Аудан мәдениетінің өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген Қалбибі Абдуллаеваның өнерлі де жігерлі жас таланттарды шыңдайтын «Қалбибі» өнер студиясының шәкірті, жақында ғана «Шығыс раушаны» мен «Бозторғай» халықаралық байқауларынан жүлделі оралған Нұрлыбек Сапарбай тағы да бір қомақты жеңісті қанжығасына байлады. Кішкентай кезінен өнерді серік етіп, қазіргі таңда ауданымыздың атын тек республикалық емес, сондай-ақ, халықаралық дәрежеде шығарып жүрген жас өнерпаз маусым айының 10-14-і аралығында Ақтөбе қаласында аз уақыт ішінде, әлем сахнасына бірқатар жарқын да жас жұлдыздарды сыйлап үлгерген «Baqytty bala» ІІ ашық фестиваль-конкурсының екінші маусымына қатысып, бірінші орын биігінен көрінді!
Аталмыш байқау Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай, қала әкімдігі мен «Димаш-Әли» продюсерлік орталығының қолдауымен ұйымдастырылған. Халықаралық мәртебеге ие болып, қазақстандық өнер өлкесіндегі өрендерді әлемге танытып жүрген байқаудың мақсаты – жаңа есімдерді тауып, олардың алға қарай жүруі үшін жағдай жасау, қатысушылардың орындаушылық шеберліктерін жетілдіру, вокал өнерінің үздік дәстүрлерін дамыту. Жас өнерпаздар сайысына қатысуға Ресей мен Украина сынды жақын шетелді айтпағанда, Греция мен Канада сияқты шалғай елдерден келген 10 жастан 15 жасқа дейінгі 500-ден аса үміткер қатысуға ниет білдірген. Алайда, байқаудың ақтық сынына тек 20 қатысушы ғана іріктеліп алынған. Сайыс шарты бойынша қатысушылар бірінші кезеңде өз ана тілінде бір әнді (оның ішінде өзі жазып шығарғанын да) айтса, екінші кезеңде өздерінің вокалдық қабілеттері мен сахналық таланттарын мейлінше айқын көрсететін әлемдік деңгейдегі танымал хиттердің перфоманстарын орындауы қажет еді. Аталмыш конкурста балалардың өнерін бағалайтың қазылар алқасының мүшелері болып шетелдік белгілі орындаушылар мен шоу индустриясының құрметті де кәсіпқой мамандары таңдап алынған. Олардың қатарында «X-фактор» жобасына қатысып, бірінші кастингінің бейнетаспасы YouTube кеңістігінде танымал болған және қазақстандық көрерменнің де есінде қалған Украина әншісі Аида Николайчук бар. Тәуелсіз өкіл ретінде әйгілі «Голос» тележобасының жұлдызы, грузин орындаушысы Нини Цнобиладзе шақырылды. Сондай-ақ, сараптамалық командаға Валерий Леонтьев, Николай Басков, Филипп Киркоров және «Түрік хоры» сияқты топ жұлдыздармен жұмыс істейтін Ресейдің өкілі, композитор Евгений Евзеров кірді. Мұнан бөлек қазылар алқасының құрамына елімізден Димаш Құдайбергеннің саунд-продюсері және музыка көркемдеуші Ерлан Бекчурин, танымал композитор әрі орындаушы Ұлықпан Жолдас және Димаштың ұстазы, оның бірегей талантын әлемге танытқан, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Марат Әйтімов болды. Алыс жақын шетелдік және отандық өнердің білікті майталмандары қазылық еткен байқауда қазақтың әні «Молдабай» мен ағылшын әні «Listen» композицияларын орындаған Нұрлыбек өзінің әсем дауысымен қазылар алқасы мен тыңдармандарды баурап алып, өте жақсы әсер сыйлады. Сонымен, қарасайлық жас әнші бәсекелестерінен өнер бәйгесінде оза шауып, І орын мен 250 000 теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.
Осылайша енді 90 жылдығын тойлағалы отырған ауданымыздың абыройын тағы бір асқақтатып, қуанышын еселеткен қарасайлық жас өнерпазымыз Нұрлыбекті кезекті жеңісімен құттықтаймыз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.