Кеше ауданымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Данияр Әлімбаев бірқатар нысандарды аралап қайтты. Ал, түстен кейін халық қалаулысы «Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалында тұрғындармен қоғамдық қабылдау өткізіп, Жармұхамбет ауылындағы кәсіпорынға барды.
Аудан тұрғындарының бірқатар мәселелерін қарастырған қоғамдық қабылдауға аудандық «Nur Otan» партиясының филиалының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов, «Nur Otan» партиясының облыстық мәслихат депутаты Жанна Жазықбаева, аудандық мәслихат депутаы Елена Константинова, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және тұрғын инспекциясы мен құрылыс, сәулет және қала құрылыс бөлімдерінің мамандары қатысты.
Халық қалаулысымен кездесуге алғашқы болып кірген аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов қазіргі таңдағы қоғамдық көліктердің саны азайып кеткенін, тіпті, кейбір әлеуметтік маңызы бар мекемелер мен мектептерге де автобустардың бармайтынын тілге тиек етті. Бұған қатысты ресми жауапты аудандық ТҮКШ, ЖК және ТИ бөлімінің маманы жауап берді. Мәліметке сүйенсек, автобустардың саны пандемия уақытында өз-өздерін ақтамайтын болғандықтан екі есеге қысқарған. Автобекет жекеменшік иелегінде болғандықтан әкімдік оларға нұсқау бере алмайды. Сондықтан биылғы жылы кем дегенде екі автобусты іске қосу үшін облыстық бюджеттен субсидия сұрап ұсыныс білдірілген, мәселенің мәні қаржыландыру мақұлданған соң шешімін таппақ екені түсіндірілді. Ал, Данияр Әлімбаев өз кезегінде 26 ақпандағы Талдықорған қаласындағы іссапарында облыстағы осы сауалға жауапты басқармаға бұл істің қай деңгейде жүргізіліп жатқанын анықтайтынын жеткізді. Келесі кезекте, өнерге талпынған балалардың талабын арқалай келген азамат Қаскелең қаласының тұрғыны Асылхан Есбаев та өзекті мәселені қозғады.
«Өнер мектебіне жаңа ғимаратқа көшеді деген бәріміз балаша қуанып едік. 73 мыңға жуық мектеп жасындағы оқушылары бар ауданға өнер мен мәдениеттің ошағы қажет. Себебі, кәсіби ұстаздардан тәлім беретін арнайы сертификаты бар мектептен білім алмаған бала кейін консерватория, академияларға түсуі қиындайды. Бұрынғы ДОСААФ-тың орнына салынады деп естігенбіз. Қазір бұл бастама ешқандай өзгеріссіз тұр сол қалпында», – Асылхан дейді.
Белгілі болғандай өнер мектебі расымен ДОСААФ-тың ғимаратында болады. Ал, қолға алынған бастаманың тұралап қалуына атқарушы органдардағы өзгерістер себеп болып отыр екен. Нақтырақ айтқанда, оның жобалау сметалық-құжаттамасы Қаскелең әкімдігінде әзірленген. Бірақ, өткен жылы білім бөлімінің қаржыландырылуы ауданға емес облысқа қарайтын болғандықтан жобаны әрі қарай жүргізу облыстық білім басқармасына тапсырылған. Сондықтан аудандық әкімдіктен, білім бөлімі өнер мектебінің қайта жаңғырту бойынша жобаның қай деңгейде жүргізіліп жатқанын бақылай алмайды. Халық қалаулысы бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, Талдықорғандағы іссапарында облыстық білім басқармасына тікелей жолдайтынын айтты. Ал, бірнеше құқық бұзушылықтардың куәгері болып жүрген Александр Мардосов Данияр Кенғазыұлының қабылдауына арнайы жазылыпты. Себебі, мәселесіне айта барған мекемелердің жауабына көңілі толмаған Ауған соғысының ардагері сауалын Қазақстан Республикасы Парлемент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановқа тікелей жолдаған. Сұрағы жауапсыз қалған жоқ. Мәжіліс депутаты Данияр Алимбаев арнайы келіп, мәселенің мән-жайына бірге үңілді.
