Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Иә, рухани жаңғыру – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, әдеп-ғұрпымызды, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту.
Осы жерде айтар бір мәселе – қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Сондықтан да біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінгі тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.
Расында, жастайынан дін мен дәстүрімізді, тағылымды тарихымызды оқып, жақсылығынан сусындап өскен ұрпақ теріс ағымдар мен жат мәдениеттің жетегінде кетпейді.
Салт-дәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі берік болмақ.
Жеке адамның халықтық тұлғаға айналатындығын ата-бабаларымыз ертеден жете түсінген. Батырлықтың, шешендіктің үлгі-өнегесін көрсетейін тума талант иесі болып, ұлт өнерінің тарихта терең арнасын қалдырудың өзі қазақ баласының жасампаздық рухының биіктігін көрсетеді. Ал, ұлтына игілік әкелетін жасампаздық қасиет бұл жаңашылдыққа бейім, өресі биік адамның ғана қолынан келмек. Сырттан келетін, елді әлсірететін, ең соңында елді тәуелсіздіктен айыратын нәрселерге қазақ жастарының рухани деңгейімен қарсы тұруы ауызбіршіліктің, ұйымшылдықтың арқасы, әрі биік білімі арқылы саясаты мен тәжірибесі күшті жаумен иығын теңестіре білуінде жатыр. Бұл жас та болса қазақтың ұл-қыздарының заманынан қалмай болашақты зерделеп, ұлттық мүдде деңгейінде ойлана алатынын көрсетеді.
Әр заманның ұрпаққа қояр өз талабы, міндеті бар. Ел мәдениетінің, мемлекеттің жүйелі түрде дамуы ұрпақтың уақыт талабына, руханиятына икемделуінсіз жүзеге асқан емес.
Ұлттың тарихи санасының қалыптасуы негіздерінің өзінде уақыт талабына бейімделу, мәдени ортаны қалыптастыруға деген ұмтылысы жатуы керек.
Бүгінгі ұрпақ үшін рухани жаңғыру ұлттық қасиеттеріне ие болу және мәдениеттілікті, еңбек пен білімді ұштастырып, кез-келген игілікті іске ынта мен жігерді танытып, қабілеттілікті көрсете білу, өмір жолында өз ісіне адалдық танытып, өзіне бағындырған құндылықтарды халықтың игілігіне айналдыра алатын деңгейге қол жеткізу, сол арқылы мемлекеттің мүддесіне, ұлтының болмысына күш беру. Осы тұрғыдан алғанда өскелең ұрпақтың бойына рухани тәрбиені сіңірудің басты бағытының бірі ретінде Наурыз мерекесінің орны ерекше екенін атап айтқанымыз дұрыс.
Ал, Наурызды – көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болуымен бірге, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі, өнерлі азамат тәрбелейтін ұлттық мейрамымыз деуіміз керек.
Наурыз (парсыша «нау» – жаңа, және «руз» – күн) – жаңа жылдың бірінші күні, көктемнің басы, жаңару күні. Қазақтар бұл мейрамды әз-Наурыз мейрамы деп те атайды.
Наурыз – анығын айтар болсақ, әлемдегі ең көнеден келе жатқан мейрамдардың бірі. Наурыз мейрамы заманауи діндер мен көптеген мемлекеттер пайда болғанға дейін шамамен 5 мың жыл бұрын дүниеге келген.
Наурыз – көктемгі күн мен түннің теңелетін күні. XI ғасырдың өзінде ұлы ғалым әрі ақын Омар Хайям жұлдыздар мен шоқжұлдыздардың толық циклды аяқтағаннан кейін, дәл осы кезде өзінің бастапқы жүру нүктесіне келіп, жаңа жолды – шеңберді қайта бастайтынын байқады.
Осынау әр адамның жанын жадыратып, жүрегіне ізгілік нұрын құятын бұл ежелгі мереке күнәдан тазару, киім-кешектерді тазарту, үйді тазарту, жамандықтан және өшпенділіктен тазару мерекесі ретінде де атап өтіледі. Ол адамдарды басқалардың күнәлары мен жамандықтарын кешіруге шақырады. Сондай-ақ, бұл күні шығыс елдері екі арадағы кез-келген соғысты тоқтатқан. Ал, қазақ ақсақалдары мерекеде араздасқан ру-тайпалармен татуласатын болған.
Қазақ халқы ерте заманнан бері осы күнді ерекше сезіммен қарсы алған. Қыстан күйзеліп шыққан, аузы аққа тиген ел Құдайға шүкірлік айтып, мереке қылған. Ағаш отырғызу, ұлттық тағамдарды әзірлеу, түрлі спорт ойындарын өткізу арқылы халқымыз бұл күннің құрметіне бір-бірін құшағына алып, төс қағыстырып, қайта жарасып жатқан, адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып, өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Дастарханның басты асы наурыз көже болған. Көже ішу жыл бойы тоқшылық болудың белгісі саналған. Дастархан басында жастар үлкендердің батасын алған. Атам қазақ әз-Наурыз мерекесінде «Ақ мол болсын!», «Жаратушымыз жарылқасын!» деп, ізгі тілектерін айтқан.
