Кеше Ел Президентінің «Ана тілі» газетінде «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деген атаумен сұхбаты жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әңгіменің басын әлемді әуреге салған коронавирус пандемиясымен байланыстырған екен.
Сүбелі сұхбат барысында талай өзекті мәселенің айналасында сөз қозғалып, туған тіліміздің қолдану аясын кеңейтуге қатысты орнықты ойлар да айтылды. Әрине, Президентіміз тілдік проблемаға да ерекше тоқталып, оның үлкен саяси мәні мен маңызын да түсіндірді. Расымен де, Қасым-Жомарт Кемелұлының айтар ойының жаны бар дегім келеді. Өйткені, өзі айтқандай, тіл мәселесіне немқұрайды қарасақ, мемлекетіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз әбден мүмкін.
Мемлекеттік тілдің аясында мәселелер жоқ емес, әрине, бар. Тек жүйелі жұмыстың арқасында ғана нәтиже көрсете аламыз. Тіпті, Мемлекет басшысы қазіргі таңда аз сөйлеп, көп іс тындыратын уақыт екендігін жеткізді. Оның сөзінше, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғам арасында оған деген қажеттілікті арттыра отырып, ана тілімізді жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау керек.
Жалпы айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының реформаға сай айтар ойын түсіне білсек, бағытымыз айқын, алдағы іргелі істерге құрған жоспарымыз салмақты болады деп түсінемін.
Жанар ОРАЗАЛИЕВА,
Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы» Қарасай аудандық филиалының
директоры.