Таяуда аудандық Мәдениет үйінде ауданымыздың тұрғындары әлеуметтік салаға жауапты облыс мамандарымен жиналды. Негізгі тақырып – жақында жарияланған Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын талқылау. Оның ішінде халықтың әлеуметтік жағдайын, қоғамның белсенділігін арттыру сөз етілді. Жиын барысында арнайы келген облыс мамандары, нақтырақ айтқанда, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Жанар Махметова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, әлеуметтік көмек және мүгедектермен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Жансерік Адиахметов, Алматы облысы бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметшісі Қуаныш Маратұлы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Отырыста алғашқы сөз сөйлеген Жанар Махметова жиналғандарға келер жылда зейнетақы жүйесіне енгізілетін өзгерістер жайлы толыққанды айтып өтті. Маманның айтуынша, бірқатар мәселелерге байланысты келер жылдары орташа зейнетақы төлемдері төмендеуі мүмкін. Осы ретте Мемлекет басшысы өзінің Жолдауынла зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру үшін жаңа шаралар топтамасын ұсынды. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 %-нан 70 %-ына дейін, ең жоғарғысы – тиісінше 100 %-дан 120 %-ға дейін кезең-кезеңімен жеткізіледі. Базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51 пайызға дейін артады. Аталған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 %-ға өсіруге (3 жыл ішінде – 109 мыңнан 138 мың теңгеге дейін) және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13% – ды құрайтын болады. Сондай-ақ, еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы алдағы уақытта елімізде қабылданатын әлеуметтік кодекс жайлы да кеңірек айтып өтті.
Ал Жансерік Адиахметов пен Қуаныш Маратұлы болса, жұмыстан айырылған жағдайда, бала күтімі бойынша берілетін бірқатар жәрдемақылар жайында толыққанды ақпарат беруді жөн санады. Бұған қоса, олар 2024 жылдан бастап, 18 жасқа толмаған жастарға Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысынан бөлініп отыратын қаражат туралы, әлеуметтік қауіп-қатер аймағындағы отбасыларды жедел анықтауға және оларға қажетті қолдау шараларын көрсетуге мүмкіндік беретін «Отбасының цифрлық картасы» жобасы жайлы да кеңінен мағлұмат берді.
Жалпы Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған әлеуметтік бағыттарды түсіндіру мақсатында өткізілген шара соңында жиналған зейнеткерлер мен жастар өздерінің бағыттарына байланысты сауалдарын қойып, бірқатар ұсыныстарын айтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.