«Иә, Сіз хатыңызда көз алдыңызда орын алған құқық бұзушылықтарды тізіп жазған болатынсыз. Бүгін уақыттың тығыздығына байланысты, барлығын талқыға сала алмаймыз. Сондықтан 25 ақпан күні мен Қарасай ауданына Сіздің мәселеңізді анығына жету үшін тағы да келіп , талқыға салатын боламыз. Сізге жауап берген мекемелердің ақпаратын, тағы бір қосымша мәліметтеріңіз болса жинақтап қоюыңызды сұраймын, – деді депутат.
Жамбыл ауылының ішінен өтетін Алматы – Нұр-Сұлтан – Қарағанды тас жолына жылдамдықты тосқауыл қоятын жер төсеніші мен камера қоюды сұраған ауыл халқының өтінішін аманат ретінде арқалай келген Елдар Құрақбаевтың көтерген мәселесі өте өзекті болып тұр.
«Әңгімемнің басын қайғылы оқиғамен бастағаным үшін кешірім сұраймын. Десек те, ағымдағы жылдың екінші ақпанында Алматы – Нұр-Сұлтан – Қарағанды тас жолында жол өтпек болған ауылдасымыз, төрт баланың анасы Нұржамалды көлік қағып, қаза болды. Бұл аталған тұра жолдың бойында орын алып жатқан жалғыз жағдай емес. Жылдамдыққа басып жүретін жүргізушілер, тіпті, жаяу жүргіншілер жолағында байқамайды. Қазір шыны керек бәріміз камерадан қорқатын болдық қой. Сондықтан, бақылау камерасын және тас жолда жылдамдықты тосқауыл қоятын жер төсеніші орнатуына ықпал етсеңіздер. Республикалық маңызы бар тас жол болғандықтан жергілікті әкімдік бұл мәселені шешуге қауқарсыз болып отыр, – дейді Елдар.
Өзекті мәселе халық қалаулысын бей-жай қалдырған жоқ. Елдар қабылдауға жазылған соңғы адам болғандықтан, қайғылы оқиға жиі орын алатын тас жолды Данияр Әлімбаеы барып өз көзімен көріп, мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.
Астанадан келген мейманның келесі нысаны Жармұхамбет ауылындағы «Almaty Turmystyq Tehnika Zavody» кәсіпорнының жұмысы және еңбек ұжымымен танысумен жалғасты. Газ және электр плиталарын өндіруді ұйымдастыру бойынша алғашқы жобаны «Almaty Turmystyq Tehnika Zavody» ЖШС-мен бірлесіп Түркияның жетекші компанияларының бірі «Femas Metal Sanayi ve Ticaret A. S» іске асырған болатын. Құны $7 млн болатын жобаның нәтижесінде 200-ге дейін жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берілді. Зауыттың жыл сайынғы өндірістік қуаты 200 000 плитаны құрайды. Айта кету керек, «Femas Metal» зауыты 40 жылдан астам тәжірибесі бар Түркиядағы газ және электр тұрмыстық техникасын өндіру бойынша көшбасшылардың бірі болып табылады, компания өз өнімін 6 континенттегі 130 елде шығарады. Данияр Кенғазыұлы кәсіпорынның жұмысының басшылығы мен еңбек ұжымына сәттілік тіледі.
Халық қалаулысы іссапары соңында еліміздің өзге аудандарына үлгі боларлықтай дәрежеде жақсы істер атқарылып жатқандығын әңгіме арқауына айналдырып, барлық игі бастамалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда қарасайлықтар ерекше белсенділік таныту қажеттігін алға тартып, жақсы тілегін білдірді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.