Жеңіс күнін жыл сайын тойлағанымызбен сол бейбіт күнді сыйлаған Ұлы Отан соғысы ардагерлердің қатары сирей түсуде. Сұрапыл жылдары оқ пен оттың ортасында жүрсе де елін, жерін аңсаған жүрекжарды сөзін, сағынышын өлеңмен құндақтап отырған ақынжанды ағаларымыз да көп болды. Солардың бірі – біраз жылдар Талғар ауданында тұрған Ұлы Отан соғысының ардагері Нүсіпжан Нұрсейтов.
Майдангер 1923 жылдың 12 желтоқсанында Ақсу ауданының Кенжыра ауылында дүниеге келген. Талғар ауданында біраз ғұмыр кешіп, өскелең ұрпаққа Жеңіс күнінің қымбат екенін ұғындырып кеткен батырлардың бірі еді.
Нүсіпжан Нұрсейтов албырт жастық шағында Ұлы Отан соғысы басталып, майданға аттанған. Сұрапыл соғыстың қыспағында болып, тар жол, тайғақ кешті. Партизан қатарында жүріп, Жерорта теңізі арқылы Африка жағалауымен соғыстың аяғында елге оралды. Атамыздың бүгінде көзі жоқ болса да артындағы ұрпақтарына тастап кеткен өлең жолдары ешқашан естен кетпейді.
Аңсаймын елімді
Хабарсыз ғайып болған ғазиз басым,
Өксумен өтіп барады балғын жасым.
Аралап талай елді, дәмін татып,
Мөлтілдеп сағынышпен ақты жасым.
Өткізіп өкінішпен өмірімді,
Уайым, қайғы басып көңілімді.
Көзімнен тамшылаған ыстық тамшы,
Шірітер болды-ау енді өңірімді.
Анам байқұс ойлайды екен әлде не деп,
Күдерін үзді ме екен өлді ме деп.
Сипап, бата жасап қойған шығар,
Шырағым жанып тұрған сөнді ме деп.
Жалғызым жардан ұшып кетті ме деп,
Шәйіт боп бұл дүниеден өтті ме деп.
Зар илеп жүрген шығар жылап-сықтап,
Ажал оты абайсызда жетті ме деп.
Болжаусыз болашағым болып жұмбақ,
Білмеймін, жастық дәурен немен тынбақ.
Шырылдап шыр айналдым жердің шарын,
Барады ғұмыр шіркін өтіп зырлап.
Кенжыра – атақоныс мекенім-ай,
Көз жазып алыс сенен кеткенім-ай.
Саяңда сайран салып өскен кезім,
Есімнен еш қашанда кетпедің-ай!
Атар таңды алдымнан тосайыншы,
Құс болып қиялымды қосайыншы.
«Сабыр түбі сары алтын» деуші еді ғой,
Сары уайымға салынбай босайыншы.
Бұл өлең жолдары жау қолында фашистердің концлагерінде тұтқында жүргенде, 1943 жылдың жаз айларында Германияның Нейлхаммер қаласында жазылды.
Атшы, күнім аңсаған
Аңсаған арманым бар алаңдаған,
Адасып ел-жұртымды таба алмаған.
Атамекен қонысым артта қалып,
Аһ ұрып жас жүрегім қапаланған.
Тілегім – тіршілікте жетсем деген,
Тұңғиық тереңінен өтсем деген.
Тұтқынның темір торын бұзып талқан,
Теңдікке тебіреніп жетсем деген.
Шығысқа көзім талып қарай берем,
Шығатын атар таңды санай берем.
Шыдамасқа амал жоқ, күтем тағы,
Шоққа түсіп жанбаса жастай денем.
Ырық бермей басыма жаудың қолы,
Ыза кернеп зарланам қайғым толы!
Ылажсыз пенде болдым тұтқындалып,
Иығымнан құлатқанда ажал оғы.
Күлкім жоқ қабағымда мұңға баттым,
Кінәсіз дәмін таттым қиянаттың.
Күрсінем ойға кетіп толғанамын,
Күдік пен қорқынышты қатар таптым.
Үрке қарап отырмын, мазам кетіп,
Үнім шықпай, кетердей қазам жетіп.
Үңіліп саңлау іздеп сығалаймын,
Үзілмес үмітімді арман етіп.
Ар-намыс, ашу кернеп түңілемін,
Амал жоқ, шарасыздан бүгілемін.
Ара түсіп жаныма жәрдем бер деп,
Аллаға арқа сүйеп жүгінемін.
Сағындым ел-жұртымды артта қалған,
Сарғайып үмітімді күтем алдан.
Сәт тілеп, сәлем жаздым туған елім,
Соғыстың ортасынан от боп жанған.
Арнау хат
Сөз теріп, білгенімді өлең еттім,
Жазуды көркем тілмен өнер еттім.
Оқысын кейінгілер , керек етсе,
Қалдырған сөзім ғой деп өнеге еттім.
Жас ұрпақ, жаңа ғасыр азаматы,
Жалғасып, жасай берсін қазақ аты.
Күн әлем күліп тұрсын, мәңгі жасап,
Атаның алғыс айтып жазған хаты.
Арнау деп алғы сөзді атағаным,
Жетсін деп ұрпағыма сақтағаным.
Сөзімнен үлгі аларлық жүйе тапса,
Парызын ата жолы ақтағаным.
Отырып оқығанда , есіне алып,
Жанына жалын тисе әсер салып .
Құмарлық зердесіне зейін қойып,
Өрістерін, өткен дүние, өсер танып.