Көк байрағымызда өрнектелген байтақ елдің еркін құсын кешегі бабаларымыз олжа алатын қолғабысқа айналдыра білген. Қазақ тарихында тамыры тереңге тарап, ұлтымыздың қанына сіңген ата-бабамыздың бұл өнері бүгінде ұлттық ойынға айналып, халық арасында кеңінен насихатталуда. Елімізде түрлі халықаралық, республикалық, облыстық жарыстар ұйымдастырылып, оны дәріптейтін шаралар өткізілуде. Оған дәлел – жуырда Еңбекші ауданына қарасты Төле би ауылының аумағындағы «Қыран» дәстүрлі аңшылық орталығында құсбегіліктен өткен «СОНАР – 2023» халықаралық турнирі.
Аталған іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген құсбегілермен қатар, Қытай, Моңғолия және қырғызстандық құс баптаушылар да қатысты. Олардың арасында қыранын баптап, сайын далада саят құрып, қанжығасын майлап жүрген құсбегілер, халықаралық және әлемдік жарыстардың жеңімпаздары болды. Ұлттық өнердің жарқын көрінісіне айналған байқау жалпы айтқанда 100-ден астам адамның басын қосты, оның ішінде: 70-і бүркіт, 18-і қаршыға, 24-і ителгі.
Бір айта кетерлігі, турнирде жас шектеуi болған жоқ. Жарысқа үлкені де, кішісі де, тіпті бүкіл әулетімен қатысқандар да болды.
Шараның ашылу салтанатында Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Алтай Досымбаев құттықтау сөз сөйлеп, бүркітпен аң аулау ертеден келе жатқан таңғажайып ұлттық дәстүр екенін атап өтті.
– Соңғы жылдары елімізде көшпенді ата-бабаларымыздың жыртқыш құстармен аңшылық жасау өнері белсенді түрде жандануда. Құсбегілер сайыстары халқымыздың жаңа тарихының мәдени парағына айналды. 2010 жылы жыртқыш құстармен аңшылық ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енді.
Биыл 25-ші рет өткізіліп отырған бұл шараны өткізу ерекше өзекті болып отыр, өйткені Қазақстан – ұзақ тарихы бар, ұмытуға құқымыз жоқ дәстүрі мен әдет-ғұрыптары бар ел. Сондықтан біз бірінші кезекте өскелең ұрпақтың бойына осы ұлттық құндылықтарымызды дарытып, тарихымызды, Ұлы даланың рухани байлығын насихаттап, мақтаныш және патриоттық сезімде тәрбиелеуіміз керек – деді аудан басшысы.
«Бүркіт», «Қаршыға» және «Ителгі» сынды үш номинация ойнатылған додада құсбегілер мен олардың үй жануарлары көне ұлттық аңшылық өнердің үздігі атану үшін үлкен құштарлықпен күресті.
Байқау дәстүрлі түрде бірнеше кезеңде өтіп, оның барысында аңшылар жыртқыш құстарымен өз өнерлерін көрсетті. Турнир қатысушыларына қойылатын талаптар қатаң болды. Мұнда қыран құстардың шеберлігі ғана емес, құсбегінің спорттық киімі, жабдықтары, құстың тұлғасы, күйі, сипаты мен ерекшеліктері бағаланып, құстардың құжаттары толықтай тексерілді.
Сайыстың бірінші кезеңінде қазылар алқасы алдымен құстың тек бабына ғана емес, саятшының киім үлгісі мен құрал-сайманын бағалады. Мұнан кейін іріктеу сайыстары басталып, киелі құстың иесіне бағынуы пысықталды. Яғни, көкте самғаған бүркіт айналып келіп иесінің қолына қонуы шарт. Келесі кезеңде, ат еріне бекітілген арқанда түлкі терісі байланды. Томағасы сыпырылған бүркіт оны көрген бойда жылдам тырнақ астына алуы қажет. Бүркітпен аң аулау саятшылықтың көнеден келе жатқан түрі. Сайыстың соңғы шешуші кезеңі аңшылықтың салтына сай келіп, қанаттылар тірі аңды құрығына түсіруден сынға түсті. Мұнда жеңімпаз бірнеше критерий бойынша анықталды. Қазылар алқасы ең алдымен құстың өзінің жылдамдығына, сұлулығына және аншылық өнеріне қарады.
Турнир қорытындысы бойынша бүркіт сайысында Атырау облысының құсбегісі Арман Қошқаров «Нарын» атты бүркіт құсымен жеңімпаз атанса, екінші орын Жамбыл облысынан келген Серікбосын Жалғасұлының «Жаңқиярына» бұйырды. Жүлделі үшінші орынды Алматы облысының құсбегілері Мақұтбек Қамбарбаевтың «Ақбалағы» мен Жандос Сұлтанғазының «Мұзбұлағы» еншіледі.
Қаршыға сайысында Жамбыл облысының тумасы Берікболсын Бабажанның «Қоймасы» жеңімпаз атанса, Түркістан облысынан келген Төлемырза Паңның «Шипогі» екінші орынды қанжығасына байлады. Ал, Алматы облысының құсбегілері Абылай Жапардың «Көкжендеті» мен Айдар Бекмұханбеттің «Тұмар» үшінші орынды өзара бөлісті.
Ителгі сайысында елордалық Ерасыл Серікбекұлының «Қаракөзі» үздік атанды. Екінші орын Қарағанды облысының құсбегісі Таңат Оспанқұловтың «Бұл-Бұлының» еншісіне бұйырды. Ал жүлделі үшінші орыннан Таңат Оспанқұловтың «Тұмары» мен Түркістан облысынан келген Дәурен Аршынбайдың «Қаракөзі» көрінді.
Жарыс қорытындысына сай жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамота, медаль, кубок және қаржылай сертификаттармен марапатталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Еңбекшіқазақ ауданы.