Кереге таулы, мөлдір бұлақты, жайқалған құрақты Кеген өңірінде Аршын Нұрбақыт атты талантты ақын, талмас өнер иесі, білімді де білікті режиссер тұрады. Өнердің өзіндік болмыс-бітімі келіскен адамы. Тілге шешен, ойға жүйрік, таланты төгіліп тұрған ақын. Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын «кинодраматургия» мамандығы бойынша Дулат Исабековтің шебарханасынан білім алған. Жас дарын өте ізденімпаз, оқығаны, тоқығаны көп. Түсінігі кең, танымы терең. Ұлтымыздың шежіресі, тарихы, өнері, әдебиеті, тілі туралы көңіліне түйгені мол. Айтары анық. Жас жүрегінен шыққан шығармашылық дүниесінің бояуы қанық. Тілге шебер, содан да болар жырларында тосын теңеу, соны тіркестер ұшырасып жатады.
Тар кезеңнің батса дағы тепкіні,
Құнанбайдың тезге көнбес текті ұлы-
Қазақсыз да Абай өмір сүреді,
Ал, Абайсыз бұл қазақтың жоқ күні.
Тұлпар ғұмыр, тарпаң тағдыр тұсауы,
Заман – дауыл қос бүйірден қысады.
Қай кезде де ұлыларға дәуір жат,
Қай кезде де ғұламалар құсалы.
Көзің жасты, көңіл күпті, жан мұздап,
Көп ішінде ғұмыр кештің жалғыз қап.
Түсімде ылғи сұлық қарап тұрасың,
Ақ жүзіңді қып-қызыл қан айғыздап, – дейді Аршындай ақын ағамыз «Абайға арнау» атты өлеңінде. Бұл бір дәуірдің шындығы. Бұл бүгінгі заманға да тән құбылыс.
Біреу шалып аяқтан, біреу теуіп,
Батса батсын ұяттан күн өртеніп.
Қасым деген орда ғой, ардан соққан,
Жарып алма шекеңді кір еңкейіп.
…иә, аруақ! Қасым рухы бір көтерсін,
Ақ ордам – АРДАН соққан гүл мекенсің!
Қасым деген жүрек қой кеудедегі,
Жүрексіз қалай ғана күн кешерсің?! – дейді ақын «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…» атты республикалық дәстүрлі Қасым Аманжолов оқулары байқауына қатысқан арнау өлеңінде.
Рас, талантты өнер иесі көптеген республикалық өнер, тіл байқауларына қатысып, бас бәйгені еш талассыз қанжығасына бөктеріп келеді. Бұл қабілет-қарымы бөлек, дарыны ерекше жас ақынға көрсетілген орынды баға, шынайы құрмет. Аршын ағамыз жоғарыдағы Қасым оқулары байқауынан да жүлдесіз қайтқан жоқ. 2010 жылы Оңтүстік Қазақстанда өткен республикалық жас қаламгерлер форумында бас жүлдені еншіледі. Содан кейін мемлекеттік тапсырыспен «Айқасқа» атты жыр жинағы жарық көрді. Бір топ өлеңдері «Таулар мен өзендер» альманағына, тағы да басқа жыр жинақтарына енді. Біздің кейіпкеріміз «Ауылым – алтын тұғырым» атты әдеби байқау аясында өткен республикалық байқауда драматургия жанры бойынша Алаш орданың 100 жылдығына орай тағайындалған Мұхтар Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың иесі атанды. Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласына орай өткізілген «Мәңгілік елдің мұраты» атты әдеби байқауда поэзия аталымы бойынша жүлдегер атанып, облыс әкімі А. Баталов тағайындаған «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесін жеңіп алды. Жас ақын Елбасы қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты.
Әлмеректей бабамның,
Батасын алған Райымбек.
Бабам батыр болған соң,
Лаулайды менің қанымда от.
Бабам батыр болған соң,
Пақыр болуға хақым жоқ.
Бүгінгі күлген күлкім де,
Бүгінгі жиған мүлкім де.
Асылдарымның арқасы,
Жерімнің куә тау-тасы.
