қалыптасуына септігін тигізу арқылы мәдениет саласының дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан білім шаңырағы – Қаскелең мәдениет колледжі жайлы әңгіме өрбітіп, оның тыныс-тіршілігіне көз жүгірткенді жөн көрдік.
Лепсі кітапхана техникумынан басталған тарих
Қаскелең мәдениет колледжінің бүгінгі тыныс-тіршілігін, қол жеткізген табыстарын айтпас бұрын, алдымен оның тарих сахнасындағы даму жолына аз-кем тоқталып өтейік. Колледждің өткен күннен бүгінге дейінгі шежіресі сан қилы белестерден тұрады. Оның іргетасы алғаш рет жер жәннаты Жетісу облысындағы Талдықорған қаласында қаланды. Яғни 1955 жылы Қазақ ССР комитеті Мәдениет министрлігінің жанынан «Лепсі кітапхана техникумы» болып ашылды. Сол кезеңнің өзінде-ақ бұл мекеме сауаттылық пен мәдениеттің шырағын жақты. Кейін 1967 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің шешімімен, Қазақ ССР-ның Орта және жоғары білім беру министрлігінің бұйрығы негізінде оқу орны Қаскелең қаласына көшіріліп, «Қаскелең мәдени-ағарту училищесі» болып қайта жасақталды. Осы сәттен бастап оқу орнының жаңа тынысы ашылып, материалдық-техникалық базасы нығая түсті.
Өз даму жолында бірнеше мәрте атауын өзгерткен білім ұясы 1995 жылы Қаскелең мәдениет колледжі дәрежесіне дейін көтерілді. 2019 жылдың 21 қаңтарында SA-B №0096 Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігінің «EGAR» аккредитациясынан табысты өтті.
70 жылдан астам терең тарихы бар бұл мәдениет ошағы осы уақытқа дейін тек Қазақстанда ғана емес, жақын және алыс шет елдердің білім беру мен мәдениет саласында абыройлы еңбек етіп жүрген мыңдаған дарынды мамандарды түлеп ұшырды. Олардың ішінде еліміздің еңбек сіңірген қайраткерлері, белгілі күйшілер мен халықаралық байқаулардың лауреаттары бар.
Заман көшінен қалмай келе жатқан колледждің бүгінгі жай-күйі
Қазіргі таңда Қаскелең мәдениет колледжі өнер мен мәдениеттің заманауи трендтері мен талаптарына толықтай сай келетін, бәсекеге қабілетті кадрларды даярлайтын облыстағы жетекші орталықтардың бірі болып табылады. Мұнда білім алушы жастардың шығармашылық әлеуетін толық ашып, олардың еркін дамуына барынша қолайлы жағдай жасалған.
Қара шаңырақта халықтың рухани қазынасын арқалаған 62 білікті де тәжірибелі ұстаздар қауымы еңбек етеді. Олар оқу үдерісінде заманауи инновациялық әдістер мен озық технологияларды кеңінен қолдана отырып, студенттерді тек маман ретінде ғана емес, ұлттық құндылықтарды бойына терең сіңірген парасатты тұлға етіп қалыптастыруға зор күш салуда. Оқу орны бүгінде ең өзекті әрі сұранысқа ие бағыттар бойынша кадрлар даярлауды сәтті жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, колледж қабырғасында «Кітапхана ісі» және «Халықтық көркем шығармашылығы» мамандықтары бойынша күндізгі және сырттай оқу нысандарында мемлекеттік тілде жалпы орта білім беру базасы негізінде білікті кадрлар оқытылады.
Қазіргі таңда колледжде 291 студент дәріс алып, өнер шыңын бағындыруда. Студенттер тек дәріс алумен шектелмей, өз қалаулары бойынша бос уақыттарында шығармашылық үйірмелерге белсенді қатысады. Оқу ордасында жастардың талантын ұштау мақсатында бірнеше бағыт айқындалған. Атап айтқанда, халықтық, заманауи және классикалық би өнері, эстрадалық және дәстүрлі ән салу, топтық хор және түрлі музыкалық аспаптарда ойнау шеберлігі. Бұл үйірмелер жас дарындардың халықаралық және республикалық байқауларда топ жаруына үлкен септігін тигізуде. Оқуларын аяқтаған түлектер өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуда, ал үздік студенттер Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне жоғарғы оқуға түсуде.
