Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ Конституция мерекесіне орай тұрғындарға ізгі тілегін арнады, деп хабарлайды Naqtygazeti “Жетісу” газеті сайтына сілтеме жасап.
“Құрметті Алматы облысының тұрғындары! Сіздерді еліміздегі басты мерекенің бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Конституция – Тәуелсіздігіміздің мызғымас кепілі саналады.
Тәуелсіздік жылдарында Ата Заңымыз ел бірлігін нығайтумен бірге тұрақтылық пен келісімнің темірқазығына айналып үлгерді. Бүгінде қастерлі Конституциямыз жасампаздықтың жарқын үлгісі әрі игі істердің қайнар көзі ретінде бабаларымыздың сан ғасырлық үмітін, еркіндікке деген ұмтылысын бейнелейтін ең маңызды құжат болып есептеледі.
Ата Заңымыздың арқасында заманауи мемлекет құра алдық. Біз мұны зор мақтанышпен айта аламыз.
Біз Конституцияны негізге ала отырып, қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты нығайтуға, жеке тұлғаның шығармашылық, зияткерлік және кәсіби әлеуетін арттыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға күш саламыз.
Құрметті жерлестер! Әр шаңырақтан бақыт пен береке кетпесін. Отанымыздың гүлденуі жолында жаңа белестерді бағындырып, толағай табысқа бірге жетейік!” – деді Алматы облысының әкімі.