РАЙЫМБЕК АУДАНЫ
2018 жылы Прези-денттің Жарлығымен Алматы облысының аумағынан жаңа аудан құрылғаны тарихтан белгілі. Ол – Райымбек ауданы. Өрісі кең өңір жеке дара аудан болып, әр сала бойынша дамуын тоқтатқан емес. Оның ішінде мәдениетті деп айтуға болады.
Аталмыш ауданның өнер өлкесі жақсы жағынан алға жылжып келеді. Бүгінде мұнда 9 Мәдениет үйі, бір ауылдық клуб, 9 кітапхана жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Одан бөлек ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мұраларын насихаттайтын оның атындағы әдеби-мемориалды музей де бар. Қарасай мен Текес ауылдарындағы өнер мектептерінің мәдениет саласына қосып жатқан үлесі де зор.
Бұл аталғандардан бөлек театрсүйер қауымын қуантудан жалықпайтын «Хантәңірі» халық театырын, «Алтын қазына» әжелер ансамблін, Текес өнер мектебінің жанынан құрылған «Ақ толқын» фольклорлық-этнографиялық ансамблін ерекше атап өткен жөн. Бірлігі жарасқан ұжымдар да ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, өнердің қасиетті екенін ұғындырып келеді.
Расымен де, жоғарыда атап айтқанымыздай Райымбек ауданының мәдениет саласы жақсы дамып келеді. Өткен жылы ауданға қарасты Қақпақ ауылындағы Мәдениет үйінің күрделі жөндеуі басталса, биыл ғимараттың іші материалдық-техникалық базамен жаңартылуда. Өнер ордасының пайдалануға берілетін уақыты да алыс емес. Қаншама жылдан бері бос жатқан мекеменің жаңаша үлгіде жаңартылуы аудан халқы үшін тамаша сый болары сөзсіз.
Райымбек аудандық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Сүмбе, Жамбыл ауылдарынан жаңадан тұрғызылған Мәдениет үйлері биыл пайдалануға берілмек. Бұл жергілік халық үшін жағымды жаңалыққа айналмақ.
Сонымен қатар, ауданға қарасты Сарыжаз, Шәлкөде және Тегістік ауылдарындағы Мәдениет үйлері апатты жағдайда деп танылып, оны бұзу жөнінде қорытындысы алынған. Қазіргі уақытта облыстық құрылыс басқармасы арқылы аталған елді мекендерде заманауи типтік Мәдениет үйлерін салуға жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Келешекте осы ауылдардан да жаңа Мәдениет үйлері бой көтеріп, ел игілігі жолында қызмет етпек.
Д. МУХАМАДИ.