3 ақпанда Қарасай аудандық қоғамдық кеңесінің биылғы алғашқы отырысы болып, оның жұмысына аудан әкімі Жасұлан Естенов қатысты. Алдымен кеңес төрағасы Жанат Исағұлов оның мүшелерін аудан басшысына таныстырды.Сондай-ақ өткен жылғы атқарылған істер жайында қысқаша баяндап, қоғамдық кеңесте құрылған сұрақты комиссиялардың қай бағытта жұмыс істейтінін айтты.
Мұнан кейін аудан әкімі Жасұлан Естенов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп, хабарлама жасады.
– 2022 жылы ауданда Президентіміздің халыққа Жолдаулары мен бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғастырылып, экономикалық дамуда тұрақтылық сақталды, – деп бастады өз сөзін Жасұлан Тоққожаұлы. – Біршама жетістікке қол жеткізіліп, табыс молайды. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жоғарылап, міндеттер мен тапсырмалар толық орындалды. Өнеркәсіп өндірісі 531,1 млрд. теңгеге жетті, яғни, 34,8 % өсті, ауыл шаруашылығында 88,5 млрд. болса, өсім 2,2 %, құрылыс жұмыстары 79,6 млрд. теңге, өсім 19,5 % болды. 163,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, ондағы өсім 10,7 % құрады. 213, 8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсімі 1,8 % құрады. Бөлшек тауар айналымы 193, 7 млрд. теңгені құрап, 100 % орындалды. Дегенмен, ет өндіру көлемі аздап азайған. Алда соны өсіру жолдары қарастырылуда. Барлық жұмыс негізінен ауданның өзекті мәселелерін шешуге және халықтың әлеуметтік жағдайын, әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Бұл үшін жаңа кәсіпорындар мен тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Осыған орай алдағы жылдары жалпы құны 195 млрд. 120 млн. теңге болатын 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 4850 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде.
Аудан басшысы, сондай-ақ басқа да жоспар-жобалар жайында айтып, ауылшарушылығының жай-күйіне тоқталды, салық және басқа да міндетті төлемдер бойынша бюджеттік кірістің 101,6 % орындалғанын жеткізді. Сонымен қатар, үш ауысымдық мектептерді азайту, денсаулық сақтау саласын жақсарту, коммуналдық шаруашылықты ілгерілету, электр қуатымен, газбен жабдықтау, автомобиль жолдары, қоғамдық көліктердің жұмысы, абаттандыру ісі және т.б. көптеген маңызды әрі өзекті мәселелер жөнінде кеңінен баяндап берді.
– Біз жұмысымызды алда да еліміздегі ауқымды саяси өзгерістерді қолдай отырып, – деді сөзін аяқтай келе аудан әкімі, – ашықтық, әділдік, тең мүмкіндікті қамтамасыз ету мен халыққа сапалы қызмет көрсету арқылы аймағымыздың өсуі мен өркендеуі жолында аянбай еңбек етуді жалғастыратын боламыз. Осы ретте сіздердің көмек-қолдауларыңыз да өте маңызды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүргендеріңізге алғыс білдіремін. Жалпы, жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолында алда үлкен міндеттер тұр. Баршамыз да осы мақсатқа сай жұмыс істеп, егемен елдің еңсесін тіктеуіміз, халықтың жағдайын жақсартуымыз керек!
Жасұлан Тоққожаұлы, сонымен бірге кеңес мүшелері, атап айтқанда Жеңіс Бектасов пен Серік Рысмұхаметов, қалған сұрақтарға жан-жақты жауап қайтарды.
Келесі кезекте күн тәртібі бойынша «Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспециясы бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары туралы» бөлім басшысы Ерік Самұратовтың есебі тыңдалды, ол салалардағы істердің жайы жөнінде жан-жақты баяндап берді, бірқатар сұрақтарға жауап қайтарды.
Сондай-ақ, кеңес мүшелері алдында ауданның ветеринария станциясының директоры Сабырбек Мұхтар «Қарасай ауданындағы ветеринарлық-эпизоотологиялық жағдай, қаңғыбас иттер мәселесі және т.б. жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы» хабарлама жасады. Өз сөзінде мекеме басшысы жұмыс барысында туындап отырған біраз проблемаларын да ортаға салды. Осы орайда аудан әкімі Жасұлан Естенов «Бұл айтқаныңыздың бірқатары өздеріңіздің жоғарғы жақтарыңыз шешетін мәселе ғой, сондықтан солардан сұрау керек. Ал ауданға қатыстысын біз қарап, көмектесетін боламыз. Тек істеріңіз сапалы, нәтижелі болсын», – деді.
Аталған мәселе жайында, сонымен қатар кеңес мүшесі «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов та сөз алып, ұсыныс-тілегін білдірді.
Отырыста қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Кеңес төрағасы Жанат Исағұлов аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлына жиынға қатысқаны үшін рахметін айтып, елге арналған қызметіне алда да сәттілік тіледі.
Қоғамдық кеңестің бұл бас қосуына аудан әкімінің орынбасары Рүстам Атшабаров және әкімдіктің бөлім басшылары қатысты.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.