Жуырда аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өткізілді. Оның жұмысын басқарған кеңес төрағасы Жанат Исағұлов алғашқы сөзді «Алматы қаласының «Ақсеңгір» 4-ші секторының арнайы құрылысын реттеу аймағының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгеріс енгізу үшін түзетілген қалақұрылыстық құжаттамаларын ұсыну» тақырыбында аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімі басшысының орынбасары Дәрмен Жапаровқа берді.
Мұнан кейін осында жұмыс жүргізетін серіктестік өкілдері аталған мәселені кеңес мүшелеріне жан-жақты түсіндірді. Олардың жеріне Ресейдің «OZON» компаниясы орналасады екен, логистика, қойма арқылы сауда жүргізіледі, яғни, халыққа арзан тауар жеткізіледі. Мұны, тіпті, интернет дүкендер желісі деуге де болады. Келешекте контейнер терминалы салынбақшы. 2024 жылы алғашқы кезекте 1500-1600 адам жұмысқа кіреді. Осындай істермен аудан бюджетіне қомақты қаржы құйылады. Сонымен қатар, бұл инвестиция тартудың үлкен мүмкіндігі.
Аталған мәселені кеңес мүшелері қызу талқылады. Олардың ішінде Мұхтар Байқұлов пен Жеңіс Бектасов компанияның әлеуметке қандай көмегі болады, халыққа жәрдемі тиеді ме деген сұраққа жауап іздеп, көптеген сауал қойды, жауап берушілерді, тіпті, тығырыққа тірегендей болды. Сол сияқты төраға Жанат Исағұлов және Орынбай Жанәділ, Сағат Мәсімақынов, Тұрғанбек Өмірзақов, Несіпбала Әбділдаева, Сабырбек Мұхтар да мәселенің мәніне терең үңіліп, өз пікірлерін білдірді.
Келесі кезекте «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық түгендеу, тексеру департаменті Қарасай аудандық бөлімшесінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы» жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық түгендеу, тексеру аудандық бөлімшесі басшысының орынбасары Асқар Тілепбергенов хабарлама жасады.
– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Алматы облысы бойынша филиалының Қарасай аудандық тіркеу және кадастр бөлімі – мамандандырылған кәсіпорын, – деді атап айтқанда Асқар Айтбекұлы. – Бөлімнің негізгі қызметтері – аудан бойынша жер телімдеріне сәйкестендіру құжаттарын дайындап беру, кадастрлық ақпараттарды ұсыну, жер телімдерінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау, жылжымайтын мүлікті техникалық түгендеу, жылжымайтын мүлік объектілерін мемлекеттік тіркеу. Бөлім жерге орналастыру және жер кадастры саласында жер телімдерінің меншік иелері және жер пайдаланушыларымен тікелей келісімшарт жасау бойынша жұмыстардың ауқымды түрлерін орындайды, соның ішінде жер телімдерін бөлу, біріктіру, нысаналы мақсатын өзгерту бойынша жерге орналастыру жобаларын жасау және жер бетіне шығып жер телімінің шекараларын орнату. Биылғы жыл басынан мемлекеттік қызмет көрсету шегінде 832 жерге орналастыру жобалары келісілуден өткен. Өтініш қабылданып түгелдей орындалды, оның ішінде: өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін 761 тапсырыс, шаруа қожалықтары – 4 тапсырыс, коммерциялық объектілер 67 тапсырыс болып орындалды. Сол сияқты жер учаскесіне мемлекеттік акті беру 4162 тапсырысқа, жер учаскесін кадастрлық құнын анықтау 338 тапсырысқа, жылжымайтын мүлікке техникалық төлқұжат беру 5851 тапсырысқа орындалды.
Бұл мәселе жайында Орынбай Жанәділ, Несіпбала Әбділдаева, Мұхтар Байқұлов, Тұрғанбек Өмірзақов, Жеңіс Бектасов, Әмина Абдраманова және аудандық мәслихаттың депутаты Самат Толықбай ойларын, ұсыныстарын ортаға салды. Кеңес мүшелері отырыс күн тәртібіндегі үшінші мәселе – «Қаскелең несие серіктестігі» ЖШС-нің атқарып жатқан жұмыстары туралы» оның басқарма төрағасы Қанат Сүлейменовтің есебін тыңдады.
– «Қаскелең несие серіктестігі» 2003 жылы құрылған, – деді Қанат Саттарбекұлы. – 46 құрылтайшысы бар. Жарғылық капиталы 102 542 000 теңге. Несие портфелі 985 943 449 теңгені құрайды. Серіктестік Аграрлық несие корпорациясының қаражатынан қаржыландырылады. Негізгі бағдарламасы – Агробизнес. Ол бойынша мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына 120 айға дейін несие береміз. Негізгі қарызды өтеу бойынша жеңілдік кезеңі – 24 ай. Пайыздық мөлшерлеме 22 пайызды құрайды, оның 16 пайызын мемлекет субсидиялайды. «Кең дала» бағдарламасы бойынша да несие береміз. Ол бойынша көктемгі –дала жұмыстарына ағымдағы жылдың желтоқсанына дейін 1 жыл мерзімге несие беріледі. 2023 жылы 249 100 000 теңге несие бердік. Жыл соңына дейін шамамен 100 000 000 теңгені игереміз деп отырмыз.
Несие серіктестігінің жұмысы жайында Тұрғанбек Өмірзақов, Жеңіс Бектасов, Орынбай Жанәділ, Несіпбала Әбділдаева, Бекжан Сүнбеков, Илимдар Камилов сөйлеп, оның ісін әлі де жандандыруға байланысты ұсыныстарын айтты.
Мұнан кейін Сағат Мәсімақынов «Алдағы отырыстардың бірінде бұрын қаралған, талқыланған мәселелер бойынша не орындалды, не жүзеге асты, осыны анықтап білгеніміз дұрыс» – деген ұсынысын жеткізіп, кеңес мүшелері оны толық қолдады.
Жиынды кеңес төрағасы Жанат Исағұлов қорытындылап, белсенділік көрсеткен мүшелерге алғыс айтты.
Отырыста қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.