Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаев әдеби-мемориалды музейінде «Бірлігіміз жарасқан» тақырыбында ұлтаралық қатынасқа арналған жиын болды. Аудандық «Қоғамдық келісім» мекемесінің бастамасымен, Шолаққарғалы ауылдық округі мен аталған музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен шарада түрлі ұлт өкілдерінің жарасымды тірлігі паш етілді.
Кездесуді жүргізу тізгінін қолына алған қоғамдық келісім ұйымының жетекшісі Айман Кенженбаева қазіргі таңда Қазақстандағы ұлттар татулығына барынша көңіл бөлінгені және ауданның барлық елді мекенінде ұлтаралық қатынасқа арналған әртүрлі іс-шара болып жатқандығына тоқталды. Ү.Кәрібаев музейінің меңгерушісі Әуелбек Ысқақов Үмбетәлінің ұлттар достығына арнаған жырларынан үзінді оқыды. Ақын шығармашылығында кезіндегі КСРО ұлттары және әлемдік ұлттар достығы жайлы кеңінен жырланған. Оның айғағы – Ү.Кәрібаевтың «Қырғыз досыма», «Орыс халқына», «Ұлттардың Қазақстан біреуі біз», «Титовқа», «Чайболсанға», «Украина», «Готвальтқа», тағы басқа өлеңдері.
Тартымды өткен басқосуда ауылдың ақсақалдар алқасының төрағасы С.Қапасов ауыл тұрғындарының ауызбірлігін нығайту жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар Қасымбек ауылынан келген А.Рябинин, Б.Идирисов, үмбетәлілік ұстаз Е.Гусевалар қазақ халқының мейірімділігі жайлы әкелерінен естіген және өздері көзбен көрген сәттер жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Жиын одан әрі 1940-1960 жылдар аралығында Үмбетәлінің әр ұлт өкілдерімен бірге түсіп, музей қорында сақталған тарихи фотосуреттерден құралған «Көне суреттер ұлттар достығы жайлы сыр шертеді» атты көрмесін тамашалаумен жалғасты.
Кездесуге қатысқан ауыл жастары осы іс-шарадан өте жақсы әсер алғандарын айтып, келесі жолы дәл осындай шараны әр ұлт өкілдерінен құралған ауыл жастары арасында өткізсе деген ұсыныс-ниеттерін жеткізді. Жиналған жұртшылық шараны ұйымдастыруға ұйытқы болғандарға ризашылықтарын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Үмбетәлі ауылы,
Жамбыл ауданы.