Қазақта «Қартың болса ауылда, жазып қойған хатпен тең» деген сөз бар. Бұл өте орынды айтылған, себебі артта қалған күндердің белесін осы қарияларымыздан білеміз. Олар өткен шақ пен болашақты жалғастырып тұрған «алтын көпіріміз» іспетті. Осыны ескерген ауданымызға қарасты Шамалған ауылдық Мәдениет үйінің қызметкерлері жыл басы мейрамы – Наурыз мерекесін «Әкежан» қарттар үйінің қарияларына құрмет көрсетуден бастауды жөн санапты.
Нақтырақ айтқанда, осы аптаның сәрсенбісі күні ауылдық Мәдениет үйі мен Үшқоңыр мектеп-гимназиясынан келген өнерпаздар «Игі істер» күніне орай аталмыш қарттар үйіне арнайы барып, «Жүректен жүрекке» атты шағын концерттік іс-шара өткізді. Әншілер қасиетті домбырамен күмбірлете күй шертіп, дәстүрлі әсем әуендер шырқап, қариялардың көңілдерін бір марқайтты. Сондай-ақ, өнерпаздар берекелі отырыс барысында абзал ақсақалдар мен ақ жаулықты аналармен емен-жарқын әңгімелесіп, жақсы тілектер мен ыстық лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарды табыстады. Әрі мерекелік тәттілер мен көктемнің бір белгісі ретінде дәмді жемістер тарту етті.
«Әкежан» қарттар үйінің қариялары үшін Шамалған Мәдениет үйі өнерпаздарының арқасында алда келе жатқан әз-Наурыз мерекесі осылайша көңілді өтті.
Қазақта қарт кісіні көрегенді ұрпақ құт-береке деп таныған. Осы орайда, асыл қазынамыз – қариялар, еңбектің зейнетін көріп отырған шақта көңілді әрі қызықты өткен шара соңында ұйымдастырушыларға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытқаны үшін алғыстарын білдірді.
Материалдарды дайындаған
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.