Ағымдағы жылдың 15-сәуірінен бастап қазақстандықтардың мобильді ақша аударымдарының қандай жағдайда кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістерге жатқызу керектігін белгілейтін Қаржы министрлігінің бұйрығы күшіне енді. Яғни, салық органдары қатарынан 3 ай ішінде әртүрлі адамдардан айына 100-ден астам аударым алатын тұлғалар туралы ақпаратты тексеріп отыратын болады. Қаржы министрлігінің арнайы бұйрығы күшіне енгеніне бір апта өтпей жатып халық арасында түрлі сауалдар көбейді. Себебі көптен бері қағаз ақша ұстамаған жұрт үшін бұл елең еткізер жаңалық. Газетіміздің бүгінгі нөмірінде қазақстандықтарды мазалаған «нақты қандай мобильді аударымдарға қатысты ақпараттар салық органдарына беріледі?» «Қарапайым тұрғындардың жеке мәліметтерің құпиялығы қалай сақталады?» «Аударым саны 100-ден асқан қарапайым адамдардан салық алынады ма?» деген сияқты сұрақтарына жауап беретін боламыз.
Қаржы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бұл өзгерістерге байланысты қарапайым халықтың алаңдауына еш негіз жоқ. Себебі біріншіден ақшаны аударғандардың емес, қабылдағандардың мәліметтері тексерілетін болады. Оның өзінде есеп-шотына әртүрлі адамдардан үш ай қатарынан ай сайын кемінде 100 аударым жасалса ғана салық органдары шақырып, қаржының қайдан түскенін түсіндіріп беруді талап етуі мүмкін. Бұл жағдайда қаражаттың жасырын кәсіпкерлікпен байланысты еместігін дәлелдеуі керек. Яғни, жақын туыстары, достары ақша аударып жатса, ол үшін қам жемеуге болады. Заң бойынша банктер клиенттердің жеке бас мәліметтерінің құпиялығын сақтауға міндетті. Екіншіден, мобильді аударымдарға қатысты мәліметтер төрт кезеңге бөліп, біртіндеп іске асырылмақ.
Нақтырақ айтқанда, биылғы жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін аталған процестің бірінші кезеңі өтетін болады. Бұл аралықтағы өзгерістер мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген азаматтар және олардың жұбайларына ғана қатысы бар. Оның өзінде тек 2022 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер органдары жаңағы санаттарға кіретін нақты тұлғалардың ЖСН нөмерін банктерге береді. Тек содан кейін ғана аталған санаттағы адамдардың есеп-шоттары бақылана бастайды. Ал 2023 жылдың басынан 2024 жылдың 1 қаңтары аралығында өтетін екінші кезеңде бюджеттік сала мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайларының шоттары тексеріледі. Үшінші кезеңде заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары туралы мәліметтер қарастырылады. Халықтың қалған санаттарына қатысты мәліметтер тек осы кезеңдер аяқталғаннан кейін ғана, яғни, 2025 жылдан бастап жалпы ортақ декларация тапсыру басталған тұста іске асады.
Қарапайым тілмен айтсақ, қаржы министрінің мобильді аударымдарға қатысты бұйрығы салық мониторингінің тиімділігін арттыруға, заңдылықты сақтауға және салық төлеуден жалтаруға жол бермеуге бағытталған. Жеке тұлғалардың, адал салық төлеушілердің жеке аударымдарын қозғамайды. Қандай санатқа жататынына қарамастан бүкіл тұлғалардың банк шотына жасалатын аударымдарды бақылау тек 2025 жылы басталады. Оның өзінде бақылау жұмыстары тек банктердің тексеруі кезінде анықталған бұзушылықтар бойынша ғана жүргізіледі.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.