Кез келген оқу орнының жетістігі оның материалдық-техникалық базасының деңгейімен өлшенеді. Қаскелең мәдениет колледжі бұл тұрғыдан да өзгелерден кем түспейді. Мұнда студенттердің алаңсыз білім алуы үшін компьютер сыныбы, дене шынықтырумен айналысуға арналған кең спортзалы, ашық аспан астындағы заманауи спорт алаңы жұмыс істеп тұр. Ал өнерпаздардың басын қосатын, түрлі мәдени іс-шаралар мен концерттер өткізілетін кең әрі жарық актзалы колледждің мақтанышы болып табылады.
Білім ордасының тарихында мекемені дамытуға үлес қосқан бірқатар құрметті азаматтар басшылықта болды. Ал бүгінде колледж тізгінін Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері, тәжірибелі ұйымдастырушы және білікті педагог Саят Ақбасов абыроймен атқарып келеді. Дәл осы білікті басшының іскерлігі, стратегиялық көрегендігі мен байыпты басқару жүйесінің арқасында соңғы жылдары білім мекемесінде заман талабына сай ауқымды оң өзгерістер орын алды.
Саят Қырғызбайұлының салмақты саясатының нәтижесінде оқу ордасының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңартылып, білім беру сапасы мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Сонымен қатар колледждің еліміздегі және шетелдегі жетекші мәдени білім мекемелерімен, өнер ордаларымен тығыз ынтымақтастығы орнап, халықаралық шығармашылық байланыстары нығая түсті.
Оның жарқын дәлелі ретінде жақында ғана Қаскелең мәдениет колледжіне Түркия Республикасынан «Стамбул мәдени хоры» ұжымының арнайы жұмыс сапарымен келуін айтуға болады. Кездесу барысында түркиялық делегация мүшелері оқу орнының шығармашылық бағытындағы ауқымды жұмыстарымен жете танысып, қазақстандық өнерпаз ұжымның кәсіби шеберлігіне, жастардың талантына өте жоғары баға берді. Осы жылы әрі мазмұнды кездесудің нәтижесінде екі жақ маңызды меморандумға қол қойды.
Алдағы уақытта бұл тарихи құжаттың негізінде екі елдің мәдениет пен өнер саласындағы шығармашылық достығы жаңа белеске көтеріліп, бірлескен ірі мәдени жобалар жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, алдағы жылдары ортақ концерттер мен фестивальдер ұйымдастыру, шығармашылық көрмелер мен театр қойылымдарын өткізу, өнер саласындағы кәсіби мамандармен, шығармашылық ұжымдармен және студенттермен тәжірибе алмасу бағдарламаларын іске асыру көзделуде. Ең бастысы, бұл бірлескен жобалар қос бауырлас халықтар арасындағы достық пен мәдени дипломатияны нығайтуға бағытталған сындарлы қадам болмақ.
Қаскелең мәдениет колледжі бүгінгі жетістіктерімен тоқтап қалмай, ұлттық өнерді жаһандық деңгейде дәріптейтін мамандарды тәрбиелеу жолында нық қадаммен алға басып келеді.
Мәдениет ошағының толайым табыстары
Ауданның мәдениет саласына баға жетпес үлес қосып келе жатқан Қаскелең мәдениет колледжінің биылғы жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Шығармашылық ұжым мен талантты студенттер ағымдағы жылы бірқатар ауқымды байқаулар мен халықаралық деңгейдегі фестивальдерде топ жарып, білім ордасының мерейін асқақтатты.
