Қарасай ауданында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуші жастарды күзгі әскерге шақыру науқаны қарқынды түрде басталды. Соған сәйкес аптаның сәрсенбісі күні ауданның жас сарбаздарды шығарып салу рәсімі өтті. Патриоттық шараға аудан әкімінің орынбасары Азамат Жандосов, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, генерал-майор Амангелді Құрманғалиұлы, отставкадағы полковник Мәлік Калиев сынды ауданымыздың құрметті ардагерлері, сондай-ақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, майор Ерлан Абдықалықов және борышын өтеуге аттанған жастардың ата-аналары мен жақындары қатысты.
Салтанатты жиынның алғашқы сөзін алған аудан әкімінің орынбасары Азамат Серікұлы жас сарбаздарды айтулы сәтпен құттықтап, олардың алдағы жауапты қызметтеріне сәттілік пен төзімділік тіледі. Сондай-ақ ол өз сөзінде биылғы күзгі әскерге шақыру науқанының барысы мен жоспарлы көрсеткіштердің орындалу барысына тоқталып өтті.
– Қарасай ауданы бойынша 2026 жылдың күзгі әскерге шақыру науқаны аясында ел қорғанысының әртүрлі құрылымдарына белгіленген тапсырмалар жоғары деңгейде орындалуда. Атап айтар болсақ, ҚР ҰҚК Шекара қызметіне 50 азаматты жіберу тапсырмасы берілсе, бүгінгі күнге дейін бұл меже артығымен орындалып, 55 жас шекара шебіне аттанды. Мемлекеттік күзет қызметіне 5 адам жоспарланған болатын, бұл бағытта да сапалы іріктеу жүргізіліп, 10 азамат әскери қызметке жөнелтілді. Ал ҚР Ұлттық ұланының қатарына 120 адамды орналастыру міндеті қойылса, қазіргі таңда 130 азамат сенім үдесінен шығып, жол тартты. Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сабына ауданымыздан 300 азаматты жіберу жоспарланған. Бүгін осы айтулы міндеттің шеңберінде алғашқы топты әскери қызметке шығарып салу рәсімін өткізіп отырмыз.
Сіздерге үлкен жауапкершілік пен зор сенім артылып отыр. Өйткені сіздер еліміздің жарқын болашағы, тәуелсіз Қазақстанның сенімді тірегі мен айбынды қорғанысысыздар. Әскери қызмет барысында ҚР Қарулы Күштерінің абыройын асқақтатып, сіздерге үкілі үміт артқан ата-аналарыңыздың, туған жерлеріңіз пен бүкіл ел-жұрттың сенімін ақтайды деп кәміл сенемін, – деді аудан басшысының орынбасары.
Шара барысында сөз алған ел ағалары мен әскери саланың ардагерлері де аға буынның өнегелі жолын жалғастырушы жас сарбаздарға өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. Генерал-майор Амангелді Құрманғалиұлы мен отставкадағы полковник Мәлік Калиев жастарға әскери өмірдің мектебі шыңдалу мен шыдамдылықтың, шынайы достық пен отансүйгіштіктің мектебі екенін айтып, арнаулы тапсырмаларды жауапкершілікпен орындауға шақырды. Сондай-ақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, майор Ерлан Абдықалықов та жастардың дайындығына оң бағасын беріп, саптық тәртіпті қатаң сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Ата-аналар атынан сөз сөйлеген Зағипа ханым аналық ақ батасын беріп, ұлдарының аман-есен борыштарын өтеп, абыроймен оралуын тіледі.
Жас сарбаздарды алда жаңа орта, жаңа міндеттер мен ел қорғаудай үлкен жауапкершілік күтіп тұр. Шараға қатысушылар оларға әскери тәртіпті қатаң сақтап, командирлердің бұйрықтарын мүлтіксіз әрі жауапкершілікпен орындауды, өзара ынтымақ пен достық бірлікті ту етіп, кез келген жағдайда ел намысын бәрінен де жоғары ұстауды аманаттады.
Салтанатты жиынның соңы аудан өнерпаздары дайындаған арнайы концерттік бағдарламаға ұласты. Талантты орындаушылар патриоттық әндер мен жігерлі әуендерді әуелетіп, отанқорғаушыларға көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше рух сыйлады. Шара соңында жас сарбаздарға естелік сыйлықтар табыс етіліп, қазақтың байырғы қонақжай дәстүріне сай ақ тілекпен ыстық бауырсақтан дәм татқызылды.
Айта кету керек, әскерге шақырылған әрбір азамат аттанар алдында жан-жақты медициналық тексерістен, психологиялық тестілеуден және арнайы кәсіби іріктеу кезеңдерінен толық өтеді. Тек тиісті талаптарға сай келген жастар өзінің дайындығына қарай Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлықтағы әскерлері мен басқа да әскери құрылымдар қатарына қабылданады.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

