Мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Еліміздің ежелден аңсаған азаттығына қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, Мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан Мемлекеттік рәміздерді қастерлеу – әрбір азаматтың қастерлі борышы.
Әйтсе де елімізде әлі күнге дейін оларды қолдану кезінде көптеген олқылықтар орын алып жатады. Ең өкініштісі заңды дұрыс білуі тиіс мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың өзінде ондай қателіктер жетіп артылады. Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығының жасаған статистикасы соған дәлел.
Аталмыш орталықтық мәліметіне сүйенсек, бүгінде елімізде 98 әкімшілік мекеме ресми құжаттарында 1992 жылғы, 118 мекеме 2014 жылғы Елтаңбаның бейнесін, 15 мекеме спорт киімдеріне арнайы тігілген Елтаңбаның бейнесін, ал үш мекеме, тіпті, біздің елімізге қатысы жоқ Елтаңбаны қолданып жүр. Сонымен қатар, көптеген әкімшілік мекемелер қолдан жасалған немесе ғаламторда жүрген дұрыс емес Елтаңбаны қолдануда.
Осындай олқылықтарды түзетіп, алдағы уақытта ондай қателіктерді болдырмау мақсатында аталмыш орталықтың бастамасымен елімізде «ҚР Мемлекеттік рәміздерін насихаттау және ұлттық стандартқа сай қолдану бағытындағы жұмыстар» тақырыбында әдістемелік семинарлар ұйымдастырылуда. Таяуда сондай семинар біздің ауданның орталық Мәдениет үйінде өткізілді. Аудан және округ әкімі аппараттарының, дербес бөлімдер мен мекеме мамандары, ұстаздар қатысқан жиынның барысында арнайы келген Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталығының атқарушы директоры Руслан Хамза рәміздер мәселесін көтеріп, оларды ұлттық стандартқа сай қалай қолдану керектігін түсіндірді.
Нақтырақ айтқанда, семинар барысында спикер «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заңына, Үкіметтің айқындалған ережелер мен қағидаларын кеңінен түсіндіріп, егемендігімізді айқындайдың басты белгілердің шығу тарихына, авторларына тоқталып, оларда орналасқан символдардың өзіндік рөлдерін таныстырды. Көгілдір аспанмен астасқан Туды тігінен ілуге болмайтындығын, кабинеттерде ілінетін Тудың тұғыры мен Елтаңба ұлттық стандартқа сай бірдей деңгейде орналастыру қажет екенін, сондай-ақ әкімшіліктер қолданатын ресми қағаздардағы Елтаңбаның суретіне, мөрлерінде жазылған жазуларға мұқият болу керектігін түсіндірді. Тәуелсіздік алғалы бері рәміздерге арналған заңда жасалған өзгерістерді айтып, маңыздылығына тоқталды.
Одан бөлек жиынға қатысып отырған мекемелердің барлығы дерлік мемлекеттік болғандықтан Руслан Пангерейұлы ресми түрде мемлекеттік нышандар емес, Мемлекеттік рәміздер, мемлекеттік стандарт емес, ұлттық стандарт, «Әнұран» емес, «Гимн» сөзін қолдану керектігін айтып өтті.
Ал білім мекемелерінің өкілдеріне ғимараттарындағы мәжіліс залдарында тұрған мінбелерде Елтаңбаның бейнесін қоюдың қажеттілігі жоқ екенін жеткізді. Сондай-ақ жүргізілген тексеріс барысында білім ордаларындағы стендтерінде көптеген қате ақпараттардың табылғандығын тілге тиек етіп, қабырғаға стендті ілмей тұрып, онда жазылған мағлұматтың растығына мән беру, әсіресе, Мемлекеттік Гимннің мәтінін ілген кезде оның үтір-нүктесіне дейін дұрыс жазылуына мұқият қарау қажеттігін ескертті.
Жалпы жиын барысында Руслан Пангерейұлы егемендігіміздің басты белгісі саналатын Мемлекеттік рәміздерді ұлттық стандарттарға сай қалай қолдану керектігін кеңінен түсіндіріп, жоғары да аталған мәліметтерден бөлек рәміздерді қорлағандарға қылмыстық және әкімшілік кодекстерде қарастырылған жазалар жайлы да толық ақпарат беріп өтті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Мемлекеттік рәміздерді пайдалану кезінде орын алатын кемшіліктер айтылды
Home » Жаңалықтар » Жаңа Қазақстан » Мемлекеттік рәміздерді пайдалану кезінде орын алатын кемшіліктер айтылды