Қарасай жері – Алматы облысындағы қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірі. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінде ауданда өмір сүріп жатқан халық саны 375 мыңға жуықтады. Оның 87 675 немесе 27,9 пайызы – 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Олардың бірі мемлекеттік қызмет, білім, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс және өзге де салаларда жемісті еңбек етіп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрсе, енді бірі өнер мен спорт саласында шеберліктерін көрсетіп, ауданның қоғамдық жұмыстарына белсенді түрде атсалысуда.
Таяуда біз Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Нұрбек Ормановпен кездесіп, жоғарыда аталған жастардың барлығының басын қосып, олардың жұмысын насихаттап, қолдау көрсетіп отырған мекеменің жұмысы жайлы сөз еттік.
– Нұрбек Жүзбайұлы, Сіздің Қарасай ауданы Жастар ресурстық орталығына басшы болып келгеніңізге көп уақыт болмады. Осыған байланысты сұқбатымызды алдымен танысудан бастасақ. Өзіңіз жайлы толығырақ айтып берсеңіз.
– Жалпы өзім туралы айтатын болсам, мен осы жердің тумасымын. Ауданымызға қарасты Райымбек ауылдық округінде дүниеге келгенмін. Алматы қаласында орналасқан «Тұран» университетін «Қонақжайлылық бизнесі» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесімен тәмамдадым.
Жастайымнан белсенді жастар қатарында болғандығымнан алғашқы еңбек жолымды да осы саладан бастауды жөн көрдім. Нақтырақ айтқанда, 2021 жылы Қарасай ауданына қарасты Райымбек ауылдық округінде жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы болып орналастым. Кейіннен Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығында маман қызметін атқардым. 2022 жылы Алматы облысы әкімінің аппаратында инспектор болып жұмыс істедім. Сондай-ақ сол жылдың қазан айынан 2023 жылдың желтоқсан айына дейін Алматы облысының жастар ресурстық орталығында бөлім басшысы лауазымында еңбек еттім. Одан кейін біраз уақыт облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармада маман болдым. Ал ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығына басшы ретінде тағайындалдым.
Аталған қызмет – мен үшін үлкен жауапкершілік. Бұл жұмыста аудан жастарының дамуына жағдай жасау, олардың идеяларын қолдау және қоғамға пайдалы бастамаларды жүзеге асыру басты мақсатым болып табылады. Алдағы уақытта жастармен тығыз байланыста жұмыс істеп, олардың сұраныстарына сай нақты әрі тиімді жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмын.
– Сіздің осы лауазымға келгеніңізге аз уақыт болса да, аталған салада еңбек етіп жүргеніңізге біраз болды. Сондықтан өзіңіз басшылық етіп отырған ресурстық орталықтың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтсеңіз. Қазіргі уақытта қандай бағытта жұмыс істеп жатырсыздар?
– Жастар саясатын ілгерілетіп, ерікті болудан еш тартынбайтын, үлкендердің ықыласына бөленіп, мемлекеттік іс-шараларға белсене атсалысатын бірден бір ұйым бар болса, ол – жастар ресурстық орталығы.
Негізгі бағыты, әлбетте, жастармен тығыз жұмыс істеп, оларға қажетті көмекті көрсету болып табылады. Оның ішіне мемлекет тарапынан іске асырылған бағдарламалар мен жобаларды жіті түсіндіріп, тиімді жақтарын қолдануды үйрету, сондай-ақ спортқа, шығармашылыққа бағыттау арқылы бос уақыттарын дұрыс пайдалануларына көмек көрсету. Сонымен қатар жастардың сапалы білім алып, жұмыспен қамтылып, білікті маман атанып, өз елінің патриоты болуына бағыт беру. Қажет болғанда оларды арнайы психолог мамандары мен заңгерлерге бағыттау болып табылады.
Сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі мәдени, спорттық және патриоттық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Атап айтсақ, «KinoGo» жобасы аясында аудан жастарына арналған кинокештер тұрақты түрде көрсетіледі. Волонтерлік қозғалысты дамыту, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру да біздің негізгі бағыттарымыздың бірі.
Жалпы, орталығымыздың басты мақсаты – әрбір жасқа қолдау көрсетіп, оның әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау. Қазіргі уақытта мұнда мамандар мен психолог қызмет етеді, ал ауданның 10 ауылдық округінде әдіскер-нұсқаушылар жастармен тікелей жұмыс істеуде.
– Бүгінде Қарасай ауданында жастарға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында іске асып жатқан қандай жақсы бағдарламалар бар? Олардың жүзеге асу деңгейі қандай?
– Жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан оларға бағытталған бағдарламалар аясы өте кең. Мәселен, білім, жұмыс және баспана секілді бағыттар бойынша кеңес алуға болатын Жастар ресурстық орталықтары. Жоғарғы білім алғысы келетін, алайда қаражат жағынан қиындықтары бар жастарға арналған мемлекеттік гранттар, шет елде тегін білім алуларына мүмкіндік беретін «Болашақ» стипендиясы секілді өзге де бағдарламалар жұмыс істеуде.
Ал оқуын тәмамдаған жұмыс іздеуші жастарға «Жұмыспен қамту», «Дипломмен – ауылға», «Жастар тәжірибесі» сияқты бағдарламалар мол мүмкіндік беруде. Сондай-ақ жұмыссыз жастарды оқыту және жұмысқа орналастыруға бағытталған «NEET» бағдарламасы да бар. Оған қоса өз идеясын кәсіпке айналдырғысы келетіндер үшін бүгінде қолдау ретінде «Бизнес жол картасы» бағдарламасы аясында 400 АЕК пен 5 млн. теңге мөлшерінде берілетін қайтарымсыз грант, төмендетілген пайызбен несиелер қарастырған. Баспана алу үшін қолма-қол ақшасы жоқ жастарға «Отбасы банк» тарапынан тиімді бағдарламалар қарастырылған. Осы бастамалардың барлығының игілігін біздің қарасайлық жастар да қолдана алады.
Жалпы бүгінде елімізде, оның ішінде біздің ауданымызда да көптеген пайдалы бағдарламалар іске асып жатыр. Тек жастарда оларды қолдануға деген ниеттің болуы маңызды.
– Жастар арасында жылда туындайтын мәселенің бірі – жұмыссыздық. Осы түйіткілді шешу бағытында Қарасай ауданында қандай шаралар жүзеге асырылуда? Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі қандай?
– Өзіңіз де ресми ақпараттан байқағаныңыздай, Қарасай ауданында жастар саны көп. Сондықтан жұмыссыздық мәселесі жиі туындайды. Бұл жұмыс орындарының азаюына немесе жоқтығына байланысты емес. Жоғары оқу орнын бітіріп, қолына диплом алған жас мамандар көбінде өз саласында жұмыс істегісі келеді. Бірақ бұл әрқашан бірден ойдағыдай бола бермейді. Сондықтан мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған жастар арнайы білімді, жоғары біліктілікті қажет етпейтін уақытша жұмыстарда жүр.
Қазірдің өзінде Қарасай ауданында шамамен 6300 жұмыссыз жас бар. Әлбетте, біз өз тарапымыздан «NEET» санатындағылардың (жұмыссыз) арасындағы мәселеге баса назар аударып, ауданымыздағы тиісті мекемелермен бірлесе оны шешу бағытында жұмыс істеудеміз.
Бүгінде ауданымызда «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыс» секілді дәстүрлі жобалар жалғасын тауып, жүзеге асырылып жатыр. Оған қоса Қарасай ауданы индустриалды аймақ болып табылатындықтан, мұнда жыл өткен сайын кәсіпорындар саны көбеюде. Сол арқылы да өндірістік сала бойынша диплом алған жастарға жақсы мүмкіндіктер пайда болуда.
Мұнан бөлек жыл сайын бірнеше рет ауданымыздағы Мансап орталығы көптеген жеке және мемлекеттік мекемелер, ұйымдар мен кәсіпорындардың қатысуымен «бос жұмыс орындар» жәрмеңкесін ұйымдастырып тұрады. Аталған шараға біздің жастар да қатысып, өзіне қажет ваканцияларды тапса, жұмысқа орналасады. Сондай-ақ ауданда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «STADY IN KAZAKHSTAN» жобасы аясында жоғары оқу орындарының көрмесі «KURSANT FEST» өткізіліп отырады. Мемлекеттік және шетелдік университеттер филиалдарының өкілдері қатысатын шара мектеп бітіруге жақын түлектерге дұрыс оқу орнымен сұранысқа ие мамандық тандауға көмектеседі. Ал өздеріңіз білетіндей, мамандыққа сұраныс неғұрлым жоғары болса, бос жұмыс орындары да соғұрлым көп болады.
Одан бөлек біздің еріктілер жастар арасында «Дипломмен – ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Zhas Project», «Жастар практикасы», «Қайта даярлау курсы», «Жасыл ел», «Бастау бизнесі» секілді бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бұл аталғандар аудандағы жұмыссыз жастардың санын азайтуға едәуір септігін тигізуде.
– Нұрбек Жүзбайұлы, өзіңіз білетіндей, аудандағы жастарға арналған қызмет көрсету орталығы (ЖҚКО) 2025 жылдың желтоқсан айында ашылды. Ол кезде оның жұмыс бағыты жайлы нақты ақпарат болмады. Енді уақыт өте келе орталықтың жұмысы бір ретке қойылды деп ойлаймыз. Бүгінде мұнда жастарға қандай қызмет көрсетіледі?
