Гүл өскен жерге гүл өседі. Қашанда ән мен жырдың мекені болған Жамбыл ауданы өрелі өнерпаздан кенде емес. Арқалы ақындар мен дәулескер күйшілер суырылып шыққан топырақта бүгінде күміс көмей әншілер көрерменнің ыстық ықыласына бөленуде. Солардың бірі – Ұзынағаш ауылындағы Сембаевтар халықтық отбасылық ансамблі.
Құрылғанына он үш жыл болған отбасылық өнерпаздар тобы түрлі деңгейдегі байқауларда жүлделі орындардан көрініп, Диплом, Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен марапатталған. 2010 жылы облыстық «Отбасы – алтын діңгек» байқауында бас жүлдені жеңіп алып, республика бойынша өткен аталған байқауда 16 отбасының ішінен 2-орынды иеленген. Өнер сапарымен өңірдің әнсүйер қауымын концерттік бағдарламамен аралап шығып, өзіндік үнімен облыс көлеміне танылды.
Ансамбль жетекшісі, отағасы Талғат Сембаев өткен жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ол – композитор. Репертуарындағы отыздан астам ән оның өзінің төл туындысы. Музыкалық аспапта өңделмеген басқа да әндерін қосқанда, осы күнге дейінгі шығармасының жалпы саны алпыстан асады. Оның ішінде патриоттық тақырыпқа арнаған туындылары бір төбе. Туған жер, салт-дәстүр, ана, әке, сүйген жар, ұстаз, дәрігер, көктем туралы лирикаға толы шығармалары тыңдаушысын баурап алады. Ауданда өтетін Тәуелсіздік Күні, Наурыз мейрамы сияқты басты мерекелерде сазгердің «Кел, Наурыз», «Астана», «Алматым», «Жаңа Жыл» сияқты әндері үнемі орындалады. Ақын Есенқұл Жақыпбектің «Күз қала көркем Талдықорған», Нүсіпбай Әбдірахымның «Қимас мекен Жетісу», «Үмбетәлі – жырдың қара жорғасы», Әміре Әріннің «Қараталым, сағынышым, ауылым», Қуат Қайранбайдың «Жетісу», Байқалы Нүкетаевтың «Тәуелсіз ел бастауы», Самат Нәбиевтің «Талдықорған» сияқты өлеңдеріне жазған әндері мәдени шараларда жиі шырқалады. Композитор әндерін танымал эстрада жұлдыздары орындайды.
Талғат Шәріпұлы «Жетісу» Мемлекеттік университетін тәмамдап, Сарқан мәдени-ағарту училищесінде музыка бөлімінің ұстазы, үрмелі аспаптар оркестрінің дирижері, Алматы қаласындағы Республикалық білім жетілдіру институтында эстетикалық бөлімнің әдіскері қызметтерін атқарған. Әуен жазу дарыны осыдан он сегіз жыл бұрын Жамбыл ауданына қоныс аударуымен бірге ашылыпты. Осындағы Қарғалы ауылына тұрақтап, мектепте музыка пәнінен сабақ беріп жүргенінде осы аймақтан шыққан тарихи тұлғалар мен елге еңбегі сіңген ардақтыларды зерделей келе, «Қарғалы» әні туады. Одан кейін-ақ ән бұлағы ағытыла беріпті. Жергілікті қаламгерлер Рәтбек Терлікбаев, Гүлнар Өмірзақова, Виктор Никитиндердің сөздеріне жазылған әндері әрқайсысынан екіден-үштен бар. Осы орайда ол Жамбыл жеріне, қонақжай еліне, өзін қолдаған атқамінерлерге ризашылығы шексіз екенін айтады. Қазақтың қай жері де қазаққа ыстық қой. Өзі суын ішіп, ұрпақ өсіріп отырған киелі мекен де оған дәл сондай.
Жары Күлімхан Қалалиева да әнші әрі ән сөзінің авторы. Алпыс әннің жиырмадан астамының өлеңін жазған ақындық дарыны бар. «Қарғалы» әнінің сөзі – оның туындысы. Талғат бұл әні үшін Мұқан Төлебаев атындағы дәстүрлі облыстық композиторлар байқауында 36 сазгердің ішінде «Жетісуым-жерұйығым» номинациясы бойынша 3-орын алған болатын. Кербұлақ ауданында дүниеге келген Күлімхан Тұрсынқызының киелі туған жеріне арнап жазған «Туған жерім – Басшиім» атты әні де бар. Жастайынан өнерді өміріне серік қылған Күлімхан – ұлағатты ұстаз, аяулы ана, өнер мен өмірде Талғат ағамыздың адал серігі. Мамандығы – «қобызшы, домбырашы». Қазіргі жұмыс орны мектепте. Музыка пәнінің мұғалімі. Ол қыз күнінде қолына домбыра алып айтысқа да түскен, жүйрік атқа міне сала қыз қууға да шабатын. Басши ауылында кітапханашы, клубта әдіскер ретінде мәдени іс-шаралардың белсенді ұйымдастырушысы болған.
Өмірде де, өнер айдынында да қос аққудай қатар жүзген жарасымды жұптың балалары да шетінен өздеріне тартқан өнерлі. Тұңғыштары Жәнел мен үлкен ұлы Әнуар – аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің белді әншілері. Жәнелдің жары Ерсейіт Боранбаев та осы ансамбльдің концерт жүргізушісі, әрі әншісі. Сембаевтар ансамблі Жадыра есімді әнші келінімен толықты. Отағасы Талғат жуырда 60 жасқа толуына орай ауданның Құрметті азаматы атанды. Өнер атты өміршең саланың тамырын тап басқан Сембаевтар отбасылық ансамблінің рухани байлықты дамыту бағытында жемісті қызмет ете беруіне тілектеспіз.
Суретте: Сембаевтар отбасылық ансамблі.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.