Наурызда туған балаларға есім берілуінің де зор мән-мағынасы болған. Есім берілу кезінде оларға мерекеге байланысты ат қойылған. Осындай ұқсас атпен аталған көптеген батыр бабаларымыз бар екені де белгілі. Солардың бірі Наурызбай Құтпанбайұлы (1706-1781) – жоңғарға қарсы күрескен батыр, Наурызбай Қасымұлы (1822-1847) – Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі, Кенесарының інісі. Наурыз хан (туған жылы белгісіз – 1360) Алтын Орданың Батый тұқымынан шыққан соңғы ханы. Сондай-ақ, ел арасында Наурыз, Наурызгүл, Наурызбек, Наурызәлі, Наурызжан және басқа да есімдер көп таралған.
Наурыз мейрамына байланысты мынадай атаулар бар: Наурыз күні, Наурыз айы, Наурызнама, Наурызкөже, Наурыз тойы, Наурыз жыры, Наурыз жұмбақ, Наурыз бата, Наурыз тілек, Наурыз төл, Наурызкөк, Наурыз есім, Наурыз шешек, Наурызша, Әз, Қыдыр, Саумалық, Мұхаррам (тыйым), Самарқанның көк тасы.
Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде (1920-25) шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып Наурызды тойлауға тыйым салынған болатын. Бірақ, Қазақстанның бар аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды.
Қазақтың төл мерекесін өзіне қайта сыйлағандардың бірі – әйгілі қазақ ақыны Мұхтар Шаханов. 1988 жылы Мұхтар Шаханов Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысына хат жазып, осы мерекені қайта жандандыруды сұраған еді. Хат мәтінінде: «Геннадий Васильевич, желтоқсан оқиғалары екі ел арасында жік қалдырды. Қазақтар Сізге жек көрінішпен қарайды. Егер Сіз Наурыз мейрамын жандандыруға көмектесетін болсаңыз, онда барлық қазақтар Сізге басқа көзқараспен қарайтын болады» делінген. Сонда Колбин Горбачевты көндіруге уәде береді. Сөйтіп, 1988 жылдан Наурыз мейрамы Алматы қаласында, республиканың көптеген аудандарында, ал 1989 жылдан бастап Қазақстанның барлық облыстарында жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады.
Тәуелсіздік алған күннен бастап еліміздің рухани құндылығы, салт-дәстүрі, діні мен тілі қайта жаңғыру мүмкіндігіне ие болды.
1991 жылы наурыздың 15-інде Қазақ ССР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы шығып, Наурыздың 22-сі халықтық мереке «Наурыз мейрамы» болып жарияланды.
2009 жылдың 24 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне «Наурыз мейрамы» деген мәртебе берді.
2010 жылғы 19 ақпандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сессиясында «Әлем мәдениеті» бағдарламасының 49-тармағына сәйкес, «Халықаралық Наурыз мерекесі» деп аталатын қарар қабылданды. Сөйтіп, мереке БҰҰ-мен мойындалды
Қазақстанда бұл мейрамға ерекше көңіл бөлінген, себебі, ол елімізде өмір сүріп жатқан сан халыққа ортақ мереке. Наурыз мемлекет қолдауымен тойланады, демалыс жарияланып, барлық қалалар мен елді мекендер үлкен дүбірлі той орталығына айналады.
Осы ұлы мерекеде ұлтымыздың нақыштары анық байқалады: қалаларда киіз үйлер тігіліп, қазандарда наурыз көже піседі. Тойға жиылған қауым бір-бірімен жүздесіп, ренжіген жағдайлары болса, кешірім жасайды. Қалың көпшілік наурыз көжеге тойып, ұлттық тағамдар – қазақша ет, қуырдақ, бауырсақ, ақтан дәм татады. Мерекелік күнде қалалар мен ауылдарда ойын-сауықтар (ат жарыс, теңге алу, палуан күрес және т.б.) өтіп, кеш жастардың «ақсүйек» ойынымен аяқталады, бойжеткендер мен бозбалалар алтыбақанда ән шырқайды. Бұл мереке кезінде салт-дәстүрмен толық танысып, ұлттық тағамдардан дәм татуға болады. Еліміздің батыс аймақтарында Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталып, айдың соңына дейін созылып, «Амал» деп аталады, осы мейрамның дәстүрлі элементі – «Көрісу». Бұл күні адамдар қол алысып қауышады. Сонымен бірге, барлығы «Жаңа жыл құтты болсын!» деп амандасады.
Құт дарыған, ынтымағы жарасқан көп ұлтты Қарасай ауданы да Наурыз мерекесін әр жылы көтеріңкі көңілмен, шаттық-думанмен атап өтеді. Аудандағы барлық елді мекендер мен мекемелер Ұлыстың ұлы күнінде ұлтымыздың салт-дәстүрлерін дәріптеп, тойлайды.
Ендеше әрбiр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! Ұлыстың Ұлы күнi құтты болсын! Әрдайым береке-бірлікпен жақсылыққа жете берейік, ағайын!
Орынбасар ЖАНӘДІЛ,
ардагер ұстаз, өлкетанушы, Қарасай ауданының Құрметті азаматы.