Қазіргі таңда үздіксіз білім беру еліміздің ертеңі өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек ешқашан қателеспейміз. Бүгінде ауданымызда орналасқан ұлағат ұялары бүлдіршіндерге мектепке дейінгі білімді жетік меңгертуде. Мәселен, Қаскелең қаласында орналасқан «Мерей» балабақшасы елді мекенде жүйелі жұмыс жүргізуде.
Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиешілердің- ұстанымы ауысқан: ол балаларға басшы емес, білім беру қызметінің тең қатысушысы. Мұндай оқыту баланың интеллектуалды қабілеттілігін айтарлықтай шамада анықтайды, балаларға мінезін қалыптастыруға, байланыс тілді, логикалық ойлауды, дүниетанымды дамытуға, сыни ойлауды қалыптастыруға және жеке мүмкіндіктерді беретін дамытушы орта құруға мүмкіндік береді. Осындай бағытты ұстанып келе жатқандардың бірі – «Мерей» балабақшасының меңгерушісі Айнагүл Сатыбалдиева. Ол басшылық қызметпен қатар, мектепалды даярлық тобының тәрбиешісі ретінде қызмет атқарып келеді. Биыл үшінші жыл түлектерін білім ордаларына жібермек. Осы аптаның сәрсенбісі күні Айнагүл Орынқұлқызы балабақшадан қанат қаққалы отырған топтың алған білімдерін қорытындылау негізде ашық сабақ өткізді. Оған бүлдіршіндермен қатар олардың ата-аналары да қатысты.
Сабақ басталмас бұрын алдымен Айнагүл Орынқұлқызы балалар өздерін емін-еркін сезу үшін олармен «қол алысу», «би билеп, ән айту» сияқты ойындарды ойнатып, оларға жақсы көңіл-күй сыйлап, еркін жүруге, жаңа ақпаратты оңай қабылдауға септігін тигізеді. Одан кейін оқу сауаттылығы сабағы өтіп, мектепалды даярлық тобының бүлдіршіндері қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндері әріптерді әнге қосып айтып, тіпті, әріптерді буынға бөліп оқи алатындықтарын көрсетті. Келесі кезеңде балалар сандарды реттілігі бойынша айтып, қосу мен алу бойынша есептерді тақтаға шығып жауап берді. Білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін ойын арқылы көрсеткен сабаққа, бүлдіршіндердің барлығы белсенді қатысып отырды. Бұл «Мерей» балабақшасындағы мектепалды даярлық тобының тәрбиешісінң жыл бойы еңбегінің жемісі деп айтуға болады.
Мектепке дейінгі шақ адам өміріндегі ең маңызды кезең болып келеді. Өйткені осы кезде баланың бойындағы табиғи бар дарындылық жан-жақты дами бастайды. Сондықтан осы шақта балалармен анағұрлым жан-жақты дамытушылық әрекеттер жүйелі жүргізілсе, жұмыс соншалықты нәтижелі болады. Тәрбиелі, білімді ұрпақ балабақшадан мектепке дайын шәкірт болып шығады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.