Биыл қазақ халқының екі бірдей алыбы – Әбунәсір әл-Фараби мен хакім Абайдың мерейтойлары. Яғни, әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Абайдың 175 жылдығы.
Ұлы ақын Абайдың 175 жылдығы біздің ауданда да аталып өтілуде. Жақында М.Ғабдуллин атындағы мектепте «Абай дара, Абай дана қазақта» деген тақырыпта аудандық семинар болды (директоры Т.Әлиева). Осы күні аталған мектепте бірнеше мұғалім ашық сабақ өткізді.
Сондай ашық сабақты «Абай және музыка» деген тақырыпта мұғалімдер Сұлтанақынова Союзхан мен Гүлзира көрсетті. Бұл кіріктірілген сабақ екен. Тақтада Абайдың суреті ілінген, видеоролик қолданылды. Оқушылар мерекеге арналған әдемі киімдерімен ұстаздарымен қосылып, баянның сүйемелдеуімен Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін тамаша орындады, кеуделерінде Абайдың суреті тағылған.
Оқушылар Абайдың бірнеше өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқып шықты. Абай күй де шығарған. «Май түні» күйін тыңдадық. Семинар соңында «Абай дара, Абай дана қазақта» деген тақырыпта тамаша әдеби кеш болды.
27 ақпан күні Шалқар орта мектебінде Абайдың 175 жылдығына арналған өте жақсы іс-шара өтті (директоры Т.Қасымбекова).
Бұл кеш «Ханшайым» би тобының орындауындағы «Қазақ биімен» ашылды. Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін Н.Серікқали айтты. Оқушылар ата-аналарымен бірігіп, Абай өлеңдерін мәнерлеп оқығандарын видеоролик арқылы көрсетті.
Абай өлеңдерін бес оқушы қазақ, орыс, ағылшын, француз, түрік тілінде жатқа оқып шықты. Абайдың табиғат лирикасына арналған «жыл мезгілдерінің» сахналық қойылымын 3,4,5,6 сынып оқушылары көрсетті (ақ, сары, жасыл, қызыл, көк түсті киімдерін киіп шықты). «Ескендір» поэмасы бойынша сахналық қойылым болды. Осындай сахналық қойылым «Евгений Онегин» деген тақырыпта да көрсетілді. Абайдың әндері шырқалды.
Абай – қазақ халқының ғана ақыны емес, ол бүкіл дүниеге әйгілі, әлемдік тұлға.
«Замандар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» дейді Елбасымыз. Бұл – айнымас шындық.
Шара ҚАНАТҚҰЛҚЫЗЫ,
халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
қоғамдық бірлестігінің Қарасай
аудандық филиалының төрағасы.