Кеше аудан әкімі Жандарбек Далабаев жоспарға сай аудан тұрғындарының жеке өтініш-тілектері бойынша кезекті қоғамдық қабылдау өткізіп, 30 жуық қарасайлықтың мұң-мұқтажын тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Барлық бөлім басшылары қатысқан жиында тұрғындар, негізінен, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, жер алу, көшелердегі жол мен жарықтың жоқтығы, атаулы әлеуметтік көмек алу, жұмысқа орналасу және басқа да мәселелер бойынша өтініштерін білдірді.
Аудан басшысының қабылдауына бірінші болып кірген Әйтей ауылдық округіне қарасты «Арай» саяжайының тұрғыны Камар Тукаева «үш жылдан бері үй кезегінде тұрмын, қашан аламын» деген сұрағын қойды. Сауал иесі 2018 жылдың 14 наурызынан бастап, «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбилеуші отбасылары» санаты бойынша тіркелген, қазіргі таңда кезегі №900 болып тұр екен. Оған Жандарбек Ермекұлы бүгінгі күні ауданда тұрғын үйлер берілмей жатқанын түсіндіріп айтты. Алдағы уақытта ауданда бағдарлама бойынша пәтерлерді кезекке сәйкес беру жоспарда тұрғанын жеткізді. Бұл жолғы қабылдауға келген тұрғындардың басым бөлігі осы мазмұндағы сұрақтар болғандықтан, аудан әкімі олардың әрбірін жеке қабылдап, толыққанды жауап берді.
Одан кейін қабылдауға кірген белсенді, «Тұрар» саяжайының тұрғыны Шолпан Мұсабаева бірқатар мәселені көтеріп қана қоймай, өз ұсыныстарын жеткізді. Айтуынша, ол тұратын жергілікте мекенде аялдама, дәрігерлік амбулатория, дүкеннің жоқтығы тұрғындарға қаншама жылдан бері қолайсыздық тудырып келеді екен. Шолпан Миндигалиқызы «егер жер телімі берілсе, сол ғимараттарды өзім салатын» деген ойын білдірді. Аудан басшысы мұндай азаматтарды қолдау қажеттігін айтып қана қоймай, бос жерді жақын уақытта тауып беруді өзінің орынбасары Қанат Айманов пен Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Алпамыс Айдаровқа тапсырды. Ал, аталған аумаққа аялдаманы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айдар Жақанбаев аудан әкімінің тапсырмасымен бір аптаның ішінде салуға уәде берді. Келесі кезектегі Қаскелең қаласының тұрғыны Күлайхан Саденова өзі тұратын Құрманғазы көшесінде автомобиль жолының нашарлығын және жарықтың жоқтығын айтып шағымданды. Жандарбек Ермекұлы аталған көшенің жөндеу жұмыстарының түрлері мен құнын анықтайтын сметалық құжаттама әзірленгенін және биыл жасалатынын айтты. Ал, жарық бағаналарын орнату мәселесін шешу келесі жылға қалатындығын түсіндірді.
Жалпы, жиында аудан тұрғындары өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, сол салаға қатысы бар бөлім өкілдерінен жауап алды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.