Ауданымызда аталып жатқан Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, кеше Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына қарама-қарсы орналасқан жаңа саябақта орнатылған тұғырға 30 метр биіктікке Мемлекеттік ту көтерілді. Бұл биіктік өлшемі Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына негізделіп алынған.
Салтанатты рәсімді аудан әкімі Жандарбек Далабаев ашып, жиналған халықты ұлтымыздың ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, осы уақытта елімізде қол жеткізілген жетістіктер мен ауданымызда атқарылған іргелі істерге тоқталды. Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Едіген Жүнісбеков көптеген қиындықтарды жеңу арқасында қол жеткізген Тәуелсіздігіміздің біздің байлығымыз бен құндылығымыз екендігін атап айтты.
Мұнан кейін аудан басшысы мен Едіген Исатұлы және Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Бейжін Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев егемен еліміздің ең басты рәмізі – көк туды биікке көтерді.
Көк аспанымызда желбіреген көк байрақты көтеру рәсімі мемлекеттік Гимннің орындалуымен түйінделді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.