Мейрам Қажыкен өзінің өңірлердегі үгіт-насихат науқанының алдын ала қорытындысын шығарды. Үміткер елде осы уақытқа дейін 6 мың шақырымға жуық жол жүріп өтті. Бұл 7 өңір, 12 қала мен кент. Онда мұғалімдер, дәрігерлер, студенттер, тамақ өнеркәсібінің қызметкерлерімен, кәсіподақ өкілдерімен және қоғам қайраткерлерімен 25-тен астам кездесу өткізді. Ол ірі өнеркәсіптік зауыттарды, қоғамдық ұйымдарды, ауруханалар мен университеттерді, теңіз портын қоса алғанда, 20-дан астам кәсіпорында болды. Жүздеген сайлаушылармен кездесті. 260 м тереңдіктегі шахтаға түсті. Мұның бәрі қысқа уақыт ішінде жасалған жұмыстар.
Үміткер өз ойлары, ниеті мен ұсыныстарының арқасында қарапайым жұмысшылардың сеніміне қол жеткізді. Құрылысшылар, кеншілер, мұнайшылар, қолдау белгісі ретінде кездесулерде каска табыстап жатады. Почтадан да сенім каскасын жіберіп жатқандар бар. Осы уақытқа дейін үміткерде 15 каска жиналды.
Астанаға оралған сайын Мейрам Қажыкен президент болу үшін сайлауға түсу туралы шешімінің дұрыстығына көз жеткізеді. Оның айтуынша, адамдар құр уәделерден, өзгеріске деген бос үміттерден шаршаған.
“Олардың көздерінен сенімсіздікті көруге болады. Мен олармен бір жақтамын. Және айтқандарымен келісемін. Қазақстандықтар биік мінберлерден айтылған өзгерістерді күтуден шаршады. Қазір әрекет ететін уақыт келді. Менің де ұстанымым осы”, – деді ол.
Сапар барысында сайлаушылардан жалақы аздығы, тауарлар мен қызметтер бағасының өсуі, ауыр және зиянды өндірістерде жұмыс істейтін әйелдер мен жұмысшылар үшін зейнеткерлік жасын төмендету, жұмысқа орналасу секілді әлеуметтік сипаттағы мәселелер жиі келіп түседі.
“Мұның бәрін бір күнде шешу мүмкін емес екені белгілі. Бірақ оларды мүмкіндігінше тезірек шешу керек”, – деді М.Қажыкен.
Сонымен қатар, кандидат үшін түрлі ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлеуге деген құштарлығы жағымды әсер қалдырды.
“Қазақ тілін дамыту тақырыбын Қостанай өңірлік университетінің студенттері көтерді. Барлық студенттер, ұлтына қарамастан, қазақша сөйлейді. Өкінішке қарай, әзірге бұл таңқаларлық. Жақында қос тілділік үйреншікті құбылыс болатынына сенімдімін”, – деді ол.
Кандидаттың баспасөз хатшысы Гүлмира Нұрпейісова атап өткендей, Елордадан бөлек қалалар мен елді мекендерде халықаралық автотрассаларды салудан бұрын, елді мекендер арасындағы жолдарды жөндеу сияқты маңызды мәселелер бар.
“Кездесулер кезінде азаматтардың өз пікірлерін белсенді түрде білдіріп, сұрақтар қойып, яғни Мейрам Зекешұлы ұсынған елдегі өзгерістерге өздерінің бей – жай қарамайтындықтары мен қызығушылықтарын көрсетуі қуантады”,-деп түйіндеді баспасөз хатшысы.
Телепікірталастан кейін үміткер оңтүстік аймақтарға сапарға шығады. Онда ол кәсіподақ мүшелерімен, кәсіпкерлермен, жастармен және әртүрлі кәсіпорындардың қызметкерлерімен кездесуді жоспарлап отыр.