Әлем елдерінің қай-қайсысында болсын жалпыхалықтық тұрғыда мемлекет екендігін бір қырынан айшықтайтын айтулы күндері болады. Олар – мемлекеттік және ұлттық мерекелер. Оның әрбірі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, дәстүрді дәріптеп, мәдени құндылықты, мемлекетшілдікті мызғымас ететіні айтпасақ та түсінікті шығар. Тәуелсіз Қазақстанның да егемендігін, азаттығын асқақ ететін, мұраларын дәріптейтін, өткенінен сыр шертетін айтулы даталары бар. Әр бірінің тұтас тарихы бар десек артық айтқанымыз болмас.
Елімізде осындай мерейлі мерекелердің қатары биыл 25 қазан – Республика күні ретінде қайта толықты. 13 жылдан кейін қазақстандықтармен қайта қауышқан айтулы күннің маңыздылығы жоғары.
Алғаш рет Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы қазанда жарияланған еді. Бұл Жарлыққа еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды.
Жалпы, 25 қазанның Республика күні ретінде таңдалуы кездейсоқ емес. 1990 жылы дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің арнайы Жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған болатын. Бұл маңызды құжатта Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі және Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді.
Уақыт өте келе заңға өзгерістер енді. Ол реформа 2009 жылы орын алды. Яғни, «30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні» ұлттық мереке болып жария етілді. Ал Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды және бұл әдеттегі жұмыс күніне айналды.
Десе де Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде даму сатысынан төмендемей, ұлтты бірлікке ұйыстыратын қадамдарын жасаудан еш тайсалған емес. Ел тізгінін ұстаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің салиқалы саясатын жүргізіп, елдің әл-ауқатын жақсартуды алға қойып, егемен елдің мәртебесін одан әрі нығайту үшін байыпты бастамаларын іске асырып келеді. Соның ішінде биыл жазда өткен Ұлттық құрылтай барысында ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтару туралы ұсынысын ерекше айтуға болады.
«Ұлттык мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша ел Президентінің ұсынысы халықтың көңілінен шығып, қоғамның тарапынан қолдауға ие болып, қыркүйек айының ортасында ҚР Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға түзетулер енгізді. Аталған құжатқа сәйкес, Республика күні 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні, яғни, 16 желтоқсан – мемлекеттік мерекеге айналды.
Мерейлі мерекені насихаттап, оның құндылығын дәріптеу үшін еліміздің әр өңірінде түрлі сала бойынша біраз іс-шаралар атқарылды.
Республика күнінің маңыздылығын түсіндіру үшін Шамалған ауылындағы Үшқоңыр су шаруашылығы колледжінің ұжымы мен студенттері бұл дәстүрден қалыс қалған жоқ. Ендеше, бірлесе атқарылған жүйелі жұмыстарға тоқтала кетейік. Ұлттық мерекенің аясында аталмыш оқу орнының студенттік парламент белсенділері мен колледждің кітапханашысы Н.Жалғаспаева «Қазақстанның салт дәстүрлері кітап дерек көздерінде» атты квест ойынын өткізді. Оған 1 курс білім алушылары қатысып, бақтарын сынады. Негізгі мақсат – Республика күнін насихаттау арқылы студенттерге қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындыру, ұлттық сананы ояту, жас ұрпақ санасына, туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялату, ұлттық рухты бойына сіңіру. Ойын барысында студенттер әртүрлі тапсырманы уақытқа сай орындап, салт-дәстүр мен әдет ғұрыптарға байланысты сұрақтарға жауап берді.
Сонымен қатар Республика күнін ұлықтау мақсатында Үшқоңыр су шаруашылығы колледжінде оқытушылар мен студенттердің қатысуымен «Патриотизм дауысы» атты республикалық жаппай Гимн орындалды. Іс-шара аясында мерекенің маңызы мен тарихы жайлы толық мағлұмат айтылды.
Ұлттық мерекеге орай Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығы мен «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы «Жаңа Қазақстан – бейбіт елдің көк байрағы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Бұл іс-шараға колледждің студенттері қатысып, Республика күнінің тарихи маңыздылығы жайлы ақпараттан жан-жақты хабардар болды.
Айтулы күнді насихаттауға арналған мерекелік шаралардың өтуіне колледждің ұстаздары да белсенділік танытты. Дене шынықтыру пәнінің оқытушылары мен спорт және саламатты өмір сүру фракциясының мүшелері волейболдан жолдастық кездесу өткізді. Біздің оқу орнының атынан шыққан «Үшқоңыр» командасы «Аяжан» медициналық коллледжімен шаршы алаңда кездесіп, жеңіске жетті.
Республика күнін мерекелеу кезінде өткен іс-шаралардың тағы бірі – «Республикам менің» атты челлендж. Бұл бастама «Оқуға құштар колледж» жобасы аясында ұйымдастырылды. Оның барысында студенттер Отан, туған жер жайлы белгілі ақындардың өлеңдерін оқып, елге, жерге деген ыстық ықыластарын жеткізді.
Ел тарихында ерекше орын алатын ұлттық мерекені өз деңгейінде ұлықтап, мәртебесін арттыру үшін колледжімізде осындай игілікті іс-шаралар ұтымды ұйымдастырылды. Оның өтуіне бір кісідей атсалысқан, еңбек еткен А.Саламатова, Н.Жалғасбаева, С.Тастанбек, М.Ережепов, Б.Нұрманов сынды колледж оқытушыларына ерекше алғысымды білдіремін.
Тәуелсіз мемлекеттің қоғамын біріктіретін, тұтастығын қалыптастыратын Республика күнінің маңыздылығы саналы ұрпақ тұрғанда еш жоғалмайды деген сенімдеміз. Ұлттық рухты көтеретін, азаттықты асқақ ететін мерейлі күндеріміз көп болсын!
Гүлмира ЛИЯСОВА,
Үшқоңыр су шаруашылығы колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары.