Қазақстанда «101», «102», «103», «104», «112» сияқты шұғыл көмек көрсетудің байланыс нөмірлері тұрғындардың өтініштеріне назар аударып, әрбірін жедел шешуге арналған. Ал осылардың қатарындағы «109» бірыңғай орталық қызметін көпшілік біле бермейді. Бұл жоба елімізде 2018 жылы Астана қаласында іске қосылып, одан кейін әр өңірлерде жүзеге асырыла бастады. Алматы облысында бұл қызмет 2024 жылдан бері жұмыс істейді.
«109» бірыңғай байланыс орталығы – халық пен билік арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге бағытталған қызметтің бір түрі. Мұндай қолжетімді ақпараттандыру жұмысы Алматы облысында 2024 жылдың 1 қарашасынан бастап іске қосылған. Орталыққа облыстың кез келген тұрғыны қоңырау шалып, өңірдің ахуалына қатысты сұрақтарын жолдауға болады. Ал бірыңғай қызмет нөмірі осы өтініштерді қарастырып, сауалдарды тиісті мекемеге жолдайды. Осылайша мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етіп, халықтың талап-тілегіне назар аударады.
Жақында аталған жобаның жұмысы жайында Алматы облысы бойынша «109» бірыңғай байланыс орталығының басшысы Ермек Ибрагимовпен тілдесудің сәті түсіп, осы қызмет түрінің мақсат-міндеттері мен қандай сауалдар ерекше ескерілетіні жайында сөйлескен едік. Айтуынша, «109» байланыс орталығы 2024 жылы алғаш Қонаевта жұмысын бастап, 2025 жылы облысқа қарасты бүкіл аудандарда қызмет ететін деңгейге жеткен.
– «109» бірыңғай байланыс орталығына соңғы екі жылдың ішінде тұрғындардың тарапынан 70 мыңнан астам өтініш түсті. Олардың бәрі толық қабылданып, тиісті мекемелерге жолданды. Қызметтің мақсат-міндетіне сәйкес көбінесе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты сұрақтарға көп мән беріледі. Сонымен қатар көше жарығы, жолдарды жөндеу, су мен жылу жүйелері бойынша сұрақтар да ескеріледі. Жалпы айтқанда, осы және өзге де елді алаңдататын, өңірдің ахуалына байланысты мәселенін бәрі тәулік бойы қарастырылады, – деді Ермек Навлетжанұлы.
Облыстағы «109» қызметіне жауапты басшының тағы бір сөзіне сүйенсек, бұл орталыққа жолданатын өтініштердің ішінде көп қарастырыла бермейтіндері де бар. Олар – денсаулық сақтау мен құқық қорғау органына тиісті жайттар. Себебі аталған салаға қатысты мәселелер көбінесе күрделі болып келеді.
Айта кетейік, «109» бірыңғай байланыс орталығына дәл осы нөмір арқылы қоңырау шалып қана қоймай, оның әлеуметтік желілеріне де жазбаша өтініш қалдыруға болады: инстаграм парақшасы –
@almobl.109, телеграм арнасы – @konaev_109_bot, WhatsApp нөмірі – 8-771-7-109-109.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

