Осы аптадағы сәрсенбі күні ауданымызға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Аңсар Мұсаханов және Нұрлан Қылышбаев жұмыс сапарымен келді. Келудегі мақсаттары аудандағы сайлаушылармен кездесіп, аудан өмірімен танысып, өндіріс орындарын аралау еді.
Астаналық меймандарды аудан басшысы Махаббат Бигелдиев қарсы алды. Алдымен «ALMATY STEKLO» зауытына барып, тыныс- тіршілігінен хабардар болды. Мекеме басшысы Азим Абдуллаев ғимарат ішін аралай жүріп, жан-жақты ақпарат берді. 92 шағын отбасылық пәтер, 27 бөлмелік жатақханада орналасқан жұмысшылар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған зауыт шығынсыз өндіріс есебінде іске қосылған. Ол сынған әйнектерді қайта өңдеп, шыны бөтелкелер, банкалар шығарады. Қазақстанда өзге де шыны зауыттары болғанымен, бұл сынды толық кешенді өндіріс орыны бірегей.
Келесі кезекте депутаттар жылыжай конструкцияларын өндіру, жобалау, монтаждаумен айналысатын «Holland Green Tech» зауытына (суретте) бас сұқты. Бас директор Бауыржан Баймұхамбет жобамен таныстырды. Бұл ретте сенаторлар нақты сұрақтар қойып, жауап алды. Жылыжай конструкцияларына деген сұраныс, сапасы және шығыны жайында мәлімет берілді. Айта кетейік, Елтай ауылдық округінде орналасқан «ALMATY STEKLO», «Holland Green Tech» өндіріс орындары еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына Қарасай ауданының тартуы болған.
Депутаттардың назарынан Ұмтыл ауылдық округі, Мерей ауылындағы «Alsad» құс фабрикасы да тыс қалмады. 2013 жылы іске қосылған мекемеде 230 адам еңбек етеді. Күніне 600 000 (алты жүз мың) жұмыртқа шығаратын өндіріс орынын аралап, жем қоймасымен, электрлік құрылғылармен танысқан қонақтар таңданысын жасырмады.
ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Аңсар Мұсаханов пен Нұрлан Қылышбаев зауыттарды аралап, басшылармен, жұмысшылармен кездесіп мәліметтерге қанық болды. Осы ретте жиналғандарды өз істерімен таныстырып, Парламентте қаралып жатқан жаңа «Жайылым туралы» заң жобасы жайында айтты. Жұмысшылар мен зауыт басшыларына сәттілік тілеуді де естен шығармады.
Алмас АЛДАБЕРГЕН.