Еліміз бойынша іске асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында қазіргі уақытта жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, кәсіп бастаған және бар ісін дамытып отырған қазақстандықтардың қарасы көп. Ауылдың тұрмысын түзеуге бағытталған бағдарламаның игілігін көріп отырғандардың қатарында қарасайлық кәсіпкер Назира Мыңбаева да бар. Ол бүгінде аталмыш жобаның шапағатың көріп, Шамалған ауылдық округінде шағын наубайханасын ашқан. Ауданның тұрғындарын сапалы әрі балғын нанмен қамтамасыз етіп, олардың алғысына кенеліп отыр.
Шамалған ауылының келіні – мінезінің пысықтығының нәтижесінде бала тәрбиесі және үй шаруашылығымен қатар жеке кәсібін дөңгелетіп отырған жан. Ол осыдан бес жыл бұрын ауылдың орталығында орналасқан «Нұр» базарынан шағын бөлме жалдап, асханасы бар дүкен ашқан. Бастаған ісі ілгерілеген соң, уақыт өте келе тағы бір кәсіпті қолға алуды ойлаған. Сөйтіп жүргенде туыс інісі, қазіргі уақытта осы наубайханада технолог болып қызмет етіп жүрген Ерсұлтан Әбенов оған күнделікті тұтынатын тамақтардың қатарында нанның рөлі жоғары екенін айтып, наубайхана ашу туралы ұсыныс тастаған. Назира әрі ойланып, бері ойланып, інісінің сөзіне құлақ асып, жаңа бағыттағы кәсіпті іске асырудың жолдарын іздей бастаған. Сол кездері таныстары арқылы соңғы екі жылда елімізде ауылды жерлердегі кәсіпкерлерді қолдайтын «Ауыл аманаты» атты жаңа бағдарламаның бар екенін естіп, соған қатысуға бел буған.
Осылайша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қарасай ауданындағы филиалына барып, мамандардан кеңес алып, әкімдікке құжаттарын тапсырып, жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие алған. Қаражат қолына тиген сәтте дүкеніне тиесілі қойманың қасындағы бөлмеге үлкен пештер, қамыр илейтін құрылғы және тағы да басқа қажетті құрал-жабдықтар мен ұн, тұз секілді шикізаттар алып, ағымдағы жылдың мамыр айында наубайхананың жұмысын бастаған.
– «Ас атасы – нан» болғандықтан, әр адам дастарханында ыстық әрі балғын нанның болғанын қалайды. Сондықтан болар басқа-басқа кез келген дүкендердің сөрелерінен нанды жиі байқаймыз. Десе де, кейбір кездері кешкі уақытта сөрелерден балғын нан өнімдерін таба алмай жатамыз. Осындай тапшылықты көзіммен көргесін інімнің наубайхана ашу туралы ойын қолдауды жөн көрдім. Оның үстіне ана әрі келін ретінде үйдегілерге қамырдан түрлі тағамдар пісіріп жүргендіктен, наубайхана ашып, нан пісіру маған таңсық жұмыс болып көрінбеді.
Жасыратыны жоқ, наубайхана жұмысы оңай емес. Дүкендерге нанды таңертең ерте жеткізу керек болғандықтан, қажетті қамырды илеуді түнде бастап, таң ата пештерге саламыз. Оны көбінде жұмысшыларға салмақ салмау үшін інім екеуміз жалғыз жүріп дайындаймыз. Таңертең ыстық нанды жіберген соң, тоқаш, бәліш, шағын пицца секілді заттардың қамырын дайындай бастаймыз. Шүкір, өнімдерімізге сұраныс бар. Ыстық күйінде Шамалған ауылының дүкендеріне өткіземіз. Бұған қоса біздің өнімді Жандосов, Шалқар, Бекболат секілді ауылдардың дүкендері де сатып алуда, – деді Назира.
Бүгінде іскер азаматша алғашқы кездердегі қиындыққа мойымай, кәсібінің келешегіне үмітпен қарап, күні-түні осы шаруаның соңында жүреді. Осыған дейін істеп тұрған дүкенінің арқасында тұрақты тұтынушылары да қалыптасып үлгерген.
Қазіргі уақытта наубайханада күніне 1500 дана бөлке, ақ және қара батон, бородин мен тандыр нандар пісіріледі. Сондай-ақ қосымша күн ара 500-600 дана қамырдағы шұжық, бәліш, пицца, тәтті тоқаштар жасалып, өз дүкеніне және өзге де сауда орындарына сатылымға жіберіліп отырады.
Осында технолог болып істейтін Ерсұлтан Әбеновтың айтуынша, олар өздерінің шығарып отырған өнімдерінің сапасына үлкен мән бергендіктен, қамырға арналған ұнды еліміздің солтүстік-шығысында орналасқан Павлодар қаласынан алдыртады. Себебі осы жақтан шығатын ұнның сапасы жақсы әрі илегенге де жеңіл. Ал нан пісіруге қажетті қоспалар Алматы қаласындағы арнайы дүкендерден алынады.
Цехтың өзіне келетін болсақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, мұнда барлық қажетті құрал-жабдықтар орналасқан. Ішінің тазалығына да ерекше көңіл бөлінеді. Таңертең жұмыс басталғанда бір тазалық жұмыстары жүргізілсе, кешке тағы мәрте құрал-жабдықтар жуылып реттестіріліп отырады. Жалпы, наубайхана барлық санитарлық талапқа сай. Бүгінде іскер азаматша ауданның дүкендерін сапалы нан өміндерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ алты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Иә, ас атасының дайындалуы оңай жұмыс емес. Десе де Назира төзімділік танытып, бүгінде кәсібін бір қалыпқа келтіріп алған. Оған қоса қазір жеткен жетістігімен тоқтамай, алдағы уақытта ісін дамытып, цехты және жұмысшылар санын кеңейтіп, өнімін Қазақстанның өзге өнірлеріне шығаруды жоспарлауда. Оған қоса тәтті өнімдер жасайтын кондитерлік цех ашуды да ойластырып отыр.
– Бастапқы қиындықтар – әр істі бастар кезде кәсіпкердің басынан өтетін жайт. Жалпы табысқа жетудің бірден-бір кілті, ол – төзімділік. Қандай жұмыс болса да ауыр жеңіліне қарамау қажет. Ал несібесі жасаған жұмысына қарай келетін болады. Ең бастысы, жоспарымыз бен нақты мақсатымыз бар, – деді нәзікжанды кәсіпкер.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.