Қарасай ауданында түрлі сала бойынша шешімін таппаған мәселелер әлі де жетерлік. Дегенмен, халықтың талабы ескеріліп, ел игілігі жолында атқарылып жатқан жұмыстарды да жоққа шығаруға болмайды. Мұндай игі істер бүгінгі таңда аудан әкімінің нұсқауымен жалғасып та келеді. Бәрі бірден шешілмейтіні анық. Десе де жүйелі атқарылған жұмыстар жоқ емес. Газетіміздің осы санында Ұмтыл ауылдық округінде бір жыл ішінде не өзгергенін назарларыңызға ұсынуды ұйғардық.
Алдыңғы кезекте округ тұрғындары біраз уақыт шағымданып жүрген үш ауысымдылық мәселесін шешу мақсатында Алмалыбақ ауылындағы орта мектепке 600 орындық жапсаржайдың құрылыс жұмыстары аяқталып, қосымша ғимарат жыл басында толықтай қолданысқа берілді. Айта кетейік, Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназияның жапсаржай құрылысы 2021 жылдың мамыр айында басталған. Оған мердігер мекеме «КапСтройГрупп-Т» ЖШС жауапты болды. Жаңа ғимараттың ішінде 26 кабинет, 180 орынға арналған АКТ залы, 200 адам сиятын асхана және спортзалы бар. Кабинеттердің барлығы заманауи талапта жабдықталған. Сондай-ақ, 2023 жылдың мамыр айында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Жалпақсай ауылында 1500 орындық мектептің құрылысы басталып, 2024 жылдың желтоқсан айында қолданысқа берілуі жоспарлануда. Тұрғындардың тарапынан көтеріліп келе жатқан қоғамдық көліктің мәселесі оңды шешіліп, маршруттардың саны артуда. Жолаушыларды тасымалдау бойынша, жалпы Ұмтыл ауылдық округінде 2 маршрут қызмет көрсетеді, олар №78 және №8. Сондай-ақ, «Қаскелең-Жалпақсай-Исаев» бағыты бойынша жүретін автобустарға субсидия бөлініп, ағымдағы жылдың 1-жартыжылдығында № 9 маршрут ашылды. Одан бөлек жақында №6 «Тұрар-Алтын Орда» бағытында қатынайтын қоғамдық көлік іске қосылды. Бұл маршрут Алмалыбақ ауылы арқылы «Алтын орда» базарына дейін жүреді. Сонымен қатар, «Алматы-Жалпақсай-Мерей» бағытында жаңа маршрут ашу бойынша Алматы қаласының қалалық мобильді басқармасына және Алматы облысы жолаушылар тасымалдау және автомобиль жолдары басқармасына ұсыныс берілді.
Округтің дамуы мен көркеюі бағытында құрылыс жұмыстарымен қоса жол жөндеу жағы да қарқынды жүріп жатқанын айта кетуіміз керек. Әрине, ауданымыздың өзге елді мекендерінде сияқты бұл округте де көшелердегі жолдарда асфальттың жоқтығы жыл сайын көтерілетін өзекті мәселенің бірі болып отыр. Осы ретте бұл мәселені шешу мақсатында округте көптеген жұмыс жасалып жатыр деуге болады. Мәселен, биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Алмалыбақ ауылындағы Үкі ата көшесіне, Көлді ауылындағы 9 мамыр көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жалпақсай ауылының Әуезов және Сәтпаев көшелері де жөнделді.
Сонымен осы жылы Алмалыбақ ауылынында мердігер мекеме «ГрадСтройСервис» ЖШС тарапынан Хабибулин, Бәсібеков, Шегебаев көшелерінде, Жалпақсай ауылында мердігер «Шах» ЖШС-і Т.Сарбасов және Ардагерлер көшелерінде орналасқан көп қабатты тұрғын үйлерінің аулаларына абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның нәтижесінде аталған көшелерде балалар ойын алаңы, баскетбол алаңы және аулаларға асфальт төселеді.
Жалпы 2023 жылы округтің санитариясына көп көңіл бөлінеді, атап айтсақ-тұрмыстық қатты қалдықтар жиналып, округтің айналасын тазарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ абаттандыру мен көгалдандыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Округ бойынша күнделікті кемінде бір тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар колмен теріліп, жиналады және белгіленген полигонға шығарылады. Ағымдағы жылдың 1 – жартыжылдығында кемінде 180 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды.
Автомобиль жолдары бойынша 67,8 шақырым ауыл ішкі жолдардың 25,7 шақырымына немесе 37,9%-на жөндеу жүргізілген, 23,3 шақырымы немесе 34,4% қанағаттанарлық жағдайда, 18,8 шақырымы немесе 27,7% күрделі жөндеуді қажет етеді. Округ аумағында жыл басынан бері бес аялдама орнатылды, олар: Сұлусай көшесінде 3, Ерлепесов көшесінде 1, Т.Сарбасов көшесінде 1 аялдама.
Бұрым ОРЫНБАСАР.