Мәселен, колледж студенттері таяуда жастардың шығармашылық қабілетін шыңдау, оларды өнер арқылы бірлік пен ынтымаққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған «JAS STARS» отбасылық жастар арасындағы өнер байқауына қатысқан. Өздерінің жоғары дайындығы мен ерекше өнерлерін көрсеткен колледж белсенділері қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, тартысты додада жүлделі 1-орынды қанжығаларына байлады. Бұл жеңіс – білім ордасындағы тәрбие мен өнердің ұштасып жатқанының айқын дәлелі. Сонымен қатар жас өнерпаздарды қолдауға бағытталған дәстүрлі VIII республикалық «Жас екпін» байқауы да колледж үшін олжалы аяқталды. Аталған додада Қаскелең мәдениет колледжінің 3-курс студенті Бейбіт Нұрғиса өзінің асқан шеберлігімен озық шығып, байқаудың лауреаты атанды. Дарынды шәкірттің бұл жетістігінің артында ұстазы, білікті маман Саят Қырғызбайұлының қажырлы еңбегі тұрғанын атап өткен жөн.
Жұмысшы мамандықтар жылына орай бекітілген іс-шаралар жоспары аясында колледж үлкен жобаның бел ортасынан табылды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, халықаралық қатынастарды нығайту және ұлттық тағамдар мен салт-дәстүрлерді жаңғырту арқылы халықтың тарихи мұрасын сақтауды мақсат еткен «TAIQAZAN-2026» ІІ Халықаралық фестиваліне Қаскелең мәдениет колледжі белсене қатысты. Фестиваль аясында колледж студенттері өзгеше қырынан танылып, «KERBEZ FASHION» қазақ ұлттық дизайнерлерінің төл туындыларын заманауи сән үлгілерімен шебер үйлестіре білді. Өздерінің коллекцияларын жоғары талғаммен таныстырған жас дизайнерлер «ІІІ дәрежелі дипломмен», сондай-ақ арнайы Алғыс хат және сертификаттармен марапатталды.
Музыка мен асқақ ән-күй саласында да колледждің бағындырған белестері аз емес. Дәстүрлі форматта өткен музыкалық колледждер арасындағы 47-ші республикалық орындаушылар конкурсы білім ордасы үшін үлкен сын болды. «Қазақ халық аспаптары» мамандығы бойынша сынға түскен колледждің фольклорлық ансамблі өзіндік орындаушылық мәнерімен ерекшеленіп, номинация бойынша ІІІ дәрежелі дипломға ие болды. Жетекшілері Әлихан Мәлікұлы болды.
Колледждің биылғы жетістіктерінің ең шоқтығы биігі – халықаралық аренадағы, атап айтқанда, Үрімші қаласында өткен өнер додасындағы жеңіс. Чжунго елінде ең жоғары кәсіби деңгейде ұйымдастырылған мәртебелі домбыра байқауына Қаскелең мәдениет колледжінің домбырашылар және қобызшылар ансамбльдері қатысып, бақ сынады. Тәжірибелі әрі білікті ұстаздар – Алтынай Махмут пен Жанар Ошақбаеваның жетекшілігімен дайындалған шығармашылық топтар қазақтың қара домбырасы мен киелі қобызының үнін асқақтатып, байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алды. Бұл ғажайып жеңіс отандық өнердің шекара танымайтынын дәлелдеп қана қоймай, ұжымға Қытайдың бас қаласы – Пекинге жолдама алуға мүмкіндік берді.
Өткеннің асыл мұрасын сақтай отырып, болашақтың жаңашыл өнерін қалыптастырып жатқан Қаскелең мәдениет колледжінің осындай толағай табыстары оның білім беру сапасы мен шығармашылық әлеуетінің өте жоғары екенін көрсетеді. Мәдениет майталмандарын тәрбиелеп жатқан бұл ұжымның алдағы алар асулары мен бағындырар белестері әлі де көп болары сөзсіз.
Ұлттық өнерді ұлықтап, халықаралық деңгейде көк байрағымызды желбіретіп жүрген колледж ұжымына алдағы уақытта да жемісті жетістіктер мен толағай табыстар тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