Бабамның асқақ намысы,
Қанымда менің бүлкілде! – дейді ақын Әлмеректей абыз, әулие бабасына арнаған өлеңінде. Сөйтіп, әз бабасына арналған жыр мүшәйрасына қатысып, тағы да бас жүлдені қанжығасына байлап қайтты.
Аршын Нұрбақыт Кеген аудандық Мәдениет үйінің режиссері болып 2014 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ағамыздың араласқан, қолына алған әдеби, мәдени шаралар, шағын сахналық қойылымдар діттеген жерінен шығып, түрленіп, гүлденіп сала береді. Өнер академиясын бітірген жоғары білімді, білікті маманның ауданның мәдениеті мен өнеріне тигізіп келе жатқан шапағат, шарапаты мол. Ауданнан шыққан айтулы ақын-жазушылардың, өнер тарландарының Мәдениет үйінің үлкен сахнасында өтетін шығармашылық, мерейтойлық кештерінің де тізгін-шылбырын қолына алып, ойдағыдай жүргізіп береді. Оның кіршіксіз көңілі, ақ жүрегінен төгілген өлең-жыр, қанатты қағида, маржан сөздер көрермен қауымның жүрегіне жылы қонақтап жатады. «Әп, бәрекелді! Сөйлесең осылай сөйле, қозғасаң осылай қозға, толғасаң осылай толға! Жарайсың, азаматым!»,-дегізіп жатады. Бұл түсінігі мол, ойы шалқар, сөзі маржан ақынға айтылған орынды лебіз.
Қойдың ғой биігіңе құмар қылып,
Күн туса айым, оңымнан туар күліп.
Көрсоқыр көкіректің көзін ашар,
Тасыңды тақсам шіркін, Тұмар қылып!
…тарих таразысы «ТАРПАҢ» ұлың,
Аялап, ардақтайды Ар-тағылым!
Ар-тағылым арда емген ақиығым,
Мұқағали – мызғымас ХАНТӘҢІРІМ!, – дейді ақын ұлы ақын ағасы Мұқағалиға арнаған жүрек сөзін «Хантәңірі» атты жырымен жеткізіп.
Аршын аға – Кеген ауылындағы ұрпағымен өсіп-өніп келе жатқан жас шаңырақтың, өнерлі, өнегелі отбасының иесі. Өмірлік серігі, өнермен егіз аққу Жұлдыздай жары да ағамызбен бірге Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын «театр дизайны» мамандығы бойынша бітірген. Аудандық Мәдениет үйінде суретші, дизайнер. Бір Алланың қос бірдей жоғары білімді, білікті маманды аудандық мәдениет үйіне бере салғанына тәубе дейсің! Әйтпесе, екеуінің де алар асулары, самғайтын көктері, шығатын белестері алда ғой, алда.
Аршын аға мен оның Жұлдыздай асыл жары мынау жарық дүниеге Ақарыс, Бейбарыс, Жанарыс, Хантөре атты алтын асықтай ұлдарын әкеліп, шаңырағын балапандардың базарына толтырды да тастады. Сол қалаулары орындалып, шаңырақтары сәбидің нәзік үніне, балдан тәтті қылықтарына толып, бақыттың тал бесігінде тербетіліп күн кешіп жатқан жайлары бар. Аршындай талантты ақын, жақында Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына орай,Жетісу облысының әкімдігі және «Заң» медиа-корпорациясы бірігіп ұйымдастырған, республикалық детектив шығармалар байқауында жүлделі l орынды иеленіп 500 000 теңгелік сертификатпен марапатталды. Бәркеледі! Ұлтымыздың мәдениеті мен әдебиетіне жаңа леп, соны соқпақ әкелетін, шаңырағын биіктетіп, керегесін кеңітетін, ажарын ашып, мерейін тасытатын – жас таланттар екені белгілі. Бұл өмірдің заңдылығы. Алдыңғы толқынның ізін кейінгі толқын жалғайды. Ұлтымыздың рухани алтын қазынасы жаңа толқын, жас таланттармен молығып, толығып жатады. Ағамызға шығармашылық мол табыстар тілейміз.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.