– Жастарға қызмет көрсету орталығының Қарасай ауданында ашылуын біз асыға күттік. Бұл мекеме ауданның жастары өзін мазалаған түрлі мәселемен келіп жүгіне алатын көпфункционалды алаң болды. Жалпы бұл орталық шығармашылық, білім және спорт алаңына, жастардың мүмкіндіктері үшін жаңа кеңістікке айналады, мұнда кәсіптік бағдар көрсету, жұмысқа орналасу, жастарға арналған бағдарламаларға қатысу, волонтерлік қызмет, бос уақыттарын тиімді қолдану және тағы да басқа мәселелер бойынша тегін кеңестер беріледі.
Бір сөзбен айтқанда, біздің орталық белсенді ұрпақ қалыптастырып, жас көшбасшыларды қолдауға, әлеуметтік және шығармашылық жобаларды іске асыруға және аудан жастарын өңірдің дамуына кеңінен тартуға мол мүмкіндік ашатыны сөзсіз. Осы ретте Қарасай ауданының жастары атынан оның ашылуына қолдау көрсеткен облыстық және аудандық басшылыққа алғысымды білдіремін.
– Ағымдағы жылы елімізде оның ішінде біздің Қарасай ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экобағдарламасы аясында белсенді тазалық жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Аталған шараларға қарасайлық жас белсенділер қаншалықты өз үлестерін қосуда?
– Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев айтып өткендей, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы жай сенбілік немесе бірреттік науқан емес, бұл – өмір сүру салты. Тек осындай игі бастамалар арқасында біз айналамызды тазалықта ұстай отырып, қоғам арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыра аламыз. Бұл ретте, әрине, қарасайлық жастар аталған жұмыстарға өте белсенді қатысуда.
Мәселен, жалпыұлттық бастама аясында жастардан құралған «ЭкоВолонтер» жасағы әр апта сайын ауданда өткізілетін арнайы сенбіліктерден шет қалмайды. Ал таяуда еріктілердің қатысуымен Жастар аллеясында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, аумақты көгалдандыру мақсатында қарағай, шырша және қайың ағаштары отырғызылды. Бұл бастама қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындар үшін қолайлы демалыс аймағын қалыптастыруға бағытталған.
Сондай-ақ осы айда Жібек жолы ауылдық округінде бірқатар ауқымды шара ұйымдастырылып, 1500 мыңнан астам, Қаскелең шатқалында 500 ағаш көшеттері отырғызылды. Әлбетте, бұл жұмыстардың басы-қасыңда біздің жастар да болды. Оған қоса осыдан екі апта бұрын ауданымызға ресми іс-сапары кезінде Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Болатұлы арнайы келіп, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Тоққожаұлы екеуі сенбілікке қатысқан еді. Бұл шара барысында Жастарға қызмет көрсету орталығы аумағындағы Жастар аллеясына 50-ге жуық қайың мен қарағай ағаштары мен гүлдер отырғызылды.
Жалпы ағымдағы жыл басталғалы Қарасай ауданы аумағында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында көптеген сенбіліктер мен ағаш отырғызу шаралары ұйымдастырылса, оның әрқайсысына біздің белсенді жастарымыз қатысты. Алдағы уақытта осы бетімізден қайтпай, ауданымыздың көркейіп, көгалдандырылуына үлесімізді қоса беретін боламыз.
– Нұрбек Жүзбайұлы, соңғы сауалымыз Қарасай ауданының жастарына мол мүмкіндік беретін орталықтың алдағы жоспарына қатысты болмақ. Ағымдағы жылы жоспарлаған жұмыстар жайында кеңінен айтып өтсеңіз.
– Аудандық Жастар ресурстық орталығының алдағы жоспарлары жастарға арналған мүмкіндіктерді кеңейтумен байланысты. Алдағы уақытта жастарды жұмыспен қамту бағыттарын күшейту, жаңа оқу курстары мен тренингтер ұйымдастыру жоспарлануда. Сонымен қатар кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, гранттық жобаларды көбейту және волонтерлік жұмыстарды дамыту көзделіп отыр. Орталық қызметін цифрландыру арқылы жастарға қолжетімділікті арттыру да негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Тағы бір негізгі мақсатымыздың бірі – Қарасай ауданындағы жастарға қызмет көрсету орталығын үздік орталыққа айналдыру.
Қарасай жастары мемлекеттік жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуден жалықпайды.
– Нұрбек Жүзбайұлы, уақытыңызды бөліп, ауданның дамуы үшін қарасайлық белсенді жастардың атқарып жатқан жұмыстарымен бөліскеніңізге рақмет. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Сұқбаттасқан Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

