Қазақ – дана халық. Бұл қасиеті, әсіресе, нақыл сөздерінен, мақал-мәтелінен анық аңғарылады. Кезінде ойға терең, тілге шешен бабаларымыз аса үлкен мәнді мәселелердің өзін бір-ақ ауыз сөзбен шешіп отырған ғой. Сондай сәтте мағыналы мақал-мәтелді орнымен пайдаланған. Ақ батасын мақалдап беріп, ақ ниетін мәтелдеп айтқаны да белгілі.
Осынау ұлттық құндылығымызды үнемі ұлықтап қана қоймай, жастардың жанына жақын етіп, ой-санасына сіңірудің де үлкен маңызы бар десек, жаңалық ашпағанымыз.
Жуырда аудандық мәдениет үйінде оқушылар арасында «Мақал – айтыс» ұйымдастырылды. Алдымен Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев сөйлеп, жас ойыншыларға жақсы тілегін білдірді.
– Айналайын, балалар, – деді аудан басшысы атап айтқанда, – егемен еліміздің ертеңі өздеріңсіңдер. Әрбіріңнің де жүректерің қазақ деп соғып, ана тілдеріңді жетік білуге тиіссіңдер, дұрыс сөйлей де білулерің керек. «Мақал – сөздің мәйегі» дейді халқымыз. Ендеше, оларды да ұдайы ұғынып, орнықты ойға түйіп жүрсеңдер, сөздеріңді сонымен әрдайым әрлеп отырсаңдар білімділіктерің артады, шешендікке де кең жол ашылады.
Байқауға білім ұяларында алдын ала іріктеуден өткен 27 ұл-қыз қатысып, өзара сынға түсті. Бұл ерекше бәсекені, аудан әкімінің қолдауымен, ұйымдастырған аудандық тарихи-өлкетану музейі еді.
«Мақал – айтысты» аталған музейдің директоры, белгілі ақын Серік Қалиев ашып жүргізіп отырды.
Көп ұзамай оқушылар алты-алтыдан топталып, арнайы жасалған пульт алдында тұрып таңдап алған тақырыптары бойынша өз өнерлерін көрсетті. Байқау тақырып айтыс, жоғалған сөз, сөзден мақал құрау, қайым айтыс, балама мағына, мақалдың мағынасына мән беру деп аталатын алты бөлімге негізделіпті. Сонымен балалар барын салып, қызу бәсекеге – сөз тартысына түсті. «Туған жер, ел, Отан», «Дос, жолдас», «Ағайын, туыс», «Ас, дәм» деген сияқты таңдаған тақырыптарының аясында өзара «айтысты».
Қорытындысында ең көп ұпай жинаған Үшқоңыр мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Әбдірахман Серікұлы бірінші орынға шығып, жеңімпаз атанды. Екінші орынды Қайнар орта мектебінен Райпа Қатынас иеленді. Ал, үшінші орынды Тамабаев орта мектебінен Жұлдызай Нартай мен Исаев орта мектебінен Эльвира Жұмабек екеуі бөлісті.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, озып шыққан жас мақалшыларға ақшалай сыйлық сертификатын қазылар алқасының төрағасы, белгілі жазушы-журналист, қоғамтанушы Бейбіт Сапаралыұлы (қазылар құрамында ақын, сазгер, баспагер Жарылқасын Дәулет, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, ардагер ұстаз Ақлима Көсемова, аудандық білім бөлімінің қызметкері Мәнсия Буданова, журналист Берікбай Қадықов болды) мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ермек Жұматаев тапсырды. Сонымен қатар, төраға алты оқушыға ынталандыру сыйлығы ретінде өзінің «Елбасының балалық шағы» атты кітабын ұсынды.
– Қадірменді ұстаздар, оқушылар, мен қазір ерекше риза болып тұрмын, – деді Б. Сапаралы. – Оқушылардың таудай талабына, білсем, үйренсем деген үлкен ұмтылысына. Бұл бір қасиет қонған аудан ғой. Осындай жердегі мынадай тамаша байқаудың өзінде де бір заңдылық бар сияқты. Әрі бұл да «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен өте үндеседі. Даналық сөзді ойына сіңірген осы балалардың барлығын да жеңімпаз дегім келеді! Жалпы, айтыс өте жақсы өтіп, жиналғандарға көп қуаныш сыйлады. Бұл байқауға барынша мән берген Махаббат Садуақасұлына, орынбасары Айжан Назарбаеваға, білім бөлімінің басшысы Гүлнар Тұрсынбекқызына көп рахмет!
Сол сияқты қатысушылардың бәрі де Алғыс хатқа ие болды. «Мақал – айтыстың» ара-арасында көрерменнің де «көңілі табылды», яғни, олар жүргізуші жасырған жұмбақтарды жабыла шешіп, «білгіштері» бірден сыйлыққа мақал-мәтел жинақталған кітап алды.
«Білімділіктің басты белгісі – өз тіліңді жақсы білу» деген екен бір ғұлама. Сол айтқандай, біздің келешегіміз – бал құрағымыз, балаларымыз да білімді, білікті, парасатты, ақылды болып, әрі елін, жерін, ұлтын сүйіп өсуі тиіс. Ал, оған осындай байқаулар, іс-шаралар көп көмектесетіні айқын.
Жалпы, ауданымыз ғана емес, облыста, республикада алғаш өткен айрықша «Мақал – айтыс» байқауы өз мақсатына толық жетті дей аламыз. Байқағанымыз, балаларымызға тура бағыт-бағдар беріп, үзбей үйретсек, талпынысын қуаттап, талабын ұштасақ, көп нәрсеге қол жеткізе біледі екен. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, рухани азықты ойына да, бойына да жақсы сіңіреді екен. Ұлы Дала елінің ұландары солай болуы тиіс!
… Мақалшы балалар байқауға тыңғылықты әзірленіп, тиянақты даярланыпты. Әйтеуір, бәйгеге түсер тұлпардай тыпыршып, бірінен-бірі озғысы келіп, осындайда, тіпті, пультті басуды ұмытып «мен айтам, мен айтам!» деген ұлымыз бен қызымызды көргенде жанымыз жадырады.
* * *
Қашанда мәдениет пен әдебиетке, өнерге өте жақын аудан әкімі Махаббат Садуақасұлы осы жолы да шынайы қамқорлық, шын жанашарлық танытып, «Мақал – айтысқа» жүлде қоры жөнінен де, техникалық жағынан қамтамасыз етуден де үлкен қолдау жасап, жақсы көмек көрсетті.
Мұны байқау артынан сөйлеген С. Қалиев те аса бір ыстық ықыласпен атап айтты. Сонымен қатар, ол мектеп оқушыларын осындай тамаша сайысқа дайындаған аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлнар Такимоваға да шын көңілден шыққан ризашылығын білдірді.
Р. S. Серік Қалиев алдағы уақытта бұл байқаудың өрісі кеңейтіле түсетінін, яғни, оны облыстық, тіпті, республикалық деңгейге жеткізу ойластырылатынын, осы орайда аудан командасын құру көзделіп отырғанын айтты.
Өте дұрыс, бұл еліміздің ертеңі – жас ұрпаққа жақсы тәрбие беруге үлесін қосар үлгілі үрдістің бірі болары анық!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.