Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ елінің маңдайына біткен жарық жұлдызы. Ұлтқа қызмет ету жолында қанын да, жанын да аямай тер төккен мемлекет қайраткері атанып, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушылардың бірі болды. Қазақ елін қараңғыдан жарыққа шығару, көзін ашу жолында еткен еңбектері ел санасында мәңгі қалары белгілі. Тұтас буынның ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының алғашқы кітабы «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрді. Қазақ әдебиетінде Абайдан басталған жаңа арна 2 мысал жанры Байтұрсынұлының «Қырық мысалымен» орнығып, ұлттық сипат алды. Оның мысалдары әлеуметтік-қоғамдық жағдайды меңзейтін оқиғалардың, адамдар психологиясынан хабардар ететін ғибратты тұжырымдардың молдығымен ерекшеленеді. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жастарының рухани көсемі болды.Оның «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі болып саналады. Ұлт көсемі жөнінде зерттеу барысында оның тек әдебиет саласында ғана емес,қазақ тіл білімінің дамуына қосқан үлестерінің зор екенін байқаймыз. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор. Байтұрсынұлы әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасаған.Тізе берсек шегі мен шеті көрінбестей болатын еңбектер иесі болған Ахмет Байтұрсынұлы қазақ мектептерінің мұқтаждығын өтеу мақсатында қазақ тілін пән ретінде үйрететін тұңғыш оқулықтар жазды. Оның үш бөлімнен тұратын қазақ тілінің тұңғыш «Тіл – құрал» атты оқулығының фонетикаға, морфологияға және синтаксиске арналған бөлімдері жарық көрді. Оның «Әдебиет танытқыш» деген зерттеу еңбегі әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасады. Сондай-ақ, ол – әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым ретінде елінің жадында сақталды.Ахмет Байтұрсынұлы ұйымдастырып, бас редактор болған «Қазақ» газеті қоғамдық ойға ірі қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкелді. Ол әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист ғалым. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар беріп отырды. Соңынан ерген ұрпақтары ақынның еңбегін ескерусіз қалдырған емес. Оған дәлел – ұлт көсемінің атына берілген көшелер, мектептер және 1998 жылы Алматы қаласында ашылған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мұражай. Артында осыншама еңбек қалдырған қайраткердің өмірімен,шығармашылығымен негізінен біз мектеп кезеңінен таныспыз.Алайда ақынның шым-шытырық өмірін,саналы ғұмырын жете зерттеуге ,еңбектерінің мәні мен маңызын түсінуге мұмкіндік бізге енді ғана берілгендей.Олай деуімнің себебі Қазақ ұлттық университетінің,филология және әлем тілдері факультеті студенттерінің осы Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік,ғылыми-зерттеу орталығына өндірістік тәжірибеден өтуге жіберілуі және ақынның атындағы мұражайға барып көптеген ақпараттармен танысуымыз. Жеттекшілік еткен оқытушыларымыз Шоқан Шортанбайұлы, Ләйлә Мекебаева, Айжан Есентаева және Ахмет Байтұрсынұлы мұражайының директоры Райхан Сақыбекқызының көмектесіп, жол көрсетулері негізінде бұрын білмеген жаңа ақпараттарға қанығып, көптеген өмірлік тәжірибелерді бойымызға сіңірудеміз.
Ақгүл Есенгелді,
ҚазҰУ,филология факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенті.
Ләйлә Мекебаева,
ф.ғ.к.,аға оқытушы