Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аптаның екінші күні Алматы облысына жұмыс сапармен келді. Мемлекет басшысы алдымен облыс орталығы Қонаев қаласына барып, оның бас жоспарымен және өңірдегі бірқатар нысандарды аралады. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жұмыс сапары кезінде Қарасай ауданына да арнайы келді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қарасай жеріне келген Мемлекет басшысы осы аудандағы олимпиадалық даярлық орталығы құрылысының барысымен танысты.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев бүгінде атлетикалық манеж, мұз аренасын, көпфункционалды спорт залын, көркем және спорттық гимнастика залын, әкімшілік ғимараты мен қонақ үй салу жұмыстары аяқталғанын баяндады. Сонымен қатар жүзу бассейнінің, жекпе-жек залының, спорттық атыс алаңының, трибуналары бар стадион мен садақ ататын орынның құрылысы аяқталып келеді.
Президент ТМД-дағы ең ірі спорт кешендерінің бірі саналатын инфрақұрылымды аралап көрді. Халықаралық стандарттарға сай бұл нысан 2300 спортшыға арналған.
Мемлекет басшысына аталған базаның бірегей ерекшелігі туралы айтылды. Мұнда оқу-жаттығу сабақтарын, емдеу-сауықтыру шараларын, халықаралық және республикалық жарыстар өткізуге арналған 9 жабық спорт ғимараты орналасқан. Бұдан бөлек, жеңіл және ауыр атлетика, волейбол, баскетбол, шағын футбол, шайбалы хоккей, коньки спорты, бокс, күрестің барлық түрлері, жекпе-жек өнері, су спортының түрлері, спорттық оқ ату, садақ ату секілді спорттың 23 түрі бойынша олимпиадалық резерв пен ұлттық құрама командаларын даярлау жоспарланып отыр.
Президентке атлетикалық манеж бен спортшыларға арналған қонақ үй көрсетілді.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев аталған базаның орталық алаңындағы олимпиада алауының жанында спортшылармен әңгімелесті.
Президент бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту маңызды екенін атап өтті.
– Қазір негізгі күш-жігерді Олимпиада мен Азия ойындарына, сондай-ақ өзге де еуропалық, әлемдік деңгейдегі турнирлерге дайындалу үшін жұмсау керек. Қазақстан спорт державасы болуға тиіс. Сол үшін біз маңызды спорт нысандарын салып жатырмыз. Қалашықтың спорттық әлеуетін арттыра беруіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы жас спортшыларға жаңа жеңістер тіледі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев олимпиадалық даярлық орталығын аралаған соң, Қаскелеңде орналасқан Сүлейман Демирел атындағы университетке келді.
Президент жоғары оқу орнының білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, сондай-ақ университетті одан әрі дамыту стратегиясымен танысты.
Университет ректоры Әлімжан Игенбаевтың айтуынша, мұнда 8500-ден астам студент оқиды. Олардың арасында Орталық Азия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Индонезия секілді мемлекеттердің азаматтары бар. Сонымен қатар оқу ордасында 500-ге жуық профессор жұмыс істейді.
Мемлекет басшысына университетте қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика және IT салалары бойынша жобаларды жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, ғылыми зертханалар жұмыс істейтіні туралы баяндалды. Бұдан бөлек, университет шетелдік 70 жоғары оқу орнымен байланыс орнатқан, сондай-ақ Erasmus бағдарламасына, академиялық ұтқырлық пен тәжірибе алмасуға қатысты басқа да жобаларға қатысады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жас оқытушылармен, ғалымдармен, студенттермен әңгімелесу барысында білім беру жүйесіне озық әдістерді енгізу маңызды екенін ерекше атап өтті.
– Қазіргі заманда технологияны жетік меңгеру керек. Мен өз Жолдауымда Қазақстанды IT саласы дамыған озық елге айналдыру қажеттігі туралы айттым. Университеттеріңізде осы игі мақсатқа жету үшін зор күш-жігер жұмсалып жатыр деп ойлаймын. Сіздер оқуда озат болады деп үміттенемін. Ұлыбританияда және басқа да шет елдерде білім алған білікті профессорларыңыз бар. Бәріміз Қазақстанның игілігі үшін еңбек етуіміз керек. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Елімізге білімді, белсенді және ақылды жастар қажет. Сондықтан сіздерге зор сенім артамын. Баршаңызға табыс тілеймін, – деді Президент.
Инженерлік және жаратылыстану ғылымдары факультетінің студенттері Мемлекет басшысына «Формула Студент» инженерлік жарыс жобасы аясында өздері құрастырған автокөлікті көрсетті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.